«Туы бірдің – түбі бір» дейді дана халқымыз. Бұл – жай ғана қанатты сөз емес, ғасырлар сүзгісінен өткен өмірлік қағида. Өйткені ту – мемлекеттің белгісі ғана емес, халықтың жүрегі, ұлттың ары мен намысы. Көк байрақ желбіреген сайын қазақтың рухы асқақтап, елдіктің еңсесі биіктей түседі.
Қазақ үшін ту ұғымы тәуелсіздікпен бірге туған жоқ. Оның тамыры көне түркі дәуірінен бастау алады. Көк Түрік қағанатының көк байрағы ұлан-ғайыр далада еркіндіктің символына айналды. Кейін Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсында да хан ордасының алдында қасиетті ту тігілді. Жорыққа аттанған сайын қол бастаған батырлар қасиетті байрақты алға ұстап, тұлпардың жалында, найзаның ұшында елдің азаттығы үшін шайқасты.
Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Малайсары, Өтеген, Жалаңтөс секілді баһадүрлер үшін ту – жеңіске жетелейтін қасиетті белгі еді. Жауынгердің қолынан ту түссе – бүкіл қолдың рухы түседі деп есептелді. Сондықтан ту ұстаған сарбазды қорғау – әр жауынгердің қасиетті борышы болды. Батырлар ту жығылмасын деп жанын берді, өйткені олар үшін ту – елдің тағдыры болатын.
Бүгінгі Қазақстанның Мемлекеттік Туы – сол ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ерлік дәстүрінің жалғасы. Оның көгілдір түсі – ашық аспан мен бейбіт өмірдің, алтын күні – береке мен молшылықтың, қыран бейнесі – еркіндік пен өр рухтың, ұлттық өрнегі – қазақ халқының бай мәдениеті мен рухани дүниесінің көрінісі.
Қасиетті рәміздің мәртебесін одан әрі арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізді. Енді Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ оны киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, перделерге, дастарқанға, кілемшеге және тұрмыстық мақсаттағы өзге де жабындарға қолдануға тыйым салынды. Бұл – Тудың қадір-қасиетін сақтау жолындағы маңызды шешім.
Жаңа талаптарға сәйкес азаматтар Мемлекеттік Туды жеке тұрғын үйлеріне орналастыра алады. Бірақ ол жерден кемінде үш метр биіктікте ілінуі тиіс. Сонымен бірге түнгі уақытта міндетті жарықтандыру талабы алынып тасталды. Қаулы биыл 13 шілдеден бастап күшіне енеді.
Қасиетті рәмізге құрмет көрсету – заңға бағыну ғана емес, ұлттық сананың биіктігін танытатын өлшем. Өз Туын құрметтеген халық ешқашан өзінің тарихын, тілін, дәстүрін жоғалтпайды. Мемлекеттік Ту – шекарада тұрған сарбаздың жігері, халықаралық жарыста көк байрақты желбіреткен спортшының мақтанышы, бейбіт еңбегімен елдің дамуына үлес қосқан әр азаматтың абыройы.
Президент айтқандай, мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтары. Оларды қастерлеу – әр қазақстандықтың азаматтық парызы. Жақында қабылданған талаптар да осы ұстанымды нығайтып, көк байрақтың мәртебесін бұрынғыдан да биіктете түсері анық.
Көк байрағымыздың әлем алдындағы абыройы да жыл өткен сайын артып келеді. Қазақстанның Мемлекеттік Туы халықаралық мамандар мен қарапайым жұртшылық тарапынан әлемдегі ең көркем әрі мағынасы терең мемлекеттік рәміздердің бірі ретінде жиі аталады. 2026 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар дауыс берген Reddit платформасындағы Flags of the World халықаралық онлайн турнирінде Қазақстанның Көк Туы барлық қарсыластарын басып озып, әлемдегі ең әдемі мемлекеттік ту деп танылды. Финалда ол Кирибати туынан басым түссе, жартылай финалда Сейшель аралдарының туын жеңді.
Бұл – жай ғана дизайнға берілген баға емес. Бұл – көгілдір аспан түстес бояуы, алтын күні мен қыраны, ұлттық өрнегі арқылы бейбітшілік пен еркіндікті, бірлік пен болашаққа деген сенімді бейнелейтін қазақ елінің рухына берілген құрмет. Сондықтан Көк Туымызды қадірлеу – өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, келешекке аманат.
Бабаларымыз ту ұстап, тұлпар мініп, ел үшін атқа қонды. Олар найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге азаттықты аманат етті. Ендігі міндет – сол қасиетті Тудың абыройын аласартпай, қадірін қашырмай, ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу. Өйткені, көк байрақ – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың бағдары. Ол мәңгілік елдің ғажайып нышаны болып, тәуелсіз Қазақстанның көгінде әрдайым асқақ желбірей бермек. Өркендей бер, Қазақстаным менің!
Әділхан ТӨЛЕГЕНОВ.