Ұлттық патриотизм – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының, қоғамның бірлігі мен елдің болашағының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге құрметті, мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді қалыптастыру қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің қатарына жатады. Өйткені бүгінгі жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын буын.
Патриотизм ұғымы тек Отанды сүюмен ғана шектелмейді. Ол туған жердің тарихын білу, ана тілді құрметтеу, ұлттық дәстүрлерді сақтау, мемлекеттің дамуына үлес қосу, қоғамдық жауапкершілікті сезіну және елдің болашағына бейжай қарамау сияқты қасиеттерді қамтиды. Сондықтан ұлттық патриотизмді қалыптастыру жұмыстары отбасыдан басталып, білім беру ұйымдары, қоғамдық институттар мен жастар ұйымдары арқылы жалғасуы тиіс.
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар түрлі ақпараттық кеңістіктің ықпалында өмір сүріп келеді. Әлеуметтік желілер мен интернеттің дамуы жастардың дүниетанымына айтарлықтай әсер етуде. Мұндай жағдайда ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи сананы қалыптастыру және жастардың елдік мүддеге деген жауапкершілігін арттыру ерекше маңызға ие.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» рөлі ерекше. Орталық жастардың әлеуметтік, мәдени және рухани дамуына жағдай жасап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, спорттық және мәдени іс-шараларға тарту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, қиын жағдайға тап болған жастармен жұмыс жүргізу, ұлтаралық татулықты сақтау және жас көшбасшыларды қалыптастыру мақсатында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан түрлі клубтар мен еріктілер мектебі жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда талантты жастарды қолдау мен олардың шығармашылық әлеуетін дамыту ұлттық патриотизмді нығайтудың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Себебі өз қабілетін ел игілігіне жұмсайтын, қоғамдық өмірге белсенді араласатын жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттер де берік қалыптасады. Осы мақсатта Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аудан көлемінде жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, білімділікке, салауатты өмір салтына және азаматтық белсенділікке баулуға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» атты акция тұрақты түрде өткізіліп келеді. Акция барысында ерікті жастар қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы ақпараттық парақшалар таратты. Мұндай шаралар жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, әділдік пен адалдық қағидаларын насихаттауға ықпал етеді.
Жастардың салауатты өмір салтын ұстануы да патриотизмнің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Осы мақсатта Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен 12 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде және «Ақсу жекпе-жек» спорт клубында әлем чемпиондарымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты жастарды спортпен тұрақты айналысуға, биік жетістіктерге ұмтылуға және өз елінің намысын қорғауға ынталандыру болды. Іс-шараға 1000-ға жуық жас қатысты.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу де ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі саналады. Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Отбасылық құндылықтар» тақырыбында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы мен спикер Айжамал Бауыржанқызының қатысуымен тағылымды кездесу өткізіліп, отбасының қоғамдағы орны, ұлттық тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Кездесуге 200 жас қатысып, тәрбиелік маңызы зор ойлармен бөлісті.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан «Көңілді күн», QUIZ интеллектуалды ойыны, «ТамашаLIKE» кинокөрсетілімі, «TANYSBOL» жобасы сияқты мәдени және танымдық шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай жобалар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Жастар арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыру ұлттық патриотизмнің маңызды көрінісі болып табылады. 5 наурыз күні Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы еріктілер тобы «Мейірімділік жүректен» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетті.
Сонымен қатар Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен аудан көлемінде «Тазалық акциясы» аясында тұрақты түрде сенбіліктер өткізіліп, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізілуде.

12 ақпан күні аудан тазалығы үшін еңбек етіп жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық кофе мен тәтті бәліштер таратылып, жастар үлкендер еңбегіне құрмет көрсетті. Бұл игі шара Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» еріктілерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Кітап сыйла» акциясы өткізіліп, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Акция барысында әдебиетке қатысты сұрақтарға жауап берген жастарға 25 кітап сыйға тартылды.
Тарихи сананы қалыптастыру бағытында да Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. 15 ақпан күні «Ауғанстан ақиқаты» атты кездесу ұйымдастырылып, ардагерлердің ерлігі жастарға насихатталды. Бұл шараға 100 жас қатысты.
19 наурыз – Жаңару күніне орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен Бейбітшілік саябағында ағаш отырғызу акциясы өткізілді. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысып, 300-ге жуық көшет егілді.
Ораза айында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ауызашар қоржындарын тарату акциясы өткізіліп, оған 20 ерікті жас қатысты.
Сәуір айында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты патриоттық шарада әскери қызметтің маңызы, Отан алдындағы борыш және батырлық дәстүрлер кеңінен насихатталды. Іс-шараға 200 жас қатысты.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ерікті жастары аудан тұрғындарына 400 дана «Жеңіс лентасын» таратып, ардагерлер ерлігіне тағзым етті.
13 мамыр күні Аналар күніне арналған «Рахмет, Анашым» челленджі Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізіліп, жастар ата-аналарына деген сүйіспеншілігі мен құрметін білдірді.

27 мамыр күні Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты іс-шара өткізіліп, тарихи жадыны сақтау мен ерлік дәстүрін дәріптеу мәселелері қозғалды.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан «Көк туым – мақтанышым» атты іс-шара ұйымдастырылып, жастар арасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениеті насихатталды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, судағы қауіпсіздік, қаржы пирамидаларының зияны және нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
26 маусым күні Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде «Есірткісіз болашақ» атты іс-шара өткізілді. Оның мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттердің алдын алу болды. Іс-шараға 100 жас қатысты.
Сонымен қатар Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында караоке кештерін ұйымдастырып, жастардың өнерін шыңдауға және мәдени демалысын тиімді өткізуге мүмкіндік беруде.
Бүгінгі таңда Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастар арасында көшбасшылық қасиеттерді дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Түрлі тренингтер, пікірсайыс алаңдары, семинарлар мен кездесулер жастардың өзін-өзі дамытуына, қоғамдық белсенділігін арттыруға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етуде.
Цифрлық технологиялардың дамуы жастар өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Осыған байланысты Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстар жүргізіп, жастар арасында ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік тілді және тарихи сананы насихаттауда.
Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік бағдар беру, кәсіпкерлікке баулу және еңбек нарығына бейімдеу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әртүрлі кездесулер, кеңестер және жастарға арналған жобалар олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына мүмкіндік береді.
Ұлттық патриотизм тек мерекелік іс-шаралармен ғана өлшенбейді. Ол туған жерге деген сүйіспеншіліктен, қоғамдық жауапкершіліктен, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттен, қоршаған ортаға жанашырлықтан және елдің дамуына үлес қосудан көрінеді. Осы тұрғыда Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметі жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Қорыта айтқанда, ұлттық патриотизмді қалыптастыру мен талантты жастарды қолдау – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Елін сүйетін, білімді, белсенді, шығармашыл әрі жауапкершілігі жоғары жастарды тәрбиелеу арқылы ғана мемлекетіміздің болашағын нығайта аламыз. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметі қоғам үшін аса маңызды.
Бірлігі бекем, рухы биік, отансүйгіш әрі талантты жастар – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі. Ал жастарға қолдау көрсету, олардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.
Әділхан ТӨЛЕГЕНОВ, Ақсукент ауылы.