КӨППЕН БІРГЕ КӨРЕЙІК…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС мәселесін қазақстандықтардың қатысуымен шешу қажет екенін айтқан болатын.

Бұл біздің ел тарихындағы кезекті референдум. Бұған дейін Конституцияға өзгерістер бойынша өз дауысымызды берген болатынбыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай маңызды, стратегиялық шешім тек халықтың пікірі ескеріле отырып, қабылдануы керек деген шешімге келді.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.
Жалпы бұл тақырып әсіресе соңғы жылдары ел ішінде қоғамдық дискуссия түрде жүрді. Сарапшылар атом электр стансасының салынуын қолдап та, оған қарсы шығып та пікір білдірді. Осы орайда «Атом электр стансасын салу не үшін қажет?» деген сұраққа жауап бере кетейік.
Экономикамыз өсіп келеді. Жаңа өнеркәсіптік өндірістер салынуда, халық саны артуда. Бұл электр энергиясын тұтыну жылына кемінде 3 пайызға өсетінін білдіреді. Ал, жұмыс істеп тұрған жылу-электр стансалары мен ГРЭС-тер 70 пайыз тозған, жаңа объектілер салу қажет.
Бүгіннің өзінде біз электр қуатын импорттауға мәжбүрміз. Мәселен, 2023 жылы Қырғызстан мен Ресейден шамамен 2 миллиард киловатт-сағат импортталды. Әрі келешекте сыртқы нарықтарда электр энергиясын сатып алу бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін. Оның үстіне, қазіргі таңда еліміздің оңтүсігінде электр энергиясына деген тапшылық сезіле бастады. Шымкент жылына 1,6 миллиард киловатт-сағат тұтынады екен.
Ал, енді еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін тілге тиек етейік. Бүгінгі энергетиканың негізі – көмір. Ол жалпы өндірістің 66 пайызын береді. Бірақ, қазіргі уақытта жаңа көмір стансалары салынбайды, себебі олар лас болып саналады. Бұған қоса, еліміз 2060 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындыларын нөлге жеткізу туралы конвенцияға қосылды (Көкшетау, Семей және Өскеменде салу жоспарланған жылу-электр орталықтары көмірмен жұмыс істейтін болады, бұл ретте табиғи газға ауысу мүмкіндігі бар).
Өткен жылы жаңартылатын энергия көздері бойынша 148 объекті салынды. Дегенмен, бұл энергия көздері тұрақсыз. Күн стансалары электр энергиясын шамамен 18 пайыз уақыт қана, ал жел стансалары 35 пайыз береді. Сондықтан, жаңартылатын энергия көздерінің әрбір гигаваты үшін біз қосымша қуаттылық қарастыруымыз керек. Бұл гидроэлектр стансалары болуы мүмкін, бірақ бізде көгілдір отын аз. Біз Ресей сияқты газ державасы емеспіз, яғни бізге оны нарықтық бағамен импорттауға тура келеді. Құрылысы жоспарланып отырған газды қайта өңдеу кешендері өнеркәсіп пен халықтың, қазіргі кезде салынып жатқан маневрлік газ электр стансаларының газ тұтыну қажеттілігін өтей алмайды. Сондықтан, Қазақстанда атом электр стансасын салу қажетігі туып отыр.
С. Еркебаев.
Сайрам ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған