АБАЙҒА ҚҰРМЕТ

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Ұлы ақын, философ, ағартушы, ғұлама ойшыл, композитор, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы және оның алғашқы классигі Абай Құнанбайұлы қазіргі Абай облысының Абай ауданында туған. Жалпы, Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Дегенмен ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді екен. Бұдан бөлек қазақ зиялыларының туған күніне қатысты кейінгі кездері қарма-қайшы пікірлер көп. Ал хәкім Абайдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары 10 тамызда тойланғанын да ескерген жөн. Тіпті мектеп оқулықтарында ақын 1845 жылы 10 тамызда дүние есігін ашты деп жазылған.
Сайрам халқы да Абай десе аңғарымпаздық қасиетін танытады. Осыған орай Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 10 тамыз-«Абай күні» мерекесіне арнап, «Абай мұрасы -қастерлі құндылық» атты кітапханашылар арасында әдеби оқу блоггингін ұйымдастырды.
Оның мақсаты-қазақ халқының ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттау және философиялық тұжырымдарға толы қара сөздерінің мазмұнын және тәрбиелік мәнін ұғындыру.
Кітапханашылар ұлы ойшылдың ғибратты ғұмырын, рухани шығармашылығын оқырман қауымға кеңінен таныту мақсатында кітап көрмесін ұйымдастырды. Ақынның ғақлиялық даналық қара сөздеріне арналған бейнетүсірілімдер әлеуметтік желілерде жарияланды.
Рас, жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай: » Абай—ақылдың ақыны». Ұлттық болмысын жоғалтпаған халық оны әрқашан қастерлей береді.

Ә. Маратұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған