АУДАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ

Ауданымызға сүйінші хабар жетті. Мәдениетіміздің мерейі өсті деген осы. Сонымен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен биылғы 2 қазанда басталған «Ауыл – мәдениеттің бастауы» атты ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар арасындағы облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Оған киелі Сайрам елінің мәдениет саласындағы қызметкерлер мен өнерпаздар да қатысты.Марапаттау рәсіміне басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Ол өз сөзінде:

– Мәдениет ауылдан басталады Талай өнерпаздар ауылдан шыққан. Өздеріңізге белгілі, биыл облыстың құрылғанына 5 жыл. Түркістанымыз көркейіп, заманауи мәдениет нысандары ел игілігіне берілді. Бес жылдық аясында кең көлемде бірқатар шара өткіздік. Соның бірі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі нағыз мәдениеттің үлгісін көрсете білді. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды «Түркістан нағыз мәдениеттің ордасына айналуы керек» деген тапсырма берген болатын. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған осы байқаудың да мақсаты сол, ауыл мәдениетін қолдауға бағытталған. Әлі де жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Әзімхан Серікұлы.

Рас, ауыл мәдениетінің бүгінгі жай-күйі басты назарда. Маусым айында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды да ауылдардағы мәдениет үйлерінің санын арттырып, сапасын көтеру керектігін айтып жүргенін жеткізген болатын.

Ауылдық мәдениет мекемелерінің жұмысына қолдау көрсету, оларды насихаттау, халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту, мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын арттыру мен халық шығармашылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға жалпы 167 мәдениет ошағы қатысты. Оның ішінде 83 ауылдық мәдениет үйі және 84 ауылдық клуб бар. Сайыс талаптары бойынша сол жерде ауылдық мәдениет үйлерінің басшылары және ауылдық клуб меңгерушілері өз жұмысын қорғады.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демей ме, делебесі қызған қазақ?! Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын жақсарту бойынша, олардың жергілікті жерде халық шығармашылығының жанрларына сай түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастыруына, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысуына, мәдениет ошағындағы іс-құжаттарының жүргізілуіне, көркемөнерпаздар ұжымдары мен түрлі үйірмелердің және «Халықтық» атағы бар ұжымдардың жұмыс деңгейіне, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың ішкі және сыртқы көрінісіне (көрермен залы, үйірме бөлмелері мен сахнасы, фойесінің байқауға лайық безендірілуі, әдістемелік бөлмелердің жұмысы), мәдениет ошағының техникалық базасына назар аударды.

Байқаудың нәтижесі бойынша Мәдениет үйлері арасынан Сайрам ауданының Жібек жолы ауылдық мәдениет үйі – (меңгерушісі Пернеев Әбілқасым Абдуллаұлы) 3-орын және ауылдық клубтар арасынан Көлкент ауылдық округіндегі Молыбай Оразалиев ауылдық клубы ( меңгерушісі – Сарсенбаева Айжарқын Әмірбекқызы) жүлделі 3-орынға ие болды. Барша сайрамдықтарды осынау айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз. Мәди Нұрлыбаев басшылық ететін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, денешынықтыру бөлімінің жұмысына тек қана сәттіліктер тілейміз. Алар асуларыңыз көбейе берсін, жерлестер!
Нұрғиса Төремұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған