САЙРАМДЫҚ АҚЫН ТҮЛКІБАСТЫҢ ТӨРІНДЕ

Сайрам ауданының өнерпаздары – Түлкібас төрінде. «Туған жерім-алтын бесігім» қала, ауданаралық мәдениет күндері Түлкібас ауданында бастау алды. Табиғаты көркем Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жерлесіміз, ақын, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Зияда Исатайқызының өмірі мен шығармашылығына арналған «Жүрегі жырдан жаралған» атты бенефис кешін Сайрам аудандық орталық кітапханасының ұжымы өткізді.
Кешті Сайрам және Қазығұрт аудандарының Құрметті азаматы, біраз жыл Сайрам ауданының мәдениеті мен өнерінің дамуына мол үлес қосып басшылық қызмет атқарған , «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» Сейдуалы Темірбаев ашты. Ақжолтай лебізін арнап, жүздесудің ажарын келтірді. Мұнан соң ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, аудандық «Мәртөбе» газетінің редакторы Нұрғиса Төремұратов кеш иесі жайлы өзінің ой-толғамдарымен бөлісіп, құттықтау тілегін білдірді. Кітапханашы Роза Әбдіжаппарова ақын Зияда Исатайқызымен сыр-сұхбат жүргізді. Жүздесуге жиналған түлкібастықтар сайрамдық ақын Зияда Исатайқызын жақынннан таныды деуге болады. Ақынның өлеңдерінен оқырмандар жырдан шашу шашты. Оқырмандарға Зияда Исатайқызының өмірі мен шығармашылығына арналған «Зерделі сөз зергері» атты бейнекөрсетілім көрсетіліп, «Жүрегі жырдан жаралған» атты кітап көрмесі таныстырылды. Сайрам аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары Серғали Мырзабаев пен Досжан Дүйсебаев бенефис кештің көркін қыздырып, әсем ән жолдады. Бенефис кешті Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ақбота Бептенова қорытындылап, Зияда Исатайқызына жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, Түлкібас аудандық мәдениет үйінің фоесінде «Түркістан – тұмар, Сайрам – шежіре», «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» атты кеңейтілген кітап көрмелері Түлкібас ауданы тұрғындарының назарына ұсынылды.
Әділхан Маратұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған