СПОРТШЫ  ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ  ЖАЗ  СОҢЫНДАҒЫ  ЖЕТІСТІКТЕРІ

 

Жаз айы мектеп оқушылары мен ондағы жаттықтырушылар үшін демалыс екені белгілі. Әрине, өскелең ұрпақты ептілік пен шапшаңдыққа тәрбиелеп, саламатты өмір салтын дамытып, баланы биікке жетелейтін спорт мектептерінің пайдасы көп. Осы жолда Сайрам аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің биылғы жетістіктері бізді қуантып отыр. Тамыздағы біраз байрақты бәсекені есіткеннен атқа қонып, күш-қуаты мен тәжірибелерін байқату үшін Сайрам аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мақтанышты ұл-қыздары  біраз жарысқа қатысып, мерейлері үстем болды. Мәселен кешегі  тамыз  айында Алматы облысының Қаскелең ауылында еркін күрестен  және грек-рим күресінен  2006-2008 жылдары дүниеге келген  жасөспірімдер арасында ауыл спортшылары яғни ауыл балалары қатысқан  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  ЧЕМПИОНАТЫ өтті. ҚР чемпионатында  Сайрам аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ең мықты деген жасөспірім палуандары бақ сынады. Кеудеден алып та жығып, аяқтан шалып та құлатқан 2 спортшымыздың жөні бөлек болды. Онда еркін күрестен  Құрал Сәбдіктің шәкірті 2007 жылғы Дулат Орғанәлі  (48 келі салмақта)  күміс алқа алса, грек-рим күресінен Захиджан Юлдашевтің 2007 жылғы  шәкірті Билол Ниязалиев  (60 кел салмақта) қола алқаны еншіледі.Әрине, жеңісті жолда осы қос ұланның ұстаздарының да тамаша еңбектері бар.

(Оқырманға жадынама. Яғни, осы екі күрес түрінен хабардар болған жөн. Еркін күрес, диаметрі 9 метр арнайы кілемде өтеді. 19 ғасырдың аяғында Англияда пайда болған. 1904 жылдан олимпиялық ойындар бағдарламасына енген. Қазақстанда еркін күрес жарыстары 1955 жылдан өтіп келеді. Ал,  Грек-рим күресіэллиндер мен латындар (гректер мен латындар) заманында пайда болған күрес түрі. Белдесу қарсыластар түрегеліп төрттағанға түскенде аударылып, домалатып әдістер қолдану арқылы өткізіледі.)

Сондай-ақ, біздің сайрамдықтар яғни  Сайрам аудандық №1БЖСМ өткен айда тағы қуантты.Тараз қаласында 3х3 баскетболдан Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Баскетболдың ширақтықты, шеберлікті, жүйріктік пен керемет секіруді қажет ететіні белгілі. Дүбірлі додада аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің  құрама командасы 1 – орыннан көрінді. Спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыз Рустамжан Наримтаев пен Гуламжан Юлдашевтің  осынау жеңісі құтты болсын!

Ал, Сарыағаш қаласында үстел теннисінен 2005 жылы дүниеге келген және одан кіші жасөспірімдер арасында ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ өтті. Чемпионат өте тартысты болды. Сонда да біздің жерлестеріміз ойын шеберлігімен ешкімге есе жібермеді. Командалық  қыздар арасында  осы  Сайрам ауданының  №1БЖСМ-нің спортшылары  1- орын алып, жеңіс тұғырында жарқырап тұрды. Жұптық сында  Шахзода Ахмадалиева,  Нойла Ханиязова алтын алқаны алды. Жекелей сында Шахзода Ахмадалиева  алтын алқаға иеленіп,  Нойла Ханиязова, Шахруза Шавкатова қола алқаны алды. Аралас жұптық сында Тохтаров Шадманбек қола алқаны иеленді. Спортшыларымыз бен жаттықтырушымыз Шохрух Абдазимовты  құттықтаймыз. ЖАРАЙСЫҢДАР!

(Үстел теннисі (Пинг-понг) – белгілі ғимарат ішінде, арнайы ойын үстелінде арнайы ракеткамен ойналатын, шапшаңдыққа бағытталған спорт түрі. Егер қарсылас арнайы допты үстелден тыс жерге асырса немесе сіздің алаңыңызға түсіре алмай допты ракеткамен торға ұрса, сіз арнайы ережелер бойынша ұпай ала аласыз.)

Және бір жаңалық биылғы жаз соңында Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылында  Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Сайрам нашақорлық пен есірткіге қарсы!» ұранымен футболдан 2011-2012 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында жарыс өтті. Дүбірлі додада Сайрам ауданының №1 БЖСМ  құрама командасы  1- орыннан көрінді.         Жарқырап көрініп, ептілігін анық байқатқан спортшыларымыз бен жаттықтырушымыз Юртаев Александрды  зор жетістіктерімен құттықтай келе, болашақ спорттық ғұмырларына сәттілік тілейміз! ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

                                                            Нұртілек Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған