Ауданымыздың абыройын асқақтатты

Астана қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Сайрам ауданының төрт мергені дәстүрлі садақ атудан облысымыздың намысын қорғады. Дәстүрді дәріптеп, ұлттық спортқа өз үлестерін қосып жүрген жас мергендеріміз, бас қаламыз Астана төрінде аудан намысы үшін атой салды. Еліміздің 14 облысынан іріктеліп келген, 176 мерген бақ сынаған бұл чемпионатта құралайды көзге ататын кілең мықтылар ғана жиналды. Ал мықтыларды мойындату үшін көп еңбек пен тәжірибенің орны ерекше. N 24 М.Махажанов атындағы жалпы орта мектебі дәл осы ұлттық дәстүрлі садақ спортына ерекше көңіл бөлген еліміздегі бірден бір мақтан тұтатын мектеп болып саналады. Қазақта «руыңды сақтағың келсе ұлыңа, ал ұлтымды сақтаймын десең қызыңа ие бол» деген сөз бар. Жас жеткіншектердің бойына патриоттық тәрбие беріп, ұлттық дәстүрді дәріптеп, елі үшін ерінбейтін, халқы үшін қаймықпайтын қайсар да батыл рухты ұл- қыздарымыз М.Махажанов мектебінде мықтап тәрбиеленуде. Сайрам аудандық садақ ату федерациясының президенті, Ынтымақ ауылындағы 24 М. Махажанов мектебінің ұстазы, Қ.Р Журналистер одағының мүшесі, ұлттық спорт ойындарының магистрі Махамбет Сәтбаев садақ үйірмесіне жетекшілік жасап, жас мергендерді дәлдік пен қырағылыққа баптауда.
М. Махажанов мектебінің мергендері дәл осы Қазақстан чемпионатында екі күн бойы табан тіресе Түркістан облысының намысы үшін барын салып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Жамбы нысанасы бойынша Қорған Нұртас 1- орын алса, үш бірдей қыздарымыз Тұрарбек Аяна, Асылбек Ұлпан, Есбай Алтынай еліміздің спорт мектептерінен жиналған Қазақстанның сұр мергендеріне төтеп беріп, суытылған аттай суырылып алға шығып, алтын күміс қола медалдарына ие болып Қазақстан чемпиондары атанды. Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден екенін дәлелдей білген, ұлттық спортты ұмытпай, өз жұмысына ұқыпты қарайтын бұл Қазақстан чемпионатына баруына қолдау білдіріп, ауданымыздың жас мергендеріміздің жүзіне қуанышты сәтті сыйлаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Нұрлыбаевқа Ынтымақ ауылының тұрғындары, М. Махажанов мектебінің ұстаздары мен бүкіл ауданымыз дән ризашылығын білдіруде. «Дәстүрлі садақ спорты мергендерінің суреттері Ынтымақ ауылының дәл ортасында сәнін келтіріп тұруына көмектескен Қарасу ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдықовқа алғыс білдіреміз» дейді жас мергендердің ата- аналары мен бапкері. Ұлттық спортымыздың дамуына қызыққан ауданымыздың адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Гүлнара Тынымбаева төрт мергенімізді ата- аналарымен аудан орталығына арнайы шақырып, Алғыс хаттар мен жас мергендерімізге сыйлықтар табыстады. Сайрам ауданында дәстүрлі садақ ату спорты күн сайын қарқынды дамып, жалындаған жас мергендеріміз жеңіс тұғырынан қашанда көріне берсін. Билік үнемі қолдау білдірсін деп тілейік.

Н. Аяптегі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған