ЖАРАЙСЫҢДАР, ЖЕТКІНШЕК СПОРТШЫЛАР!

Ауданымыздағы біраз жетістікке жетіп жүрген N1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы тағы да сүйінші хабарларымен қуантты. 2023 жылғы 12-16 қазан аралығында Астана қаласында каратэден (WKF) шито-рюден кадеттер арасындағы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ өтті.
Ерекше тартыспен өткен ҚР чемпионатында аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ең мықты деген жасөспірім палуандары бақ сынады. Роман Сарсекуловтың 14-15 жас аралығында шәкірті (54 келі салмақта) Алсу Галиева қарсыластарының бәрін жеңіп, алтын алқаны иеленді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында КСРО спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның данқты қақпашысы Құралбек Ордабаевтың жүлдесіне арналған футболдан 2008-2009 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Дүбірлі додада әдемі ойын өрнегін көрсеткен Сайрам аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрама командасы 3- орыннан көрінді.


Ал 12-15 қазан аралығында Алматы қаласында үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы ҚАЗАҚСТАН КУБОГІ бойынша турнир өтті. Онда Шохрух Абдазимовтың шәкірттері Шахзода Ахмадалиева (2006 жылғы), Шахруза Шавкатова (2010 жылғы) және Нойла Ханиязова (2009 жылғы) командалық есепте 3 – орын алды. Осы үш қызымыз да жанкүйерлерді тамсантты. Бұл-дағы үлкен абырой.


Жүлделі орындарға ие болған спортшылармыз бен жаттықтырушыларымыз Роман Сарсекуловті, Атабаев Алишерді және Шохрух Абдазимовты жетістіктерімен құттықтап, алдағы спорттық додаларда сәттілік тілейміз!
Нұртілек Тұрдымұратов.

(Суреттерде: спорттың үш түрінен жеңімпаз атанған спортшылар)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған