Сайрам халқы ақын-жазушыдан кенде емес. Жиырма, жиырма бірінші ғасырларда да аудан абыройын асырған мықты қаламгерлер болды. Солардың бірі —Баян Тіленшина. Ақын апамыз білім саласында жарты ғасыр еңбек етіп, мектеп директоры ретінде де танымал болды. Бірнеше оқулықтың, 8 кітаптың, 4 томдықтың авторы. Жақында Шымкент қаласында Түркітілдес Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Жүректен қозғайық» жобасы аясында Қазақстанның құрметті жазушысы, Ш.Айтматов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, ақын, жазушы Баян Тіленшинамен онлайн-сұхбат өтті.
Ақынның көркем шығармашылығы аясында өрбіген сұхбатта автордың прозасы, поэзиясы жайында кеңінен тағылымды әңгіме өрбіді. Арнайы ашылған уатсап топта 158 адам қатысты. Сұқбат барысында ақын Алаштың белгілі тұлғасы, философ ақын Ғұмар Қараш бабасы жайында тың деректерді баяндады.
«Ғибрат» романының кейіпкері қоғам қайраткері, педагог Керім Тіленшиннің 1930 жылдары елді сауаттандыру жұмысы мен аштықтан аман алып қалу жолындағы қайраткерлік істері, сол үшін түрме азабын да тартқан күрескерлік жолын толғаныспен жеткізді.
Адалдық, шынайылыққа тән өлеңдерінің де шығу табиғаты «Сыр төгіп көңіл қылқобыз» деп автор өзі жырлағандай, ақынның жүрек түбінен сыр болып ағытылды.
Бүкіл жандүниесінен тектіліктің иісі аңқып тұрған Баян Керімқызының бойынан қайсар болмысын танысақ, тағылымға толы ойлары әрбір жанның санасына қозғау салды-ау деген түйінмен сұқбат аяқталды. Тыңдаушылар көкейдегі сұрақтарына толық жауап алды.
Есте сақтайық. Баян Тіленшина – қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі ақындарының бірі. Оның шығармалары терең философиялық мазмұнмен, ұлттық рухпен және нәзік лирикалық сезімдермен ерекшеленеді. Ол поэзияда заманауи қазақ әйелінің ішкі әлемін, оның жан-дүниесін терең түсініп, шынайы түрде бейнелейді.
Баян Тіленшинаның өлеңдері өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайды, сонымен қатар, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтауға деген ұмтылысты көрсетеді. Оның поэзиясында туған жерге, ана тіліне, отбасы мен махаббатқа деген махаббат ерекше орын алады.
Ақынның шығармалары қалың оқырманның көңілінен шығып, үлкен ықыласқа ие болған. Сонымен қатар, ол өз заманының ақындарына тән күрделі мәселелерді көтеріп, поэзия арқылы қоғамға үндеу тастаған тұлға ретінде танымал.
Н. Аяптегі.
Суретте: ортада гүл ұстап отырған ақын, жазушы Баян Тіленшина.