АУЫЛ АТАУЛАРЫНЫҢ АСТАРЫ

    Сайрам ауданы тарихы терең. Мекеніміздегі сан мыңдаған жер-су атауларының тарихында халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасы айқын бейнеленген. Қасиетті жеріміздегі төбе мен тау, көл мен өзен атауларының өзіндік сыры мен тарихи сипаты олардың әрқайсысына бабалар мұрасы ретінде қарауға негіз болады. Осы орайда, оқырмандарға жер-су атаулары жайлы тарих ғылымының кандидаты,  доцент Болаттемір Алтаевтың еңбегінен үзінді ұсынуды жөн көрдік.

     Қарамұрт, Манкент және Сайрам атауы жөнінде біз не білеміз?   Ғұлама ғалым Л.Н.Гумилев «Хұндар» атты монографиясында хұн мемлекетін қайта күшейткен даңқты қолбасшы Хэлэн баба туралы жазады. Сонымен қытайдың ескі әулеттік жылнамаларында атағы әлемге кеткен Хұн елінің шаньюі (жоғарғы бас билеуші) Мөденің тікелей ұрпағы Хален бабаның қорымы Қарамұрт ауылында орналасқан. Қазақтың көрнекті ғалымы Ә.Қоңыратбаев кезінде «Жужан мемлекетін Хален баба жасап, Ордоста тұрды …» деген ой  айтқан еді. Қытай тарихнамасында ол садағы мен семсері қолынан түспеген қаһарман қолбасшы ретінде айтылады.

Атақты түркітанушы ғалым Баскаковтың айтуынша, түркі халқының түстік топографиясында «қара»-солтүстік дегенді білдіреді. Сондай-ақ, «қара» сөзінің семантикасы «күшті, үлкен» деген мағынаны береді. Демек, Қарамұрт атауы «қара» -үлкен\ұлы + «мұрт»- ер кісі. Яғни, солтүстіктен келген үлкен тайпаның ұлы қолбасшысының есімімен байланысты. Ескі қытай жазба деректерінде мынадай мағлұматтар кездеседі: әскер ұстап, қол бастағандарды хэлан(қыран, сайыпқыран) деп атаған. Шындығында, Хален баба үлкен қол бастаған даңқты қолбасшы екендігі ескі қытай жазбаларында жақсы жазылған.  Қара түстілерді хэ ло бян – хэ ло шуо- «қара шор» деп атады. Шор атауы он оқ ( бес дулат және бес нуфуби) тайпасы билеушісінің лауазым иесі. Демек V ғасырда шығыстан батысқа жылжыған Түркі қағанатын құрушылар қаһарман қолбасшы бабасының есімін өздерімен бірге Қарамұрт жеріне алып келген. Бұл жөнінде Лев Гумилевтің еңбегінен оқып білуге болады. Ал қазақтың ауызша тарихнамасында Хален баба былай айтылады:

Сайрамда бар сансыз баб,

Отырарда отыз баб,

Түркістанда түмен баб,

Бабтардың бабы Арыстан баб,

Ең үлкені Хален баб….

Қазақтың ғұлама ғалымы  Әлкей Марғұлан бабтардың кімдер болғанын өз еңбегінде жақсылап жазған.

 

***

«Манкент» атауы  этнотопоним болып табылады. Манкент елді мекенінің ішінде Тоғатай жер атауының сақталуы осының дәлелі. Өйткені, Сиқым тайпасының құрамында Тоғатай атасы кездеседі.

Манкент атауындағы «ман» сөзі алтай –түркі тілінде үш жастағы қойды атаған. Түрікпендер ескі уақытта қойды «маң» дейтін болған. Қазақтың сөздік  қорында қойдың дыбыс шығаруын маңырады деп айтса, осында  «маң» сөзі кездеседі. Сондай-ақ, ескі түркі тілінде «маң» сөзінің екінші бір мағынасы  жүру етістінде айтылады. Мысалы, қошқар «маң-маң» басып келеді.

Олай болса, Манкент атауы қой тотеміне байланысты қалыптасқан. Оның дәлелі Сиқым тайпасында Қарақойлы, Аққойлы және  Бағлан аталарының сақталуы. Ташкент қаласының аумағында ескі Қойлық атты қала (жер) атауының кездесуі осының  дәлелі. Түркі тайпаларының құрамында қой тотемді тайпаның болғандығына дәлел келтірейік: «Среди тюркских племен,обитавших в Персии, стали усиливаться в конце XIV в.Кара-Коюнлу (черно-баранцы) и Ак-коюнлу (бело-баранцы), называвшиеся так потому,что у первых на знамени помещалась изоброжение черного барана, а у вторых –белого».

Анадолы түріктерінің тіліндегі Қара-коюнлу мен Ақ-коюнлу, қазақ тіліндегі қарақойлы және аққойлы болып дыбысталады. Егер бұл екі тайпаның тулары қошқар бейнелі болса, онда бұлардың тотемі қой болғаны. Иран, Әзірбайжан, Армения, Түркия жерін мекендеген бұл тайпалардың түркімендер екендігін академик В.А.Гордлевский мен Кіші Азиядағы түріктердің тегін, тарихын зерттеген ғалым Д.Е.Еремеевтің еңбектерінен белгілі.

Қошқардың мүйізі биліктің символы болып табылады. Чингизидтердің билік символы қошқар мүйіз болғаны тарихтан белгілі.  Сонымен, Манкент жер атауы көне түркі тайпаларының (оғыздардың) қалдырған ескі тарихы.

XI ғасырда өмір сүрген атақты түркі ғұлама ғалымы Махмуд Қашқаридың «Түбі бір түркі тілі» (Дуани луғат ат-түрк) еңбегінде «канд –кент» сөзі оғыз, түркі тілінде «ауыл, шаhар» деген мағынаны білдірген. Олай болса Манкент, Шымкент (қызыл қала) Маңғыстау, Маңғышлақ жер атаулары көне түркі,оғыз  тайпаларының ескі тарихы.

Теспе жер атауы этнотопонимі. VI ғасырдың ортасында Алтай тауларының баурайындағы Ергенекон асуындағы бітелген темірді ерітіп, тесіп жарыққа шыққан көне түркі тайпаларының тарихы ізі. Бұл оқиға жөнінде ескі қытай жазбаларында, көне түркі жылнамаларында жақсы жазылған.Ол кезде түркі тайпалары  бөріге (қасқыр) табынған. Қасқыр, ит атаулары бір-бірін алмастыра беретін мағыналық сөз. Демек, Теспе елді мекенін мекендейтін Сиқым тайпасының құрамына енетін Алакүшік атасы осының  дәлелі. Қазақ бақсылары жырлайтын:

О, Актобет! Пришедши из-за гор,

О, Сактобет ты ходишь вокруг и лаешь,

О, мой тубет!…говорится в стихотворных строках о живущих в горах, о  собаке (тобет), (волк).

Сондай ақ, Теспе жер атауының  Сарыағаш, Ордабасы ауданында да кездесуі оның этнотопоним екенін дәлелдейді.

Сайрам елді мекенінің атауы осы күнге дейін даулы болып келеді. 629 жылы қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбасында Сайрам –«Ақ өзен бойындағы қала» деп жазылған.Махмуд Қашқари еңбегінде де Сайрам атауы «ақ қала» деп берілген.Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. 1923 жылы атақты ғалымдар П.П. Иванов, 1925 жылы М.Е. Массон, 1947 жылы Н. Бернштам Сайрамда   археологиялық экспедициясы жұмыстарын  жүргізді.Бернштамның анықтауынша, Сайрам қаласы кейінгі орта ғасыр яғни, оғыздардың кезінде пайда болған. Шынында  IX ғасырдың басында оғыздарға қатысы бар Испиджаб – Сайрам қарлұқ мемлекетінің құрамына енді.Қарлұқтардың тотемі қошқар болғаны белгілі.Қошқардың 840 жылы қарлұқ көсемі және Испиджаб басшысы Білге Құл Қадырхан қаған атағын алды.

Қарлық этноним емес, тауларды мекендеген бірнеше тайпаның жиынтық атауы. Қой мағынасын білдіретін қар сөзінің екінші бір атауы — арқар.

Шығыс Түркістан, яғни қытайдың қазіргі Шыңжаң өлкесіндегі Қашқар қаласы, VIII ғасырдың екінші жартысында осы өлкедегі қарлықтардың орталығы болған. Бұл қалаға Қашқар деген атауды қарлықтар берген, қашқар немесе қошқар сол дәуірдегі қарлықтардың тотемдік атауы болды.Бұған дәлел- қошқар атауының екінші компоненті қар мен қарлық этнонимінің түбіріндегі «қардың» төркіндес екендігі.Назар аударатын бір жайт, ол- Қашғария өлкесіндегі Құлжа қаласының атауы. Құлжа –арқардың қошқары.  Қазақтардың этногенезіне қатысқан қарлықтардың бір тармағы Сиқым, Ысты тайпасының құрамында ақ қойлы, қарақойлы атауымен жүреді.Арқар таудың биігін мекендейді.Сайрам атауы қарлықтардың осы өлкеге келуімен тығыз байланысты.

Сайрам «с» префиксі түсіп қалғанда айрам деп аталады. М дыбысы н дыбысына айналғанда айранға айналады. Айран ақ түсті білдіреді. Айран мен суды қосып жасалған сусынды шалап деп атайды. Атақты ғалым В.Панов көне түркі тілінде «шалап» сөзі тәңірдің сусыны екенін айтады. Олай болса, Сайрам атауының мағынасы «тәңірдің суы» болып шығады. Сайрам атауы көне түркілік дүниетанымдық көзқарастан қалыптасқан.

Бұлақ. Бір түркі тайпасының атауы. Оларды қыпшақтар басып алған еді, кейін Ұлы тәңірі оларды құтқарды да олар «Алқа бұлақ» деп аталды. Бұлақ тайпасы –түркі тайпаларының бір бұтағы. Бұлақ тайпаларының көрінісі Сайрам ауданындағы Ақбұлақ, Қарабұлақ жер атауларында жақсы сақталған.

 

Іnfotn.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған