Қазіргі ақпарат ғасырында журналистика қоғамның жай ғана ақпарат жеткізушісі емес, қоғамдық сананы қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, азаматтық жауапкершілікті орнықтыратын маңызды институтқа айналды. Газет, журнал, телеарна, радио және интернет-платформалар халық пен биліктің арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Әсіресе мемлекет дамуының жаңа кезеңінде журналистиканың патриоттық тәрбие мен мемлекеттік саясатты түсіндірудегі рөлі бұрынғыдан да арта түсті.
Қазақ халқы қашанда сөз құдіретін жоғары бағалаған. Ел тағдырына қатысты мәселелерді билер мен шешендер сөз арқылы шешкен. Бүгінгі журналистика сол тарихи миссияның заманауи жалғасы іспетті. Журналист халықтың мұңын жеткізіп қана қоймай, елдік мүддені қорғауға, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға қызмет етеді.
Патриотизм – кез келген мемлекеттің беріктігін айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі. Отанды сүю тек әнұран айту немесе мемлекеттік рәміздерді құрметтеумен шектелмейді. Ол – туған жердің дамуына үлес қосу, қоғамдық тәртіпті сақтау, заңға құрметпен қарау, адал еңбек ету және ел болашағына жауапкершілікпен қарау.
Осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі ерекше. Газет-журналдарда еңбек адамдарының жетістіктерін насихаттау, тарихи тұлғаларды дәріптеу, тәуелсіздік жолындағы күрескерлердің өнегесін көрсету, жастардың табысты бастамаларын жариялау арқылы патриоттық сана қалыптасады. Ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениет, мемлекеттік тіл, тарихи мұра, әскери-патриоттық тәрбие және қоғамдық келісім тақырыптарының тұрақты көтерілуі азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін күшейтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президент 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында: «Отаншылдық дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік. Алайда Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, “патриотпын” деген сөзіңнің құны болмайды» деп атап көрсетті. Бұл пікір патриотизмнің шынайы мазмұнын айқындап берді. Мемлекет басшысы туған елге деген махаббат нақты іспен, азаматтық жауапкершілікпен өлшенуі тиіс екенін айтты.
Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының өзегінде де жауапкершілік, әділдік және ынтымақ қағидаттары жатыр. Әділдік – заң үстемдігі мен тең мүмкіндіктің кепілі. Ынтымақ – қоғам тұрақтылығының негізі. Ал жауапкершілік – әр азаматтың мемлекет алдындағы парызы.
Бүгінде журналистиканың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – осы құндылықтарды халыққа түсіндіру. Себебі қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлік ақпараттық кеңістіктегі сапалы контенттен басталады. Жалған ақпарат пен арандатушылық материалдардың көбейген заманында кәсіби журналистің жауапкершілігі бұрынғыдан да артып отыр.
Қоғамдағы жауаптылық құндылығы әрбір азаматтың күнделікті ісінен көрінеді. Салық төлеу, заңды сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық жұмыстарға қатысу, жастар тәрбиесіне үлес қосу – мұның бәрі азаматтық жауапкершіліктің нақты көріністері. Мемлекет тек мемлекеттік органдардан тұрмайды. Мемлекет – халық. Сондықтан елдің дамуы әр адамның ұстанымына байланысты.
Соңғы жылдары Түркістан облысында патриоттық бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мәселен, 2026 жылдың мамыр айында Түркістан қаласында Отан қорғаушылар күніне арналған ауқымды патриоттық іс-шара ұйымдастырылып, әскери қызметкерлер мен ардагерлердің ерлігі насихатталды. Шараға әскери құрылымдар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар қатысты.
2026 жылғы 7 мамыр қарсаңында облыстың білім беру ұйымдарында «Ер есімі – ел есінде» атты әскери-патриоттық кездесулер өткізіліп, жастарға ел қорғаған батырлардың өмір жолы таныстырылды.
Ал Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Біртұтас ел – Біртұтас жер» әскери-патриоттық акциясының басты мақсаты жастар арасында отансүйгіштік рухты нығайту, әскери қызметтің беделін арттыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту болды.
Сайрам ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Ауданда «Айбынды жастар – Қазақстанның тірегі» патриоттық акциясы аясында әскерге шақырылған жастарды салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылып, жас буынға Отан қорғаудың қасиетті борыш екені түсіндірілді. Іс-шараға ардагерлер, аудан әкімдігі өкілдері, «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері мен жастар қатысты.
Мұндай шаралар жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Өйткені патриотизм ұранмен емес, нақты әрекетпен өлшенеді.
Журналистика дәл осы бағыттағы жұмыстардың елге кеңінен таралуына ықпал етеді. Егер бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық құндылықтарды, еңбек адамын, ғылым мен білім жетістіктерін, тарихи сабақтастықты және мемлекеттік саясаттың мәнін тұрақты насихаттаса, қоғамның рухани тұтастығы нығая түседі.
Бүгінгі Қазақстанға білімді, еңбекқор, жауапты әрі отаншыл азаматтар қажет. Мемлекеттің қуаты табиғи байлықпен емес, адам капиталымен өлшенеді. Сондықтан патриотизмді отбасыдан, мектептен және ақпарат кеңістігінен бастап қалыптастыру – уақыт талабы.
Ел тарихына көз жүгіртсек, қазақ халқы ең қиын кезеңдердің өзінде бірліктің арқасында аман қалды. Бүгінгі бейбіт өмір де сол ынтымақтың жемісі. Ендеше, әрқайсымыз туған жеріміздің гүлденуіне үлес қосып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, заңға бағынуды азаматтық мәдениеттің өлшеміне айналдыруымыз керек.
Отанға деген сүйіспеншілік – құр сөз емес, күнделікті адал еңбек. Патриотизм – жауапкершілік. Патриотизм – әділдік. Патриотизм – бірлік. Болашақ Қазақстанның келбеті бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан әрбір азамат жүрегінде елге деген мақтаныш сезімін сақтап, туған жердің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Өйткені қуатты мемлекет ең алдымен өз Отанын сүйетін азаматтардан құралады. Ал Отанға қызмет ету – әр қазақстандықтың қасиетті парызы.
Нұрғиса ТӨРЕМҰРАТОВ.