АЛАҢ КӨҢІЛ БАСЫЛАР.

Қазіргі таңда әлемнің 31 елінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді.

Олар әлемде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. 15 елде құрылысы салынып жатқан 62 реактор бар. Тек Қытайдың өзінде ғана 28 реактор салынуда, ал 2050 жылға қарай Қытайда 150 реактор болады.
АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Оңтүстік Кореяның белгіленген ең көп қуаты 20 ГВт-тан асады. Канадада шамамен 13 ГВт,
ал Ұлыбритания, Швеция, Испания, Үндістан және Бельгияда шамамен
5-10 ГВт атом электр стансасының белгіленген қуаты бар. Бұдан басқа тағы 18 елде қуаты 0,4-4 ГВт болатын бір немесе бірнеше реакторлар бар.
Өткен жылы Ұлыбритания, Венгрия, Канада, Нидерланды, БАӘ, Польша, Румыния, Словакия, Словения, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония және басқалары 2050 жылға қарай Атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қол қойды. Ең алдымен, бізге жаһандық жылынуға қарсы күресуге жаңартылған энергия көздері ғана емес, атом электр стансалары көмектесе алады деп есептеледі.
Біріккен Араб Әмірліктері мен Беларусь сияқты «жаңадан қосылған» елдер қазірдің өзінде өздерінің алғашқы атом электр стансаларын пайдалануға берді. Түрік атом энергетикасы да белсенді дамып келеді.
Өзбекстан атом электр стансасын салуға кірісті. Қырғызстан мен Моңғолия да атом энергетикасын дамытуға қадам жасауда.
Атом электр стансаларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп жатқандар баршылық. Бұл мәселеге келгенде бізде Чернобыль атом электр стансасымен байланысты ерекше түйткілді мәселелер бар. Бірақ соңғы 40 жылда атом энергетикасы қалай өзгергенін қарайықшы.
Әлемде жұмыс істейтін 415 атом реакторының 306-сы (74%) III немесе III+ буындарына жатады. Референдумның оң нәтижелері болған жағдайда, бұл технология бізде де болады. Бұл реакторлар ең сенімді болып саналады және оларда ешбір ауыр апат болған жоқ. Чернобыль мен Фукусимадағы апаттар ескі буын реакторларында болды.
Чернобыль апаты герметикалық қорғаныс қабығы жоқ реакторда болған. Фукусима стансасындағы проблемалар реактор конструкциясының өзінен емес, табиғи апаттардан – цунамиден қорғаудың болмауынан орын алды.
Заманауи реакторлардың қауіпсіздік жүйелері, егер біреу олардың туындауына жағдай жасауға әрекет етсе де, ауыр авариялардың болуы мүмкіндігінің алдын алады. Қазіргі заманғы стансаларда ауыр авариялардың болу ықтималдығы өте аз. 10 миллион жыл ішінде бір ғана жағдай болуы мүмкін.
Жылу электр орталығында көмірдің жарылу ықтималдығы атом электр стансасына қарағанда 80 есе жоғары. Атом стансаларының сыртқы қабығы қатты жер сілкінісі мен су тасқыны, тіпті ұшақтың құлауы сияқты табиғи апаттарға төтеп беретіндей етіп жобаланған. Атом стансалары құнының 40 пайызына дейіні қауіпсіздік жүйелеріне кетеді, бұл олардың сенімділігін көрсетеді.
Атом электр стансасы энергияның неғұрлым таза көздерінің бірі екенін жеке айта кету керек. Мысалы, көмір стансаларының жұмысы кезінде едәуір мөлшерде ластаушы заттар шығарылады. Олар жыл сайын 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын ауаға таратады. Бұдан басқа, көмір жағу салдарынан 300 мың тоннадан астам күл пайда болады, оның құрамында мышьяк, кадмий, қорғасын және сынап сияқты 400 тоннаға жуық улы металдар болады. Мұның бәрі онкологиялық ауруларға дейін ауыр ауруларды тудырады.
Атом электр стансасы күкірт оксидтерін, азот оксидтерін, күлді немесе көмірқышқыл газын шығармайды. Олар күл шығармайды, бұл оларды ластаушы заттар шығарындылары тұрғысынан таза етеді.
Егер қалдықтар туралы айтатын болсақ, қуаты 1 гигаватт болатын атом электр стансасынан шамамен 50 текше метр пайдаланылған радиоактивті отын түзіледі. Осындай қуаттағы көмір стансасының қалдық мөлшері жылына 200-300 мың тоннаны құрайды.
Уранды пайдалану ауқымын елестету үшін мына бір жәйтті айта кетейік, 60 жыл ішінде АҚШ-тың бүкіл атом энергетикасы бір үлкен супермаркет көлемінде қалдық отын шығарды. Мұны бірнеше гектар жерді алып жатқан біздің жылу электр орталығының күл үйінділерімен салыстырыңыз.
Атом электр стансасында пайдаланылған отын олардың типі мен технологияларына байланысты не сақталуы, не қайта өңделуі мүмкін. Бұл ретте, пайдаланылған ядролық отын қалдық болып саналмайды, өйткені оны энергия көзі ретінде қайта пайдалануға болады. Сондықтан, атом электр станциясының қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ дер едім.

Сәтжан Ербосынов. Ақсукент ауылы. Сайрам ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған