ЫРЫСТЫҢ КӨЗІ – КӘСІПКЕРЛІКТЕ

Алаштың ардақты һәм атақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Бір кісіге» деген өлеңінде:

– Бір үйде жиюлы екен қазына мал,

Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:

Бұрынғы атамызға сыйға берген,

Біздерде мынадай бар, мынадай бар. – депті. Сол тұлға айтқандай, тұрғындары еңбекқорлығымен еленген Сайрам ауданында барлығы бар. Іскерлік пен ісмерлік, кәсіпкерлік пен нәсіп етерлік, істің көзін білу мен игіліктің өзін білу бәрі де кездеседі.

Кәсіпкерліктің қарқынды дамуы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына сеп болып отыр. Жаңа жұмыс орындары, ішкі нарықты қамтамасыз ету кәсіпкерлікті қолдау айрықша маңызға ие. Бүгін  ауданда облыстағы БАҚ өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлік нысандарға баспасөз-туры өтті. Журналистер алдымен Манкент ауылдық округіндегі «Өзге» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Аталған нысанның құны 770,0 млн.теңгені құрайды. Бұған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен 170,0 млн.теңге қолдау көрсетілген. Спорт кешені бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Мұнан соң журналистер аудан орталығы Ақсукент ауылдық округінің елеулі кәсіпорындарын аралады. Солардың бірі газоблок пен бетон бұйымдарының барлық түрін өндіретін «ECO-BUILDING GROUP» ЖШС. Бұл жерде жылына 150 мың текше метр өнім өндіріледі. Жобаның жалпы құны — 1 026,3 млн.теңгені құрап, 62 адам жұмыс істеуде. Кәсіпкерлік нысан – Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына өнімдерін өткізуде. БАҚ өкілдері барған Ақсукент елді мекеніндегі екінші нысан — «TURKISTAN  май» сауда белгісімен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын. Аталған кәсіпорын жылына 1200 тонна май өндіреді. Бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның құны: 435,0  млн.теңгені құрайды. Өткізу нарығы 70%  Қазақстан,  30% Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспортталады. Сонымен қатар, тілшілер аудандағы ірі көлемде 60 мың тонна құрама жем өндіруге қауқарлы  зауыттың жұмысымен танысты. «ЖК Абдукадиров» тұрақты 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.Жобаның құны: 600,0 млн тнг. Бүгінде 30% Өзбекстанға экспортталады екен.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды, жобаның мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Сайрам ауданынан бұл жобаға 4 ауылдық округтері еніп отыр Ақбұлақ, Жібек жолы, Қайнарбұлақ, Көлкент ауылдық округтері. Осыған орай, журналистер «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес ашқан фермермен кездесті. Көлкент ауылының кәсіпкері Темірхан Сәрсенов ұлттық жоба аясында 5 млн. 600 мың теңге көлемінде 2.5% несие алған. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер 80 ірі қара мал сатып алып, қой санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, журналистер тіс емханасына аялдады. Көлкенттік тіс дәрігері Маружон Имамов кәсіпкерлік бағытта  7 100 000 теңгеге ұлттық жоба аясында несие рәсімдеген. Кәсіпкер қаржыға стоматология жабдықтарын қосымша кеңейту мақсатында алып отыр.

Іс-шара барысында БАҚ өкілдеріне Қарабұлақ ауылдық округіндегі бұзылған «қызыл сызықтағы» нысандар көрсетілді. Аудан әкімі Арман Сәбитовтың тапсырмасы бойынша жұмыс атқарылып,Қарабұлақ ауылдық округінде заңсыз салынған 17 нысан анықталды. Бүгін олардың 3-і сүрілді, ал қалған 14 нысан иелеріне бұзуға уақыт берілген болатын. Егер кәсіпкерлер «қызыл сызықта» орналасқан ғимараттарды өз еркімен бұзбаған жағдайда, іс сотқа өтеді және кәсіпкер 1.5 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Баспасөз-турының соңында журналистер Қасымбек датқа ауылындағы «Қайып ата» ЖШС-іне барды. Бұл ет өнімдерін өңдейтін цех 2016 жылы іске қосылған. Жылына 6000 тонна ет өндіреді. Қазір мұнда 45 адам жұмыспен қамтылған.  Өнімдер Ресей және Өзбекістан елдеріне экспортталады.

Жалпы Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған аудан.  Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 25,4%-ға артып, 21 701 бірлікті құрады. Оның 53%-ы жеке кәсіпкерлер. Олар аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

   Дана СҮЛЕЙМЕНОВА.

Сайрам ауданы. Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *