ӨЗГЕ ЖҰРТТАН АРТТА ҚАЛМАЙЫҚ ДЕСЕК.

Атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады
Ел ішінде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіұшты пікір айтылуда. Соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Энергетиктер мен ғалымдар АЭС-тің еліміздің экономикалық тұрғыдан дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тигізетін әсері мол екенін айтуда.
Расында да қазір экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр энергиясына байланысты болып тұр. Яғни, күннің жарығы мен жылуы адам баласының тіршілігі үшін қандай қажет болса, АЭС те еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өсіп-өркендеуіне сондай қажет болуда. Сондықтан, ұрпағымыздың ертеңін бүгіннен бастап ойлаған абзал.
Дамыған мемлекеттер қатарына енуіміз үшін де ең бірінші кезекте электр жарығына тәуелсіз болуымыз керек. Қазір өздеріңіз білетіндей, электр жарығын күндіз-түні үздіксіз пайдаланатын уақытта өмір сүрудеміз. Қолымыздағы ұялы телефонның өзі де электр қуатымен жұмыс істейді. Осыдан-ақ электр қуатына деген қажеттілік күн өткен сайын артып келе жатқанын аңғаруға болады. Ғалымдардың айтуынша, алдағы 10 жылда елімізде электр жарығына деген үлкен тапшылық болуы мүмкін. Бұл қауіптің алдын алудың бірден-бір жолы ол – атом электр станциясы. Сондықтан, одан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау білдіруіміз керек деп ойлаймын.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деген болатын.
Атом электр станициясы еліміздің барлық аймағын атом энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көмір мен газ түтінін азайтып, ауаны улы газдардан сақтайды. Бұл біздің денсаулығымыз үшін аса қажет дүние. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» дегендей, АЭС салу арқылы біз өміріміздің жалғасы болатын ұрпағымыздың да дені сау болуына ықпал етеміз.
АЭС қолдану үшін уран қажет болады. Ал, біздің елімізде уранның бай қоры сақталған. Сондықтан, ол жағынан алаңдауға негіз жоқ. АЭС елімізге инвестиция тартып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда таптырмас мүмкіндік болып табылады.
Гүлсім Елемесова.
Сайрам ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *