ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ

Өзбек тілі мен әдебиеті – тек бір халықтың ғана емес, күллі түркі жұртының баға жетпес рухани мұрасы. Оның тереңдігі мен көркемдігін ұлы ойшылдар мен ақындар ғасырлар бойы паш етіп келеді. Осы орайда, ақпан айының он бірінші жұлдызында №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектеп КММ-де өзбек тілі мен әдебиетінің онкүндігінің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатының тақырыбы «Маърифат осмонида учган юлдузлар» болып, мектептің төл тарихынан мол сыр шертілген ауқымды іс-шараға жалғасты. Бұл іс-шара тек әдебиет мерекесі ғана емес, ұстаздарға тағзым, өткенге құрмет көрсетудің мән-мағынасын айқындайтын ерекше оқиғаға айналды.
Іс-шараға мектебіміздің оқушылары мен өзбек тілі және әдебиеті қауымдастығының ұстаздары белсене қатысты. Оқушыларымыз адамның әдебиетпен үндескен көркем сезімдерін қозғай отыра, мектебіміздің тарихынан ойып тұрып орын алған өзбек тілі мен әдебиеті пәндерінен оқытушыларымызды еске ала отыра ғажап өнерлерін көрсетті. Онкүндіктің ашылу салтанаты бүтін түркі халықтарының, әлем әдебиетінің жарқын үлгілеріне айналған шығармалардың авторлары Захириддин Мухаммед Бабыр, Әлішер Науаидей алып тұлғалардың туған күнімен тұспа-тұс келді. Сіздерге осынау әдебиеттің жарқын бейнесін көрсеткен әдебиет алыптарын, ұстаздарымызды еске алу кешінің қалай өрбігені туралы айтып берейін.
Іс-шара үшін мектебіміз түрлі-түске боялып, әсем безендірілген болатын, сол әдемі көріністе келген қонақтарды ұстаздарымыз бен ұлттық нақышта киінген оқушыларымыз асқан құрметпен сәлемдесіп, күтіп алды. Әріқарай мерекелік шара мектебіміздің акт залында жалғасын тапты.
Салтанатты шараны мектебіміздің директоры Л.Ю. Малабаева апайымыз ашып беріп, өзбек тілі мен әдебиетінің мәртебесі туралы тебірене сөз сөйледі. Ол ең алдымен естелік кешіне келген барша ұстаздарға келгендері үшін алғыс білдіре отыра, өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде өзінің ұстаздық жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісе кетті. «Әлішер Науаи, Захириддин Мұхаммед Бабыр сынды ғұламалардың мұрасы – тек әдебиет емес, адамзаттың сан ғасырлық парасатының жарқын көрінісі. Олардың қалдырған мұрасы бізге рухани бағдар болып қалады. Бүгінгі шара – олардың есімін ұлықтау ғана емес, осы мұраны жас ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы», – деп атап өтті мектеп басшысы. Сондай-ақ, директор мұғалімдердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Ұстаз – тек білім беруші емес, жүрек жылуын шәкіртіне арнайтын адам. Біздің мектебіміздегі ұстаздар қауымы әрбір баланың жан-дүниесін түсініп, оларға бағыт-бағдар көрсетуде орасан зор еңбек етіп келеді. Бүгінгі іс-шара – сол ұстаздардың еңбегінің жемісі, – деді ол.
Директордың жылы лебіздерінен кейінгі сөз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына берілді. Мухаббат Тойчиева апайымыз өз сөзінде білім мен тәрбие беру ісіндегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті. Біздің мектепте білім ғана емес, жан-жақты дамуға баса назар аударылады. Әдебиет те, спорт та, өнер де бір-бірін толықтырып, оқушылардың рухани және физикалық дамуын қамтамасыз етеді. Ұстаздарымыз шәкірттерге тек кітаптан алған білімді ғана емес, өмір сүрудің, тәртіпті болудың, адалдық пен парасаттылықтың жолын көрсетеді. Сонымеп бірге біз өзбек әдебиетімен қатар, осы жолда тер төккен мұғалімдерімізді де еске алып отырмыз. Олар біздің ортамызда болмаса да, олардың еңбегі мәңгілік. Әрбір шәкірт – ұстаздың өмірінің жалғасы, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Осылайша, өзбек тілі мен әдебиетінің онкүндігіне қадам бастық.
Онкүндік аясында өткен ұстаздарға тағзым ету шарасы көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ардагер ұстаздар шақырылып, олардың білім беру жолындағы қажырлы еңбектері туралы естеліктер айтылды. Олардың әрқайсысы жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар қазіргі уақытта ортамызда жоқ, бірақ мектебімізде өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, оқушыларға тәлім-тәрбие берген Мақсуда опа Абдужалилова, Карима опа Қурбоналиева, Халима опа Раимбекова, Марҳамат опа Усмонова, Мамлакат опа Хидирова ұстаздарымызды еске алу мақсатында арнайы бейнеролик көрсетілді. Бейнероликте ұстаздардың еңбектері, мектеп өміріндегі орны, олардың шәкірттердің бойына сіңірген ізгі амаладары көрсетілді, бұл сәт көпшіліктің жүрегін тебірентіп, өз өмірін ұстаздыққа арнаған жандардың өлшеусіз еңбегін тағы бір мәрте еске салды.
Мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, өзбек әдебиетінің інжу-маржандары саналатын жырлар мен шығармалардан үзінділер оқыды. Шара барысында әдеби қойылым қойылып, онда кітап оқудың, шығарманы түсініп, саралай білудің маңыздылығы көрініс тапты. Оқушылар өзбек әдебиетінің көрнекті шығармаларының кейіпкерлерін сомдап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады.
Поэзия кешінде оқушылар ғана емес, ұстаздар да өз жүректерінен шыққан жыр жолдарын оқып, әдебиеттің адам жанына әсер ететін құдіретін паш етті. 7-сынып оқушысы Инатов Бехруз ұстаздарға арнап әсем ән шырқады. Бұл сазды әуен көрерміннің жанын жадыратып, көңілін көтеріп қойды.
Шара соңында ардагер ұстаздарға мектебіміздің атынан сыйлықтар табысталып, келгендері үшін шын жүректен алғыс айтылды. Оқушылар мен ұстаздар естелікке суретке түсіп, бір-біріне жақсы тілектерін білдірді.
Бұл онкүндік – тек әдебиет мерекесі ғана емес, ұстаздықтың ұлы жолына құрмет көрсету, өткенге тағзым ету және болашаққа бағдар жасаудың жарқын үлгісі болды. Ұстаз еңбегі ешқашан ұмытылмайды, ал әдебиет – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра.

Диана ЕСЕНБЕК,
Түркістан облысы, Сайрам ауданы №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектеп КММнің қосымша білім беру педагогы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *