«Астана»… Бұл сөзді естіген әрбір қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімі оянады. Себебі Астана – жай ғана қала емес. Ол – азаттықтың айғағы, елдік арманның орындалуы, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің нақты жемісі. Ол – ұлы даланың төсінде бой көтерген жаңа дәуірдің шежіресі. Оның әр көшесінде ел тарихының ізі, әр ғимаратында халықтың маңдай тері, әр кірпішінде ұлттың үміті мен сенімі жатыр.
Тарихтың таразысына салсақ, мемлекеттерді олардың астанасы танытады. Бас қала – елдің саяси орталығы ғана емес, оның рухани қуатының, экономикалық әлеуетінің, мәдени келбетінің айнасы. Сондықтан қазақ халқы үшін Астананың орны ерекше. Бұл шаһар – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, ертеңге бастар даңғыл жол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астана күніне арналған құттықтауында: «Астана – егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары», – деп атап көрсетті.
Бұл сөздердің салмағы ерекше. Өйткені шынында да ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер дәл осы қалада қабылданады. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты айқындалады. Экономиканың бағыты белгіленеді. Әлеуметтік реформалар жүзеге асады. Демек, Астана – Қазақстанның жүрегі ғана емес, оның тамырында соғып тұрған өмірдің өзегі.
Президент өз құттықтауында елорданың бүгінде сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болғанын айтты. Қала көшелері жаңарып, қоғамдық көліктер заман талабына сай жетілдірілуде. Саябақтар көбейіп, гүлзарлар жайқалып, балаларға арналған ойын алаңдары салынып жатыр. Мұның бәрі бір ғана мақсатқа – халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталған.
Елорда мәртебесі туралы жаңа конституциялық заңның қабылдануы да – тарихи маңызы бар қадам. Бұл заң Астананың Қазақстанның саяси, әкімшілік, экономикалық әрі мәдени орталығы ретіндегі рөлін бұрынғыдан да нығайта түсті. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі маңызды форумдардың, халықаралық келіссөздердің Астанада өтуі еліміздің бейбітшілік пен диалогты жақтайтын мемлекет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Президент өз сөзінде «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын ерекше атап өтті. Бұл – жай ғана мемлекеттік бағдарламалар емес. Бұл – жаңа қоғамдық мәдениеттің, жауапты азаматтықтың негізі. Өйткені, мемлекет ең алдымен заңға бағынатын, өз елін құрметтейтін, туған жерін таза ұстайтын азаматтар арқылы дамиды.
Бүгінгі Астана – бір күнде пайда болған қала емес. Оның түп-тамыры қазақтың сан ғасырлық мемлекет тарихымен астасып жатыр. Қазақтың әрбір тарихи астанасы өз дәуірінде ұлттың тағдырын айқындаған қасиетті мекен болған.
Ежелгі Сыр бойындағы Сығанақ – сондай қалалардың бірі. Орта ғасырларда бұл қала Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі сауда және саяси орталықтардың қатарына кірді. Ақ Орданың астанасы болған Сығанақта мемлекеттің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Кейін бұл өңір Қазақ хандығының қалыптасуында ерекше рөл атқарды.
Созақ пен Сауран да қазақ тарихында өшпес із қалдырды. Бұл қалалар ел басына күн туған шақта халықтың қорғанына айналды. Батырлар мен билер, хандар мен қолбасшылар осы өңірлерде бас қосып, ел тағдырын шешкен.
Ал Түркістан – күллі түркі жұртының рухани астанасы. Қазақтың хандары дәл осы қалада ақ киізге көтеріліп, ел басқарды. Ұлы билердің даналығы, батырлардың ерлігі, әулиелердің өнегесі осы қасиетті топырақта тоғысты. Сондықтан Түркістан – қазақтың ғана емес, тұтас түркі әлемінің қасиетті бесігі.
Кеңес дәуірінде Орынбор қазақ автономиясының алғашқы астанасы болды. Кейін елдің бас қаласы Қызылордаға көшірілді. Бұл кезең ұлттық сананың жаңғырып, қазақ тілінің мемлекеттік басқаруда кеңінен қолданылған тарихи уақыттардың бірі еді.
1929 жылдан бастап Алматы Қазақстанның астанасы атанды. Алматы ғылымның, мәдениеттің, әдебиеттің алтын ордасына айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең маңызды шешімдердің қабылдануына куә болған да – осы қала.
Алайда тәуелсіз Қазақстан жаңа даму кезеңіне аяқ басқанда елорданы елдің дәл ортасына көшіру туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл – тәуекелге толы, бірақ болашақты көздеген қадам болды. Уақыт өте келе бұл шешімнің көрегендігі бүкіл әлемге дәлелденді.
Бүгінде Арқаның сайын даласында бой көтерген Астана – әлем мойындаған заманауи мегаполис. Ол – ұлттық сәулет пен инновациялық технологияның үйлесім тапқан шаһары. Бұл қалаға келген әрбір адам Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын бірден аңғарады.
Астана – ұлттың ұлы мұраты.
Қазақ халқының тағдырына зер салсақ, ұлан-ғайыр даланы мекендеген жұрттың ең асыл арманы – елдің тұтастығын сақтау, жердің бүтіндігін қорғау, ұрпаққа азат мемлекет қалдыру болғанын көреміз. Сол арманның өтеуі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Ал сол тәуелсіздіктің еңселі ескерткіші – Астана.
Қала дегеніміз – тек көшелер мен ғимараттар ғана емес. Оның да жаны болады. Сол жан – онда өмір сүретін халықтың рухы. Астананың рухы – тәуелсіздік рухы. Ол елдің өркендеуіне сенетін, ертеңіне үмітпен қарайтын халықтың рухы. Сондықтан Астанаға қараған сайын біз болашаққа қарағандай боламыз.
Тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болмасын елдің астанасы мемлекеттің айнасы саналған. Көшпенділер өркениетінің мұрагері болған қазақ халқы да мемлекеттің тұтастығын ең алдымен ордасымен байланыстырған. Ханның ордасы тігілген жер – елдің жүрегі болған. Бүгінгі Астана – сол қасиетті дәстүрдің заңды жалғасы.
Бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деген. Бұл сөздің мағынасы өте терең. Елге деген сүйіспеншілік ең алдымен туған үйге, туған ауылға, туған жерге деген құрметтен басталады. Өз ауылын қадірлеген адам ауданын сүйеді. Ауданын сүйген азамат облысының дамуына үлес қосады. Ал осындай миллиондаған азаматтың еңбегі Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырады.
Сондықтан патриотизм деген ұғымды тек әскери міндетпен немесе мерекелік шаралармен шектеуге болмайды. Патриотизм – күн сайынғы адал еңбек. Дәрігердің науқасқа жанашырлығы, мұғалімнің шәкіртіне берген сапалы білімі, диқанның маңдай терімен өсірген астығы, жұмысшының адал еңбегі, ғалымның жаңалығы – мұның бәрі Отанға қызмет етудің көрінісі.
Бүгінгі таңда Астана дәл осындай еңбекқор адамдардың қаласына айналды. Бұл қалада еліміздің барлық өңірінен келген азаматтар еңбек етеді. Бірі жаңа мектеп салып жатыр, бірі ғылыммен айналысады, енді бірі мемлекеттік қызметте елдің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдауға атсалысады. Әртүрлі өңірден келген адамдардың бір мақсатқа жұмылуы – Қазақстандағы бірлік пен татулықтың жарқын дәлелі.
Қазақ халқы ешқашан бірліксіз жеңіске жеткен емес. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақылдың өміршеңдігі бүгін де айқын сезіледі. Мемлекеттің қуаты қару-жарақпен ғана өлшенбейді. Оның басты күші – халқының ауызбіршілігі мен өзара сенімі.
Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі мәдениет өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Бұл – кездейсоқ қалыптасқан жағдай емес. Бұл – ғасырлар бойы қазақ даласында орныққан кеңпейілдіктің, төзімділіктің және өзара құрметтің нәтижесі. Осы құндылықтардың барлығы Астанада ерекше көрініс табады. Бас қалада еліміздің барлық өңірінің тынысы тоғысады, түрлі мәдениеттер үндеседі, ортақ мақсат – қуатты Қазақстанды құру мұраты бәрінен биік тұрады.
Астана – жастардың да қаласы. Мұнда білім іздеген мыңдаған жас еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Олар ертең ел тізгінін ұстайтын мамандар, ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ұстаздар, кәсіпкерлер болады. Сондықтан жастардың бойына тек білім емес, ұлттық рух, адамгершілік, әділдік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Бұл сөз бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі мемлекеттің болашағы ең алдымен тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Білімді, отаншыл, еңбекқор ұрпақ қана елдің еңсесін биіктете алады.
Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекесі қарумен емес, біліммен, ғылыммен, технологиямен өлшенеді. Сондықтан әрбір жас жаңа білім игеруге, бірнеше тіл білуге, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы қажет. Бірақ қандай биікке көтерілсе де, өзінің ана тілін, тарихын, ұлттық дәстүрін ұмытпауы тиіс. Тамырынан ажыраған ағаштың көгермейтіні сияқты, тарихынан қол үзген ұлттың да болашағы баянды болмайды.
Астана – өткен мен келешекті жалғап тұрған алтын көпір. Бір жағында – Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығының асыл мұрасы, екінші жағында – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан жаңа Қазақстан. Осы екі кезеңді байланыстырып тұрған басты күш – халықтың бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы және тәуелсіздікке деген құрмет.
Сондықтан Астана күні – тек елорданың мерекесі емес. Бұл – әрбір қазақстандықтың мерекесі. Бұл күні біз қаланың туған күнін ғана емес, елдің өсіп-өркендеуін, тәуелсіздіктің баянды болуын, мемлекетіміздің нығаюын бірге атап өтеміз.
Астана – бүгінгі буынның мақтанышы ғана емес, келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұралардың бірі. Оны гүлдендіру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Әрбір отырғызылған ағаш, әрбір таза көше, әрбір адал еңбек – елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын болашағына қосылған үлес.
Ендеше, көк байрағымыз мәңгі биікте желбіресін! Елордамыздың еңсесі асқақтай берсін! Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, Әділетті Қазақстанның келешегі кемел, болашағы баянды болғай!
Н. АЯПТЕГІ.