5574 әскери бөлімінде қызмет ететін Нурмановтар отбасы – әскери өмірдің жауапкершілігі мен отбасылық құндылықтарды қатар алып жүрген үлгілі жанұялардың бірі.
Нурманов Бекболат Абдиманапович әскери қызмет жолын 2012-2013 жылдары 5514 әскери бөлімінде мерзімді әскери борышын өтеуден бастаған. Әскердегі алғашқы тәжірибе оның болашақ мамандығын айқындап, елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырды. 2013 жылы ол 6698 әскери бөліміне жұмысқа орналасып, кәсіби әскери қызметін жалғастырды.
2016 жыл Бекболаттың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды – осы жылы ол болашақ жары Мәлібек Салтанат Қанатқызымен танысып, шаңырақ көтерді. Отбасы құрған жас жұптың бақытын еселеген қуанышты сәттер де көп күттірмеді: 2017 жылы тұңғыш ұлдары дүниеге келсе, 2019 жылы екінші ұлдары өмірге келіп, отбасы толықты.
2024 жылы Бекболат қызметін 5574 әскери бөліміне ауыстырып, қазіргі таңда аға маман (аға жүргізуші) лауазымын абыроймен атқарып келеді. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әскери тәртіп пен кәсіби біліктілікті үйлестіре білетін маман ретінде әріптестері арасында құрметке ие.
Жұбайы Салтанат та отбасының ғана емес, әскери ұжымның да тірегіне айналып отыр. 2025 жылы ол осы әскери бөлімге психолог маманы болып жұмысқа қабылданды. Қызмет барысында әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсетіп, олардың рухани тұрақтылығын нығайтуға үлес қосуда.
Нурмановтар отбасы – өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген берік жанұя. Биыл олардың отасқандарына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде олар тек бақытты ата-ана ғана емес, ел қорғаны болуға үлес қосып жүрген адал қызметкерлер ретінде де қалыптасты.
Әскери қызметтің қиындығы мен жауапкершілігіне қарамастан, Нурмановтар отбасы бір-біріне демеу болып, ортақ мақсат жолында бірге еңбек етіп келеді. Мұндай жанұялар – әскери ұжымның мақтанышы, ал жас буын үшін нағыз үлгі.