КІТАП ПАТШАЛЫҒЫ ШАҚЫРАДЫ

Балалардың демалысын ұйымдастыру – қашанда маңызды мəселенің бірі. Бұл бағытта аудандық орталық балалар кітапханасының да жоспары аз емес. Осы орайда, аталмыш кітапхананың меңгерушісі Ж.Нарботаевамен сұхбаттасып, таныстық.

– Сәлеметсіз бе?! Кітапхананың жұмысымен жақсы таныспыз. Кітапхананың демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыру бағытында жоспарлар туралы айтып берсеңіз.

– Жыл сайын демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыру мақсатында кітапханада «Жазғы оқу» бағдарламасы жұмыс істейді.
Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді істеу және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.
Кітапхана – жазғы демалыс уақытында аудан бүлдіршіндері үшін оқитын орталық қана емес, сонымен қатар шығармашыл топтардың демалыс және басқосу орны болып отыр. Жүргізіліп отырған барлық жұмыс оқырмандарды таныту және дамытуға бағытталған. «Балалар кино залы» қашанда қызыққа толы. Бұл жерде кішкентай оқырмандармен дамытушы әдеби ойындар, конкурстар, викториналар, рольге бөліп оқулар ұйымдастырылады. Ал ойындарда кішкентай білімді бүлдіршіндерді жеңіске жетуге жетелейтін қызықты энциклопедиялар, трансформер-кітапшалар және түрлі бағдарламалар, фильмдер көрсететін телевизор бар.
Кітапхана балаларға өмірде сенімді дос табуға, мейірімді жолдас табуға үлкен септігін тигізеді. Адамзат алдында тұрған ұлы мұрат- міндеттердің ең бастысы салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңгі болашағы, ұлттың жалғасы. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты, тәрбиелі, саналы болып ер жетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» – деп Абай айтқандай, адам баласы үшін кітап-тілсіз тәрбиеші. Кітап- атадан қалған асыл мұра, көненің көзі, ескінің сөзі.

Ал оқырмандарға, ата-аналарға аудандық балалар кітапханасы балаларыңызды оқуға, ойнауға және шығармашылыққа толы қызықты шытырман оқиғаны бізбен бірге қызықтауға шақырады. Кітапханада жаз бойы жас бүлдіршіндер үшін танымды сабақтар мен байқаулар, көңілді ойындар, зейінді болу жаттығулары мен қызықты шеберлік сағаттар өткізіледі. Бізбен бірге дамып, жаңа белестерді ашыңыздар дегім келеді.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік!

Н.Төремұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған