САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ КИЕЛІ ОРЫНДАР

Кәлен баб әулие. Қарамұрт ауылының солтүстік-батысындағы ағайынды Полатовтар көшесінің бойындағы ауыл қорымында орналасқан. Қытай тарихнамасында ол садағы мен семсері қолынан түспеген қаһарман қолбасшы ретінде айтылады. Ескі қытай жазба деректерінде мынадай мағлұматтар кездеседі: әскер ұстап, қол бастағандарды хэлан (қыран, сайыпқыран) деп атаған. Шындығында, Кәлен баба үлкен қол бастаған даңқты қолбасшы екендігі ескі қытай жазбаларында жақсы жазылған. Қара түстілерді хэ ло бян – хэ ло шуо- «қара шор» деп атады. Шор атауы он оқ (бес дулат және бес нуфуби) тайпасы билеушісінің лауазым иесі.

Ербекші ата кесенесі.

Әр өлкенің пір тұтар әзіз ұлдары болады. Ғасырлар өте ол кісілердің есімі халық жүрегінен орнын тауып, кез-келген кедергілерден аттап өтіп, көңілінде сақталып қалады. Адамдар Алланың осындай сүйікті пендесі төңірегіне жіпсіз байланып, оны пір тұтып, әруақтарына сыйынып жүреді. Осындай қасиетті де киелі жайдың бірі Қарабұлақтан алты шақырым арыда, Арыс өзенінің бойындағы биік төбедегі Ербекші ата кесенесі. Ол кісіні Бекжан ата немесе Бекші ата деп те атайды. Кесене түбінде ағып жатқан қасиетті Әулие бұлақ жайылып ағып, әуізге айналған.

Сиқым баба.

Дулат руының төрт атасының бірі. Қазақ шежіресі бойынша, Сиқым негізінен он атаға бөлінеді: Борас (Қарақойлы), Тоғатай, Шуылдақ (Байсейіт), Буас, Құлсейіт (Қусирақ), Ақылбек, Құттыбай, Есбол (Аққойлы), Есенгелді (Аққойлы мен Қарақойлы). Түрікмендер ішінде де Аққойлы, Қарақойлылар бар. Олар XIV-XV ғасырда Әзірбайжан мен Арменияда билікке таласты. М. Тынышбаевтың ескертуінше, оларды да Дулаттан шыққан деп шамалауға болады. Ел аузында Борас, Тоғатай мен Буасты Байсейіт атымен атайды. Байсейіттің шын есімі- Шуылдақ. Есбол мен Есенгелдінің ұрпақтарын жай ғана «Естілер» атандырған.

Жаныс баба кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші.

Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында. Дулат тайпасынан шыққан шешен, талантты қолбасшы және ел басқарған көсем Жаныс бабаның басына арнап кесене 2004 жылы тұрғызылды. «Жаныс бабаның ақжал арыстандары болған» деген ел аузындағы аңызға сәйкес, кесененің кіре берісіне қоладан құйылған айбатты қос арыстан бейнесі орнатылған. Кесененің табанынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 27 метр, шаңырақтағы күмбезінің шеңбері – 9 метр. Кесененің пештағы Жаныс баба тәу еткен Тәңіртаудың шыңдары тәріздес үшкілденіп безендірілген. Қас бетінде «Жаныс баба» деген жазу және таңбасы бар. Кесененің ішкі жағы сегіз қырлы (сегіз қанатты) болып салынған. Бұл Жаныс бабаның сегіз баласының болғанын меңзейді және әр қанатта сол аталардың шежіресі жазылған.

Ханқорған қалашығы.

Ханқорғанның тарихы сонау Ұлы Жібек жолы дәуірінен басталады. Сайрам ауданы, бұрынғы Мәдени елді мекені іргесіндегі Арыс өзенінің сол жағалауындағы Ханқорған төбесі — қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған. Осынау жердің табиғаты әсем, топырағы құнарлы, Арыс, Машат, Ақсу өзендерінің арасында орналасқандығы стратегиялық жағынан қолайлы екендігін көрсетеді. Арыс өзенін бойлай батысқа қарай бағыт алған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқандығына көз жеткізуге болады. Жібек жолын бойлаған төбелердің басына қараңғыда немесе ауа-райының бұлтты, тұманды кезінде от жағып қойылатын болған, ол жол көрсетуші қызметін атқарған.
Жалпы, төбелердің басым бөлігі Жібек жолында сауда-саттық қызған дәуірде қолдан тұрғызылған. Арыс мәдениетінің Қарауылтөбе кезеңі (б.з.б. IVғ.-Iғ.), Қаратөбе кезеңі (б.з.б. Iғ.-Viғ.), Алтын төбе кезеңі (б.з. IVғ.-VIғ.) деп бөлінетіндігін археолог-ғалым А.Н.Подушкин өз еңбегінде жан-жақты көрсеткен. Ғалымның айтуынша, Ханқорған Арыс мәдениетінен кейінгі кезеңде Қарахандар мемлекеті дәуірінде (942-1213жж.) тұрғызылған дейді. Қорғаннан Қарахандар дәуірінің керамикалық бұйымдары табылған және қамал қорғанының ертедегі құрылыс нысаны болғанын көрсетеді.
Қоршау қабырғасының қабаты үсті-үстіне қабат-қабат салынған. VIII-XII ғасырларда пайда болған. Биіктігі 8-12 метрді құрайды. Көлемі 2-2,5 гектарды алып жатыр. Қорған қаланың цитаделі-орталық бөлігі саналады. Цитадельдің төңірегінде көптеген рабадтар-елді мекендер болған екен.
Ханқорғанда металл ерітетін ошақтың табылуы онда отпен ататын қару жасалды деген болжамды туғызады. Жоңғарлар осы маңызды өндіріс орнын қалайда алуды көздегені анық. Демек, қиян-кескі шайқас болды деуге толық негіз бар. Бірақ, ол 1723 жылы емес, 1684 немесе 1690,1693 жылдар болуы әбден мүмкін. «Ханқорғанның соңғы ерлік шайқасы» кезінде үш мыңнан астам адам опат болыпты. Маңындағы елді мекендер аяусыз тоналған.
Абылай хан Ханқорғандағы оқиғаны есіткен, оны мақтаныш еткен деуге негіз бар. Қорған Түркістан мен Көкшетау аралығындағы жолдың торабында екендігін анықталған.
Ханқорған көне қалашығының орнындағы қазба жұмыстары Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында басталған болатын. Археологтар дәл осы маңда XVIII ғасырда Абылай хан ордасын құрып, осында қайтыс болғанына сенімді. Бұған дейін дәл осы қалашық орнында Маданкент деген қала болған.«Бұл қала бірнеше кезеңді өткерген. Ең алғашында V-VI ғасырларда Батыс Түрік қағанатының құрамында болды. Одан кейін жүз жылдай қаңырап бос тұрып, IX ғасырда Саманидтер мен Қараханидтердің тұсында қайта гүлденді. Моңғолдардан кейін қайта бос қалып, Әмір Темір билігі тұсында тағы өркендеді. Ал, қаланың соңғы кезеңі Абылай ханның билік құрған уақытына тұспа-тұс келеді. Яғни, XVIII ғасырда Абылай ханның ордасы дәл осы қалашық орнында құрылған»,- дейді ҚР Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев.
Ханқорғанның аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Адайда, Маданкент болған кезде оның территориясы әлдеқайда үлкен болған. Қызығы сол, Қазақстан аумағындағы ең үлкен көне моншаны сайрамдық тұрғындар заңсыз құрылыс жүргізу кезінде анықтапты.Моншаның аумағы 64 шаршы метр. Ол 5 бөлмеден тұрады. Арнайы кәріз құбыры бар. Археологтардың пікірінше, монша тоғызыншы ғасырда тұрғызылған және жүз жылдай уақыт жергілікті тұрғындарға қызмет еткен.
2017 жылдың қазан айында облыс әкімі Ж.Түймебаев тарихи орынға арнайы келіп, рухани жаңғыру жолында осынау шежірелі жерді қайта зерттеу мен абаттандыру жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.

Жуас баб кесенесі.

Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық ауылының қорымында орналасқан. Тарихи жазбаларда Жуас баб біздің жыл санауымызбен 766 жылы Әзірет Сұлтанның ұрпағы Ысқақ баб, Әбдіжәлел баб, Әбдірахым бабтармен бірге жүз мыңнан астам әскермен келіп, Исфиджабқа Ислам дінін таратты. Ысқақ баб Жуас бабтың Ислам дінін таратудан басқа білімін, қабілетін ескеріп, Исфиджаб қаласына және оның төңірегіне қазылық ету қызметін қоса тапсырған екен.

Жәлел ата.

Манкенттіктер арасында Жәлел атаны сайрамдық Ибрагим шейхтің туысы еді деген сөз бар. Бұл туралы жазба деректер қазірше табылмаған. Көпшілік қадір тұтқан Жәлел ата тақуа, өте діндар, ғылымға ден қойған адам екен. Манкент өңіріне Құран кәрім мен хадис негіздерін уағыздап, ол жерлерде мешіт, медресе ашуда көп еңбек сіңірген. Одан басқа жаугершілік замандарда сырттан басып кірген дұшпандарға қарсы жергілікті халықты бастап барып, аянбай шайқасқан. Соның бір дәлелі, Үшқорған төңірегіндегі соғыста Жәлел ата басқарған жігіттер жаудың үлкен күшіне қарсы тұрып, жауды аяусыз талқандаған. Осындай жеңістерден кейін Жәлел ата манкенттіктерді қорғанның сыртына шығарып, егін егуге,бау-бақша тігуге кеңес береді. Жәлел атаның көптеген оқымысты ұрпақтары мен шәкірттерінің аты-жөні халық жадында сақталған.

Дайындаған: Ә.МАРАТҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *