«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІҮ отырысында: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген болатын.
Осыған орай, Сайрам ауданында салтанатты жиын ұйымдастырылып, руханият пен өнер саласына өлшеусіз үлес қосып жүрген ардақты азаматтар 21 мамыр – Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында лайықты марапатқа ие болды.
Аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихаттың төрағасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы және мәдениет саласының ардагерлері мен жас мамандар қатысты. Бұл жиын — ұлттың рухани тірегі саналатын мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген жандардың құрметіне арналған айтулы оқиға болды.
Салтанатты жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі маңызды рөліне тоқталып, сала қызметкерлеріне алғыс білдірді.
– Мәдениет – ұлттың жаны, рухтың айнасы. Өнер мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрқайсыңыз – халқымыздың рухани байлығының сақтаушысы әрі дамытушысысыздар. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жас ұрпақтың бойында мәдени сана қалыптасуда. Осы еңбектеріңіз әрдайым ел игілігі үшін қызмет ете берсін, – деді өз құттықтауында.
Мерекелік шара аясында өңірдің мәдени өміріне белсене араласып жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының және аудандық мәслихаттың атынан да сала үздіктері елеусіз қалмады. Олар да арнайы алғыс хаттармен, марапаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл — мәдениет саласының қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен олардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Айта кетерлігі, марапатталғандардың қатарында аудандық кітапхана, музей, мәдениет үйі және ауылдық клуб қызметкерлері, көркемөнерпаздар ұжымының жетекшілері, халық шығармашылығын насихаттап жүрген ұстаздар, жас таланттар мен мәдениет саласының белсенді ұйымдастырушылары бар.
Жиынның әсерлі сәттерінің бірі — сахна төріне көтерілген ардагер мәдениет қызметкерлеріне көрсетілген құрмет болды. Олар өздерінің жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, жастарға сәттілік тіледі. Бұл жастар мен аға буынның арасындағы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сайрамдық өнерпаздар ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды шеберлікпен орындап, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне жарқын сәттер сыйлады. Халық әндері мен күйлер, термелер мен заманауи композициялар көрермендерді тәнті етті.
Кеш барысында жас өнерпаздармен қатар, ауданымыздың өнер майталмандары да сахнаға шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұл кеш — мәдениет қызметкерлері үшін кәсіби шабыт пен рухани серпін берген әсерлі шара болды.
Мәдениет – тек сахна мен көркем шығарма ғана емес, ол – елдің рухани тірегі, ұлттық болмысымыздың негізі. Ал осы саланың қызметкерлері – халықтың жүрегіне жол таба білген, рухани байлықты болашақ ұрпаққа аманат етіп жүрген жандар. Олардың еңбегі – сөзсіз құрметке лайық.
21 мамыр – сахна сыртында көрінбей еңбек етіп, ұлттық мұраны ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төгіп жүрген мәдениет пен өнер қызметкерлерінің қоғамдағы орнын айшықтайтын ерекше күн. Бұл күн – олардың шығармашылығы мен табандылығына, ізденісі мен ынтасына көрсетілген шынайы құрмет.
Осындай мерекелік жиындар мәдениет пен өнер саласының дамуына тың серпін беріп, сала қызметкерлерін жаңа жетістіктерге жетелейді. Ал рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту — баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ә.Маратұлы.