Сайрам ауданында «25 қазан – Республика күні» мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық мерекенің мазмұны мен мәні ашылып, онда отаншылдық сезімі дәріптелді.
Аталған іс-шарада аудан әкімі Арман Сәбитов аудан тұрғындары мен қонақтарын Республика күнімен құттықтады.
– «Бұдан 34 жыл бұрын дәл осы күні республикамыздың дербестігі туралы декларация қабылданған болатын. Бұл егемендікке, енді бет бұрған жас мемлекетіміздің өміріндегі ұлы оқиға еді. Сондықтан, бүгінгі күн күллі еліміз үшін қадірлі, қастерлі күннің бірі ретінде саналады. Баршаңызды егемендігіміз бен елдігіміздің алтын арқауына айналған бүгінгі тарихи күнмен тағы да құттықтаймын! Егемен еліміздің мерейі асқақтап, абыройы арта берсін! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және баянды бақыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген А.Сәбитұлы еңбектегі жоғары жетістіктері мен өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің грамотасын табыстады.
Сонымен қатар, өз саласы бойынша ауданымыздың өркендеуіне септігі тиген бір топ аудан тұрғындары мен ауыл шаруашылығы саласындағы еткен еңбегі және жетістігі үшін мекемелер, сондай-ақ, үздік ауылдық округ әкімдері аудан басшысының қолынан алғыс хат алды.
Одан кейін, аудан әкімі А.Сәбитов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Халмурадов ауданымыздың өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстап, кеуделеріне төсбелгі тақты.
Осылайша, Ұлттық мереке қарсаңында бірқатар азаматтардың мерейлері өсіп, сан түрлі мақтау, мадақтауларға ие болды.
Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Театрландырылған қойылымдар ұсынылып, қазақтың тарихынан сыр шертілді. Жиналғандардың делебесін қоздыратын, патриоттық сезімін оятатын отаншылдық бағытындағы әндер шырқалды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі.