Жалпы, ұлттық бірегейлік деген не? Оның ұлттық құндылықтарымызбен байланысы қандай? Осы сұрақтарға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Б.Өтеген былайша жауап берген еді.
Кез келген мемлекеттің, қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктер ғасырлар бойы қалыптасып отыратын мемлекеттің мүддесімен, ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен тығыз байланысты. Яғни мемлекеттің, оның қоғамының ерекшеліктерін айқындап отыратын ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтар болмаса ұлттың мәдениеті, дін мен дәстүр, қоғамдағы тұрақтылықты, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды. Бұның барлығы ұрпақ санасында өмір сүретін ұлттық құндылықтар туралы ұғымға тікелей тәуелді. Сондықтан да ұлттық құндылықтар деп мемлекет құрушы ұлттың рухани өмірін, болмысын, мәдениетін жалғастырып, болашағын айқындап отыратын және мемлекет мүддесінің негізін құрайтын, жеке адамды мемлекетімен, ұлттық болмысымен біріктіріп отыратын дүниелерді айтамыз. Ұлттық бірегейлілік санатына дүниетаным, ана тілі, ұлттың ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, ұлттық өнер түрлері, атамекен, осы атамекен жер рухын негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім, ғылым және т.б. жатады. Бір сөзбен айтқанда ұлттың табиғи ортасына сай өмір сүрудегі қол жеткізген тәжірибелері мен игіліктерін ұлттық бірегейлілік дейміз.
Әр халықтың рухани деңгейі арқылы ұлттық бірегейлік көрініп, жүзеге асып отырады. Әрине, бұл ретте ұлттық тәрбие, діни сауаттылық, тарих, интеллектуалдық қызмет, мәдениет, өнер, білім, еңбекқорлық секілді мәселелердің міндетті түрде бірге жүретіні анық. Қысқа қайырғанда, ұлттық бірегейлік ұлттың өркендеу мүмкіндігінің барометрі.
Бұл ретте, әлемдегі жаңалықтың адамзат қоғамына ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сол себепті, өркениет өрісіндегі әрбір ел өзінің дербестігін сақтап қалу, нығайту үшін мемлекеттің ішкі өмірінде ұлттық бірегейлік сақталуы тиіс. Заманның ағысына қарай мәдениет, адамзат өзгеріп, түрлі топтар, секталар пайда болуы мүмкін. Яғни, мемлекетті әлсірету арқылы ұлттық бірегейлікті ыдыратуға болады.
Дегенмен, өркениеттің игілігінен бас тартып, толық тұмшаланып тірлік кешу – қиынның қиыны. Бәлки, мүмкін емес болар. Қалай болғанда да, жүрегі құлқын емес, ұлтым деп соғатын әрбір жан өз ұлтын мақтан тұтып, ұлтқа тән бар ізгі қасиетті бойына жия білгені жөн. Себебі, дінін, білімін дәстүрге, қоғамға, тарихқа, мемлекетке қарсы қою – ұлттық бірегейлікті жояды.
Қазірге дейін қазақ руханиятындағы елдік, ар-намыс, қайырымдылық, жауапкершілік, кішіпейілді болу, төзім, қанағат, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер – ұлттық бірегейліктің негізгі тұтқасы. Алаш тұлғаларының ұстанымына айналған бұл құндылықтар арқылы қазақтың отбасында, қоғам өмірінде бірлік, түсінік, төзімділік, қайырымдылық сақталған. Адал еңбекпен күн кешуді мақсат ету – бірегейлікті сақтаудың алғышарты.
Ал ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері: ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, діннің таза күйінде сақталуы, тарих, тарихқа құрмет, ұлттық өнер, туысқандық дәстүр, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың сақталуы, заман талабына сай икемділік, білімділік, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасы бағалау және т.б.
Атам қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет мағыналы сөз бар. Бұл аталы сөз ұлтты ұйыстыруға ұлттық бірегейлікке, елдік пен ауызбіршілікке үндейді. Себебі, ұлттық бірегейліктің түп-тамыры әрбір отбасындағы ұлттық дәстүрден бастау алады. Әрине, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты жоғалтпай, бабадан балаға мирас болып жалғасқан ата дәстүрді ұмытпаған абзал.
Ал ұлттық бірегейлік болмаса не болады? Ұлттық бірегейлік болмаса, тұлғалық бірегейлік болмайды. Тұлға болмаса, тарих та болмас еді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасатын мемлекеттің негізгі құндылықтары – дәл осы тұлғалық қасиет пен ұлттық құндылықтан тұрады.
Ұлт мәдениетінің, мемлекеттің дамуы қашанда өзінің дәстүрлі эволюциялық жолымен жүзеге асып отырған. Қоғамның тарихи және әлеуметтік мәдени даму жолында мемлекет иесі ұлт ұрпақтың болашағына қажетті игіліктерді қалыптастырып отырады. Бұл игіліктер мемлекеттің дүниесіне, ұлттың меншігіне айналған дүниелер. Мемлекет пен ұлт болмысының эволюциялық даму жолы алдыменен қоғам өмірінде ұлттық бірегейліктің сақталып отыруымен тығыз байланысты. Ұлттық бірегейлік ұлттық құндылықтардың ұрпақ болмысының бойында бірігуінен шығады. Ұлттық бірегейлікті ұлттың болашағын айқындап отыратын құндылықтардың жиынтығы деп түсінген ұрпақ, алаш зиялыларының сөзімен айтсақ тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, иман дәрежесіне көтереді. Ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрінің ата дініне қайшы келмейтіндігін біледі. Бұны айтып отырған себебіміз, қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі саяси құбылыстар, әсіресе дәстүрден тыс қалыптасқан діни ағымдар, түрлі діни секталар кез келген мемлекеттің рухани өмірінде алдыменен халықтың болмысындағы ұлттық бірегейлікті жою амалдарымен көрінуде.
Ұлттық құндылықтардың халық танымында, әсіресе жастардың ой өрісінде орын алуы ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпал етіп отырады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, сақтап отыратын тарихи сана, тарихи сана негізінде қалыптасатын ұлттық сана. Ұлттық сана тарихты тегістей білуден шығады. Сондықтанда ұлттық құндылықтар дегеніміз ұлттың дүниетанымында, ұрпақтың ұлттық ойлауы негізінде өмір сүріп отыратын нәрселер. Ұлттың рухани мәнге ие төл дүниелерінің ұлттық құндылыққа айналып отыруы адыменен халықтың рухани деңгейіне тәуелді.
Халқымыз тарихта небір қиындықтарды басынан өткізгенімен ұлттық құндылықтарынан қол үзбеген, ұлт руханиятын сақтау арқылы ұлттық бірегейлікті жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихы ұғымдар сақталып отырған.
Қазақ руханиятында ұрпаққа кеңінен насихатталатын игіліктер халықтың бейбіт өмірін, тәуелсіздік, ұлттың өсімі, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді және өнерлі болу, осы жолда жігерлі болу, елдің мүддесін қорғауда жан-жақты болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, дәстүрді, тарихтың тағылымын дәріптеу және т.б.
Ұлттық құндылықтарды бағалау атамекенді, мемлекеттің мүддесін қалыптастырушы ұлттың тағылымын және ұлт тұлғаларының ерлігін түсінуден шығады. Бағалау тарихты білуден, оның рухын бойға сіңіруден, тағылымын ұғынудан басталған. Дініміздің өзі ұрпаққа осы дүниелерді үйретеді. Жаратылыс ақиқатын ұғынуда ата-ананың еңбегін, адамзаттың, халықтың игіліктерін ұмытпау, оған адал қызмет ету, білімді, өнерлі, қайырымды болу, еңбекті құрметтеу, әділетті болу дініміздің бізден талап ететін дүниелерінің бірі. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ халқының өмір сүру тәжірибесі, дәстүрі, мәдениеті, дүниетанымы, тарихы және сол тарих өрісіндегі тұлғалар тағылымының еш уақытта да дінге қайшы келмегендігін бүгін бізге тарих көрсетуде.
Дәстүрден тыс теріс ағымдардың, түрлі діни секталардың көздейтіні, бүлдіруге күш салатыны жастардың жаңа қалыптасып келе жатқан санасы, ой өрісі. Жастадың санасында жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт игіліктері туралы түсінікті өшіру арқылы тарихына, мәдениетіне, өскен ортасына қарсы қою арқылы қоғамынан ажыратып алу олардың тарапынан жасалатын басты әрекеттердің бірі екендігі белгілі. Бұндай теріс идеологияның ықпалында қалған адамның ұстанымы, түсінігі, көзқарасы өзгереді. Әсіресе ұстанымы әлеуметтік ортасына қайшы келе бастайды. Осындай жағдайлардың қоғамнан орын ала бастауы жекелеген адамдардың арасындағы азаматтық бірегейлікті жойып жібереді. Бұның артынша қоғамдағы ұлттық бірегейлік әлсірей бастайды.
Адамзат баласының ғасырлар бойғы игілік тақырыбындағы ізденістерінің мәні мен себеп-салдары ағартушылық деңгейімен көрінеді. Себебі игілік ұғымын зерделеуде адам баласы көптеген білім түрлерін қалыптастырған. Дәстүрлі ата дініміздің өзі білімді, сауатты, мәдениетті болуды қашанда ұрпақтан талап етіп отырған. Міне ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді сақтау арқылы жаһандану кезеңінде әлемдік мәдениеттен ойып тұрып орын алуға мүмкіндік аламыз.
Н. Аяптегі.
Тамаша. Даңқы арта берсін.