ЕЛ РӘМІЗДЕРІ — ЕЛ РУХЫ, ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК—ЕЛ ТІРЕГІ

Ел рәміздері – ел рухы, жергілікті билік – ел тірегі екені рас.
2025 жылғы 4 маусым күні Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылында орталық саябақтағы «Рәміздер алаңында» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің нышаны» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара барысында алдымен патриоттық әндер әуенімен келген қонақтарды қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Мұнан кейін жүргізуші Нұрлан Қылышбеков сөз алып, мерекелік бағдарламаның шымылдығын ашты. Одан кейін аудан әкімі Арман Сәбитов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің маңызына тоқталып, ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтудағы рөліне ерекше мән берді.
Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, Мемлекеттік Ту көкке көтерілді. Бұл сәт көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер орындалды. Атап айтқанда: Б.Тілеухановтың «Елім менің» әнін Н.Асқар орындады; Н.Тілендиевтің «Алатау» әнін Нұрлан Балпақожа шырқаса, Е.Зейіпханның «Көк Тудың желбірегені» әнін аудандық мәдениет үйінің әншілері Ш.Әбілдаева, А.Байқожақаева, С.Байберді және А.Қадыр орындады.
Бұл іс-шара қатысушылардың патриоттық рухын көтеріп, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыра түсті. Көк Тудың астында ән айтылып, Отанға деген сүйіспеншілікке толы сәттер жұртшылықтың есінде ұзақ сақталары анық. Мемлекеттік рәміздер – ұлттың рухын асқақтатып, болашаққа сеніммен жетелейтін киелі құндылықтар. Мұны өскелең ұрпақ әрине, түсініп өсетініне сенеміз.
Жалпы, көк аспан астында желбіреген көк Ту, сайын даланың төсінде шырқалған Әнұран, қасиетті шаңырақты бейнелеген Елтаңба – бұлар жай ғана белгілер емес. Бұлар – жүректегі Отан, жанымыздағы мақтаныш, санамыздағы елдік ұғым. Ал сол Отанның өркендеуі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген жергілікті билік – халық пен мемлекетті жалғайтын алтын көпір. Ғасырлар бойы ата-бабамыз жер мен ел үшін жандарын пида етіп, ұрпақтың қамымен талай атқа қонды. «Бөрілі байрақ» ұстап дұшпанға аттанғанда тізесі қалтырап, жаны көзіне көрінген жау берілмескеамалы қалмады… Жә, жарайды, тарих ол басқа тақырыптың еншісінде дейік. Біздің әңгімеміз бүгінгі бейбіт заман, болашаққа басылған қадам.
Көк байрақ – болашаққа бет алған елдің белгісі.Тарих парағын парақтасақ, талай ұлттың туы құлап, елдігі шайқалған кезеңдер аз болмаған. Біз болсақ – маңдайымызға Тәуелсіздік тағдырын жазған халықпыз. Қазақстанның көк Туы – сол Тәуелсіздіктің тірі куәсі. Көк түс – бейбіт аспанымыздың, алтын күн – болашағымыздың, самғаған қыран – еркіндігіміздің белгісі. Ту тек шенділердің алдында тұрған мата емес, ол – әр қазақтың кеудесінде желбіреп тұрған сенім. Әр сәрсенбі сайын мектептегі сапта тұрып Әнұранды айтқан сәт – бала жүрекке елдік сезімді құятын қасиетті мезет.
Елтаңба – шаңырақтың символы, бірліктің белгісі. Елтаңбадағы шаңырақ – қазақтың ұлы мұрасы. Ол – отбасылық жылылықтың ғана емес, бүтін елдің басын біріктірген рухани орталықтың бейнесі. Шаңырақтан тараған уықтар – сан алуан ұлт өкілдерінің тату-тәтті тіршілігін білдіреді. Қанатты тұлпар – армандар мен еркін ойдың символы. Біз Елтаңбаға қарағанда, өз үйіміздің төбесін көргендей боламыз. Өйткені Отан – әркімнің жүрегіндегі шаңырақ емес пе? Әнұран – жүрекпен айтылатын жыр. Әнұран шырқалғанда, алаңда тұрған мыңдаған адам бір сәтте тынышталып, оң қолын жүрегіне қояды. Бұл – құр сөз емес, бұл – елге деген махаббаттың үнсіз антындай әсер береді.
Әнұран – қазақтың ерлігі мен еңбекқорлығын жырлаған гимн. Онда намыс бар, парасат бар, арман бар. Бұл ән – тарихтың жаңғырығы, болашақтың үміті.
Жергілікті билік – елдің тамырына қан жүгіртетін жүйе. Отан деген ұлы ұғым биікте ғана тұрмайды. Ол ауылдағы мектептен, қаладағы ауруханадан, шұрық-тесік жолдан басталады. Міне, осы тіршіліктің барлық майданына жауапты – жергілікті билік. Әкімнің бір шешімі ауылдағы халықтың өмірін өзгертуі мүмкін. Мәслихат депутатының сөзі – көптің үнін жеткізетін мінбер. Халық пен биліктің арасы неғұрлым жақын болса, ел соғұрлым берік болады. Жергілікті басқару – мемлекеттің жүрегі. Ол соқпай қалса, ел ілгері баспайды. Қорыта айтқанда Ел мен ертең – екеуі де өз қолымызда.Рәміз – ел рухы. Билік – ел тынысы. Осы екеуі үйлесім тапқанда ғана мемлекет мызғымайды. Көк Туға қарап жігерленіп, Елтаңбаға қарап елдікті сезініп, Әнұранмен жүректі тулатып, жергілікті билікке сеніммен қарап өмір сүрсек – ұрпаққа жарқын болашақ қалдырамыз. Еліміздің әр азаматы ел рәмізіне құрметпен қарап, жергілікті басқаруға бейжай қарамаса – Қазақстанның болашағы жарқын болады. Себебі Отан – алыстағы ұғым емес. Отан – сенің жүрегіңде, туған ауылыңда, сол ауылдағы мектепте, әкімдікте, көшеде. Осыны есте сақтаған азамат есті азамат. Патриоттығымыз жоғалмасын, ағайын!
Нұртілек Тұрдымұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *