КҮЛӘП НЕМЕСЕ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ЕМШІЛІК ТҮРІ

Бірде көршіміздің 11 жастағы қызының денесін жара басып, қиналған еді. Оған қоса ата-анасы да қыздарының жағдайына алаңдап, қатты қобалжыды. Күн жексенбі болғандықтан емханаға апаруға да болмады ма білмедім. Әйтеуір олар қыздарын ескілік ауруларды емдейтін Маятас ауылындағы бір әжеге апарды. Көршілеріміз әлгі әжеге 3 рет қатынағанда қыз денесіндегі жарасынан құлан таза айығып кетті. Бұл уақиғаға біраз уақыт өтсе де, әлдебір тылсым күшпен жазылатын емнің сырын іздей бастадым. Содан жақында «Шымкент-Алматы» бағытындағы пойызда Айгүл Жалғасова апаймен сапарлас болып, баяғы жара басатын дерттің сырына қанықтым. Оны өлеңмен емдеу жолына қанықтым. Бізге мұны айтып берген кейіпкеріміз Сайрам ауданының Манкент ауылындағы Ш. Рашидов атындағы жалпы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінінен сабақ береді. Өзі аудан орталығы Ақсукентте тұрады. Апай әңгімені былай тарқатты:
«Қазақтың дәстүрі кең даламыздың әр өңірінде әр түрлі дамып, бірі-біріне ұқсамайтын түрлі қасиеттерге ие. Ұшықтап баланы дертінен жазу, қазанның күйесін қырып ішкізіп, ішек жолдарын емдеу сияқты халықтық ем шаралардың ішінде менің әжемнің емі де біраз адамға шипа болған еді. Бала кезімде әжемнің қасында көп жүріп, етегіне оратылып өскен едім. Сол кезде әжемнің алдына қызыл мата мен дәнін көтеріп келушілер көп болатын… Халық ішінде әртүрлі ауру- сырқау таралып, адамдар ем іздеп жүріп, әжеме келетін. (Сөйтсем, ол Күләп деген аурудың бір түрі екен.)
Сонда әжем сызылған әдемі дауыспен:
Күләпті баста десең, бастай келдім,
Басына парша* шапан жастай келдім.
Бір күләп осы жақта бар деген соң,
Сүйегін, етін алып тастай келдім…. деп бастайды.

( * парша – алты мен күмісті араластыра отырып, тығыз тоқыған жылтырауық жібек мата, және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.» 669-бет, Алматы-2008 жыл. «Дайк-пресс» баспасы. )
Ал, біз немерелері ауруды қоршай отырып, әжемнің келбетті кескініне үңіле қарап отырамыз, Әжем осылай бастап, күләпті әлгі адамға келген көшпелі қонақтай қабылдап, оның жүрісінің жөн еместігін, өлеңмен жеткізіп, ақырындап басқа жаққа көшуін сұрайтын… Бұл адамның денесіне ұсақ жаралар шығып, өздігінен көбейіп кететін, адамды ұйқыдан айыратын дертке жасалатын ем-шара еді.
Күләбі бұл баланың басында екен,
Айтатын менің күләп жасымда екен.
Күләптің көшпесіне қоямыз ба,
Ауылым алыс емес, қасында екен.
Күләбі бұл баланың белінде екен,
Айтатын менің күләп елімде екен.
Күләптің кетпесіне қоямыз ба,
Ауылым алыс емес, шенінде екен. — дей отырып, бізге ең қызықты сәт болып саналатын «көшіруді» бастайтын. Әжем өлеңін айтып келіп, бізге бас изегенде бәріміз жапа-тармағай «көш-көш» деп айқайлаймыз. Әжем қолында дәнін аурудың үстіне жабулы тұрған орамалдың үстіне шашады…
Қазақ өте сенгіш, қарапайым нәрседен үлкен үміт күтетін халық емес пе?! Осындай наным-сенімнен туған емшілік қасиет менің Үміт әжеме де тән еді. Әрине, әжемнен шипа іздеп келген адамдар, апта өтпей-ақ алғысын айтып, оған кәмпит пен шәйін әкеп, ризашылық білдіріп қайтатын еді… Енді назарларыңызға «Күләп» деп аталатын шипалық қасиеті бар өлеңнің толық нұсқасын ұсынайын. Кімге ұнап жатса, қажетіне жаратар деген ойдамын.
Күләпті баста десең, бастай келдім,
Басына парша шапан жастай келдім.
Бір күләп осы жақта бар деген соң,
Сүйегін, етін алып тастай келдім.
Күләбі бұл баланың басында екен,
Айтатын менің күләп жасымда екен.
Күләптің көшпесіне қоямыз ба,
Ауылым алыс емес қасында екен.
Күләбі бұл баланың белінде екен,
Айтатын менің күләп елімде екен.
Күләптің көшпесіне қоямыз ба,
Ауылым алыс емес, шенінде кен.

Ай, күләп, көшер болсаң, тауларға көш,
Қызыл гүл, тау ішінде бауларға көш,
Таппасаң жайлауыңды мен айтайын,
Ат мініп, арқыратқан жауларға көш.
Ай, күләп, көшер болсаң, күбіге көш,
Күбінің күмбірлеген түбіне көш.
Таппасаң жайлауыңды және айтайын,
Байлардың есігінде күңіне көш.

Аяғы ақ түйенің олақ болар,
Құйрығы суысқанның шолақ болар,
Айтыңыз , қайтыңыз да, әрі-бері
Күләптің ақыр-соңы осы -ақ болар…. дейміз де, артымызға қарамай, қолымызда бар дәнді шаша сала, үйге қарай қаша жөнелеміз.
Ырымға қырын қарамайтын халықпыз ғой. Десек те, бұл өлең арқылы әжемнен шипа тапқан адамдардың куәсі өзім болғандықтан айтып отырмын. Ұмыт болып бара жатқан кейбір дәстүрлердің халық арасында қайта жаңғыруы – ұлтымыздың тектілігінің көрінісі.»
Мен Сайрам өлкесінде талай тылсым жұмбақтың жатқанын жүрекпен сеземін. Бұл да бір Жаратушының бізге берген нығметі. Шипасы тиер болмаса ұлт алдындағы болмысымызды, дәстүрімізді ұмытпау мақсатында «Күләп» өлеңін сайт оқырмандарына жария етуді жөн көрдім.
Әділхан Төлегенов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *