Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубында Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен атақты ақын, тарихшы, шежіреші қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туғанына 165 жыл толуына орай, «Мәшһүр оқулары» атты байқау өткізілді.
Бұл байқаудың мақсаты – философ – ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің рухани мұрасын дәріптеу, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық, философиялық талғамдарын, сахналық мәдениетін дамыту, шығармадағы ел мен жерді құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіру, адамгершілік рухында тәрбиелеу.
Ауданымызға қарасты ауылдық кітапханалардың оқырмандарының арасынан алғыр да, білімді 10-16 жас аралығындағы 10 қатысушы қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау барысында көрермендерге Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарихи тұлға» атты бейнекөрсетілім көрсетіліп, «Жыры жасын, сыры асыл» кітап көрмесі ұсынылды. Сайрам аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанар Нарботаева байқауды ашып, қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Қатысушылар төмендегі талаптар бойынша сайысқа түсті:
І кезең – «Білімді зерек болам» Мәшһүр Жүсіптің туындыларынан бір өлеңін (нақыл, арнау, жоқтау, аңыз, дастан, сапар, т.б өлеңдерінен оқу).
ІІ кезең – «Тұрмыс-салт жырлары» Мәшһүр Жүсіптің кез келген тұрмыс-салт жырларынан үзіндіні образға еніп оқу.
ІІІ кезең – «Ұлы Даланың ұлы есімдері» Мәшһүр Жүсіптің шығармаларындағы ұлттың ұлы тұлғалары – «Хандар мен ел билеушілер», «Батырлар», «Әнші-ақындар» т.б бірін сипаттап, тұлға туралы қандай да бір деректер келтіріп, оқиға арқылы кейіпкерді ашу.
Қазылар алқасының мүшелері Сайрам аудандық «Тілдерді дамыту және оқыту орталығы» КММ директоры – Зухра Ақпанова, аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы – Гүлшат Көшербаева, жергілікті ақын, сазгер, кітапханашы –Роза Әбдіжаппарова байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде оқырманның сөйлеу мәнеріне,тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне назар аударып, байқау қорытындысы бойынша әділ бағалады. Нәтижесінде жүзден жүйрік атанып, Бас жүлдені – Әсел Ерден , І орын – Назым Сейітжан (Құтарыс ауыл кітапханасы), ІІ орын – Мумтозбегим Иристаева (Қарабұлақ -14 ауыл кітапханасы), ІІІ орын- Дияс Секен (Таскешу ауыл кітапханасы) еншілеп, арнайы Дипломдармен, қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға Сайрам АОКЖ атынан естелікке сыйлықтар табысталды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалары қазақ ұлтының ақыл-ойының бір биігі ретінде туған халқымен бірге мәңгі жасай бермек. Осындай тұлғаларымызды пір тұтып, оның әдеби мол мұрасын оқып, мағынасын зерделеу арқылы пайым-парасатымыз кеңейіп, жас ұрпақтың білімді болары анық.
Ә.МАРАТҰЛЫ.