ҰЛТТЫҚ БИЛЕРІМІЗДІ НАСИХАТТАУШЫ ҚЫЗДАР

Жұмыр жерде халық барда өнердің барлық түрі қатар дамиды. Би де, ән мен күй де бір-бірінен ажырамайтын біртұтас дүние. Әрине, қазақта би болған. Ойын-тойларда, қыз ұзату мен келін түсіру, шілдехана, үлкен астарда қазақ ән-күйсіз, бисіз тарқамаған. Кезінде аталарымыз « Жастау кезімізде « Киіз басу», «Алаша тоқу» деген билерді өз көзімізбен көргенбіз. Сол өнер барысында билеген қыздар жүн сабап немесе білектеу әдісін жасап жатқандай көрінетін. Немесе жүгіріп жүріп өрнек тоқығандай әсер беретін» деп отырушы еді. Қазақ биі дегенде осы күндері алдымен «Қамажай» биі мен Шара Жиенқұлова еске түседі. Сөз жоқ, Шара апай қазақтың талай биін теориялық, тәжірибелік жағынан әрі қарай дамытып, би өнерінің диапазонын кеңейтті. Сондықтан ол – қазақтың алғашқы кәсіби бишісі. Ұлы өнердің арқасында Шара Жиенқұлова Қазақ КСР-нің халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ол осы Сайрам ауданында туып, қазақ мәдениеті мен өнерінде көрнекті тұлғаға айналған жерлесіміз Құрманбек Жандарбековтің жары болды. Баянсыз неке болғанымен екеуінен Болат есімді ұл қалды…
Сонымен, қазақ би өнері бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс — салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Біз бүгін осындай киелі өнерді жалғастырып, халықтың алғысына бөленіп келе жатқан Сайрам ауданындағы би тобы жайлы айтамыз. Ол Сайрам аудандық мәдениет және өнер, тілдерді дамыту, спорт, денешынықтыру бөліміндегі « Самұрық» би тобы. «Самұрық» би тобы 2018 жылы Сайрам аудандық Қ. Жандарбеков атындағы мәдениет үйінің би үйірмесіне қатысушы бишілерден құрылды. Бес жылдан астам уақыт ішінде бұл топ аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгерді. Осынау биші қыздардың хореографы Ақнұр Махашова балаларды талай өнер байқаулары мен мәдени іс- шараларға белсенді түрде қатыстырады. «Самұрық» би тобы 2019 жылы Сайрам аудандық ІҮ «Сайрам таланттары » өнер фестивалінде Бас жүлдеге ие болған. Сонымен қатар, Түркістан облыстық білім басқармасының «Жастар – мәңгілік тәуелсіз елдің болашағы» атты өнер фестивалінде ерекше өнер көрсеткендері үшін білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Сыдықованың атынан Дипломмен марапатталды. 2020 – 2021 жылдар аралығында карантиндік кезеңге сәйкес, онлайн іс- шараларға да белсенді қатысып, түрлі түсірілімдер жүргізіп отырды. 2021 жылы Түркістан қаласында өткен «Бұраң бел» би байқауында дипломант атанды. 2021 жылдың көктем айындағы мамыр мерекелерінің қарсаңында ашық аспан аясында онлайн форматқа арналған бейнетүсірілімдер жасады. Онлайн форматта жүргізілген жұмыстардың барлығы «Сайрам мәдениет» фейсбук парақшасында жарияланып отырды. Аудандық газетте жарық көрді. Биыл Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінде өткен «Әлем халықтарының биі» ІҮ халықаралық би байқауында Гран При иегерлері атанды. Би үйірмесінің жанынан құрылған ұжым аудан көлемінде өткізіліп жүрген барлық мәдени іс- шараларға белсенді атсалысып, ұлттық өнерден бөлек заманауи тұрғыдағы би өрнектерімен көрермен ықыласына бөленіп келеді. Аудандық мәдениет үйінің ұжымы қатысып жүрген облыстық байқауларға, фестивальдерге «Самұрық» би тобы ең алдыңғы қатардағы би ұжымдарының бірі ретінде апарылады. Қазіргі таңда би тобының репертуарында 30 дан астам би түрлері бар. Биші қыздар қазақ билерінен бөлек ұйғыр, өзбек, орыс, неміс, түрік, әзербайжан халықтарының билерін тамаша орындайды. Би тобы испан, үнді билерін орындағанда, латын- американ және африкалық биді билегенде көрермен қауым таңдана қол соғып, жоғары бағасын береді. «Қазақстан» патриоттық композициясы мен заманауи үлгідегі «Қара жорға» биі, «Аққу» биі талай дүбірлі додаларда би тобының мәртебесін көтеріп, жүлде алуларына негіз болды.

Топтың жетекшісі Махашова Ақнұр Құдайбергенқызы — 1985 жылы 12 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келген. 1991-2002 жылдары №47 Т.Тәжібаев атындағы орта мектебін бітірген. 2002-2006 жылдары Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚМУ -ді мәдениет және өнер факультетінің хореография кафедрасын аяқтаған. 2012 жылы аудан орталығы — Ақсукент ауылындағы Гуманитарлық- педагогикалық колледжінде «Самға нұр» би тобын басқарып, аудандағы іс- шараларға белсене қатысты. 2013 жылы 1 шілдеден бастап, Сайрам аудандық мәдениет үйінің хореографы қызметін атқарып келеді. Еңбек жолында «Жаннұр», «Айгөлек» би топтарын құрып, жетекшіліп еткен.
Ал, өнер додасында көлдегі аққудай сылаңдап, жібектей есілген биші қыздар ше? Олардың еңбегі де мақтауға лайықты. Кәсібилікке жол алған «Самұрық» би тобының құрамы мынадай: Акимхан Жаннұр , Қалманбет Фариза, Ермекова Жансая, Ахметжанова Әсемай, Тухтибаева Гүлназ, Қалыбекова Жанерке, Ибатбек Ұлағат, Тұрдыбекова Ақтолқын, Тағаш Мерей, Арипбаева Аружан, Уразбай Асель , Абдикул Шұғыла, Беглербек Манзура, Жұмаділ Әсел, Қалыбай Кәусар, Эшанкулова Асел, Жеткерген Аяулым, Даулетбек Сабина. Бұл биші қыздар негізгі топта өнер көрсетеді. Мың бұралып, түрлі қимыл мен әрқалай қадамды білетін де осы өнерпаздар. Ал кіші топтағы Андакулова Айзере, Әбілханқызы Айару, Сұлтанбай Сәуле, Қуанышбай Ақниет, Оразалы Айзере, Алиханқызы Саяна, Бостан Мөлдір, Бостан Мерей,Орынбасар Шұғыла мен Сахтағанова Дария осынау нәзік өнердің қыр-сырын жетекшілерінің арқасында меңгеруде талаптары тамаша.

Топтағы жаңа бағдарламаның бірі 28 биші болып билейтін « Қыз ғұмыры» биінің құрылымы ерекше. Осы өнерді орындау барысындағы қимылдарда сан түрлі композициялық көріністер кез-келген көрерменнің көңілін табатыны шүбәсіз. Сондай-ақ, «Самұрық» би тобының ұсынатын концерттік бағдарламасы да әр іс-шарада өзгеріп отырады. Бұл әрине, өз деңгейінде көрермендерді жалықтырып алмауға жасалған әрекет. Бізбен дидарласу барысында «Самұрық» би тобының көркемдік жетекшісі Ақнұр Махашова былай дейді:
— Би – халқымыздың ертедегі өнерлерінің бірі. «Қазақта би болмаған» деген сандырақ сөз. Осыдан біраз уақыт бұрын археологтар Алматы облысындағы « Таңбалы» шатқалынан билеп жүрген адамдардың бейнелері қашалып салынған петроглифтерді тапты. Бұл жаңалық әлемге мәшхүр болды. Тіпті бабаларымыздан жеткен «Кодекс куманикус» (14-ғасырда жазылған) атты сөздігінде «билеймін» деген сөз бар екен. Әйгілі Шара Жиенқұлова – қазақ халық биінің зерттеушісі, жинаушысы, ұлттық өнерімізді жаңғыртушы. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақты жарты әлемге танытса, Шара Жиенқұлова апамыз да қазақ халқына өз биін қайтарып берді. Туған халқының би өнерінің ең керемет жетістіктерін шетелдерге паш етті. Мен осындай мақтаныштарымызды шәкірттеріме үнемі айтып отырамын. Үлгі етемін.
Бүгінде Қ.Жандарбеков атындағы Сайрам аудандық мәдениет үйінде
би үйірмесі жұмыс істейді. Оған жоғарыда айтқан аудандық мәдениет үйінің хореографы А.Махашова жетекшілік етеді. Үйірмеге қатысушылар саны да артып келеді.
«Самұрық —қазақ мифологиясындағы екі дүние арасындағы дәнекер болатын, қыран тәрізді алып құс . Самұрық құсы әлемдік ағаштың (Бәйтерек) шыңында тұрады. Аңыз бойынша Самұрық өлгенімен, қайта тіріле алады.Өлгенде де, тірілгенде де от болып жанады . Самұрық құсы адамша сөйлесіп, аңыздың негізгі кейіпкеріне өз рахметін айтады. Ұшқанда күннің бетін көлегейлей ынтымаққа бастайтын алып құс; қуаныштан шаттанып күлгенде аузынан будақ-будақ төгіліп аппақ гүлдер түсетін ғажайып құс; мұңая тұрып жылағанда жасаураған көзінен мөлді¬реп моншақ-моншақ маржан төгiлетін ғаламат¬қа бергісіз құс.» Делінген ғаламторда. Демек, «Самұрық» би тобының да осынау киелі һәм аңыз есімді иеленуі бекер емес. Өңірге сондай атақты болу деген ниеттен туған әрекет болса керек. Несі бар, ниетке қарай несібе көбейіп жатса, таңдана отырып жария етеміз ғой.
… Әне, біз мәдениет үйінің сахнасына келгенде биші қыздар келесі бір үлкен байқауға дайындалып жатыр екен. Жетекшісі бір бидегі түрлі элементтерді қайта-қайта үйретіп жатыр. Музыканы тоқтатып қойып, қимылмен өзі көрсетеді. Би ойдағыдай шықпаса, осындай жаттығулар жалғаса береді екен. Ондай сәтте жетекші де үйретуден жалықпайды. Қимыл мен сөз арасында: «Би – қазақ музыкасы негізінде құрылады. Заман ілгерілеген сайын музыканың әрленуі аспаптар үнімен араласып жатады. Әр дыбысты дұрыс қабылдап, би қимылын соған орай келтіру той биінен өзгеше. Биші – музыкамен бірге біте қайнап, әннің ажарын ашатын сахна өнерпазы. Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері.» деп жатты… Біз де аудан абыройын асырып, облыстық, аймақтық додаларда маңдайы жарқырап мәреден көрінетін бишілер тобына тағы да зор жетістіктер тілеп, жылы қоштастық.
Н. Аяптегі.

9 thoughts on “ҰЛТТЫҚ БИЛЕРІМІЗДІ НАСИХАТТАУШЫ ҚЫЗДАР

  1. Жарайсыңдар мың буралған 《Самұрық》би тобының қыздары өнерлерің өшпесін, тек биіктеп алар асуларың жетер жетістіктерің көп болсын. Топ жетекшісі Махашова Ақнұр Құдайбергенқызы на көп рахмет осы қыздарды жетелеп, биік шыңдар дан көрсетіп журген, мың бурала билеп слу да қылықты болып журген Ақнұр апайының еңбегі.❤️

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *