АЭС – ең сенімді әрі экологиялық таза энергия көзі. Ел ішінде атом энергетикасына сақтықпен қарайтындар көп. Дегенмен, бойдағы қорқынышты мынадай объективті фактілер арқылы жоюға болады. Айталық, атом электр станцияларын салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік бірінші кезектегі мәселе болады. АЭС құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Екіншіден, Қазақстан технологиялық жағынан әлдеқайда алға кеткен III және III+ буынды атом электр станцияларын салатын болады. Орайы келгенде айта кетейік, Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы, Фукусима АЭС 1971 жылы салынған болатын. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, атом электр станцияларында 10 миллион жылда бір ғана ауыр апат болуы мүмкін. Бұл ретте көмір жылу электр орталықтарындағы жарылыс ықтималдығы 80 есе жоғары.
Міне, сондықтан да әлемдегі атом электр станцияларының жұмыс істеу ұзақтығын ескере отырып, халықаралық қауымдастық атом электр станцияларын салу мен пайдаланудың белгілі бір ережелерін әзірледі. Атом энергиясын қауіпсіз және сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. МАГАТЭ сарапшылары қазірдің өзінде Қазақстанда болып, еліміздің атом электр станциясын салуға дайын екенін растады.
Электр станцияларын пайдалану кезінде көмірқышқыл газы бөлінеді. Парниктік газдар планетаның бетін қыздырады және негізінен климаттың өзгеруіне және табиғи апаттарға алып келеді. Бүгінде бүкіл өркениетті әлем экономикалық ынталандыруды қоса алғанда, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға күш салуда. Бұл міндеттеме Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы бойынша келісім болып табылатын арнайы Париж келісімінде көрсетілген. Осы келісімге сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға қысқартуға міндеттеме алды.
Парниктік газдардың едәуір көлемін жылу электр станциялары шығарады. Оларды пайдалану кезінде көмірқышқыл газын шығармайтын атом электр станцияларына ауыстыру қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді азайтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) мәліметтері бойынша, атом энергиясынан шығатын парниктік газдар көмірден 135 есе, газдан 73 есе төмен. Сондықтан атом энергиясы жасыл энергияға жатқызылады, оған жаңартылатын энергия көздері де (жел, күн, биомасса, су және т.б.) кіреді. Жасыл энергияда парниктік газдар шығарындылары болмайды. Алайда, жаңартылатын энергия көздерінің көптеген түрлері ауа райы жағдайына тәуелді болғандықтан тұрақты энергия өндіруді қамтамасыз ете алмайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, атом электр станциялары экологиялық тұрғыдан алғанда артықшылығымен қатар сенімді энергия көзі қызметін де атқарады. Сол себепті мен атом электр станциясын салуды қолдаймын!
Асан Нұрбекұлы.
Сайрам ауданы.