СПОРТҚА ЖАНЫ ҚҰМАР, МАРАФОНШЫ НҰРБАХЫТ АУДАН МАҚТАНЫШЫ

    Қазақ елінің спортшылары үшін қашанда әлемдік додада топ жару – қанына біткен қасиетпен тең. Қай байрақты бәсекені алып қарасақта, елдің беделін биікке көтерер спорт саңлақтардың саны жетіп артылады. Олардың арасында біздің ауданнан жасындай жарқырап жүрген, астын сызып тұрып көрсететін есімдердің де аталып жүргені баршылық. Солардың бірі Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылдық округінде тұратын, спортқа жаны құмар, марафоншы Қамбарбек Нұрбахыт Бегежанұлын айтуға болады.
Нұрбахыт Ақбұлақтағы Ә.Құрмантаев атындағы жалпы орта мектептің түлегі. Бала кезден ден қойып, көп күш-жігер жұмсасаң ғана спортта жетістікке жете аласың. Бірақ, бұл салаға кеш келсе де, Нұрбахыт спортшы боламын деген мақсатына жету үшін биік межелерді бағындыруға бел байлайды.
Бүгінде додаларда топ жарып жүрген жас марафоншының спортқа деген қызығушылығы 12 жасынан басталған екен.
– Алғашында еркін күрескепен шұғылданып жүрдім. Кейін карантин уақытында спорт залдардың көпшілігі жұмысын тоқтатуына байланысты жүгірумен айналыстым. Исмаилов Серік есімді ағамыз бар. Жүгіруден спорт шебері. Қазақстанның үздік спортшыларның қатырына кіреді. Сол ағамызға ілесіп, жарыстарға да қатыса бастадым. Осылайша, жүгіруге қызығушылығым ашыла бастады, – дейді Нұрбахыт.
Нұрбахыт 2019 жылы Өзбекстан мемлекетінде өткен әлемдік деңгейде өткен марафонның қатысушысы. 2020 жылы Астана қаласында «Astana Marathon-ға» жарысында жас ерекшелік бойынша бас жүлдеге ие болған.
Сонымен қатар, 2021 жылы «Nur Otan» партиясынын қолдауымен өткен «Ұлы марафонға» қатысып, бірнеше күн бойы 6 қала, 2 аудан, жалпы ұзындығы 2021 километрді жүгіріп өткен. Сол жылы Түркістан облысынын «Жыл үздіктері» қатарынан көрінген. 2022 жылы Түркістан қаласында өткен марафонда бас жүлде иегері атанған.
Жалпы жас марафоншымыздың жетістігі жетерлік. Облыстық, республикалық және әлемдік деңгейде мерейімізді асырып жүр.
– Мен өзімнің замандастырыма жүгірумен айналысуға кеңес бергім келеді. Бұл – денсаулыққа ең пайдалы спорт түрі. Жүгіру – ол адам денесінің қан айналымын ретке келтіреді, шыдамдылықты арттырады. Жүрек жұмысын жақсартады. Сөз соңында спортпен енді шұғылдануға кіріскелі жатқан ынталы адамдарға қысқа ғана кеңес бергім келеді: Жүгіруді ертеңге қалдырмай, дәл қазіргі сәттен бастап кету керек. Қалғаны өзі біртіндеп бола береді,- деді Н.Қамбарбек.
Нұрбахыт биыл Түркістан облысының өрт сөндіру құтқару спортының құрама командасына қосылып, сержант болып жұмыс жасауда.

Әділхан Маратұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған