Өнер десе өрді көздейтін сайрамдықтар арасында таланттылар көп. Тіпті әдет~ғұрыппен дарынын жалғайтын жасы үлкен апалар да бар. Біз осы орайда немере мен шөбере тәрбиесінен бір сәт босап, халық алдында өнер көрсетіп жүрген әжелер жайлы білгіміз келген. Рас, олар Сайрам ауданының абыройын асырып, мәртебесін көтеріп келеді. Пікірімізді ауданға белгілі дәрігер әрі өнерпаз, ару ана, асыл әже Роза Үсенбекова былайша жалғайды.
— «Көркем» әжелер тобы 2012 жылы құрылған. Ақбұлақ ауылының ардақты аналары.
Басында облыстық ардагерлер ұйымының жоспары бойынша Сайрам ауданында «Көркем» әжелер тобы құрылды. Құрамында 6 әже бар, бәрі де өнер мен өмірді жалғап келеді. Олар кезінде түрлі мамандық иесі болған, яғни ұстаздар, дәрігер, бухгалтер, операторлар.
Мақсатымыз — әдет ғұрып, салт- дәстүрді ұрпағымызға мұра етіп қалдыру, ата бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылығымызды сақтап келеміз. Әжелер ұрпаққа тағылым, өсиет беруден шаршамай, өнер көрсетіп, мектеп, колледж, университетерге шығып тұрдық.
Облыстағы кіші Ассамблеяның, Салт-дәстүр орталығының мүшесі болдық. «Оңтүстік» телеарнасымен бірге «Сарқылмас қазына» жобасына қатысып, түсірілімдерге болдық. Атап айтқанда, «Төркіндеу», » Қызды оң босағаға отырғызу», » Енші беру», «Ашамай» т.б. ғұрыптарды ел есіне салдық.
Астана қаласында «Қымызмұрындық» фестивалінде өнер көрсетіп, дипломант атандық. Әлемнің назары түскен ЭКСПО-17де Халықаралық әйелдер форумына қатысып, эстафетаны Дубайға тапсырдық. Министрліктің арнайы дипломымен марапаталдық. Ол бір естен кетпес оқиға болды.
Қайырымдылық жұмыстарына да үлес қосып, игі істі қолға алғанбыз. Сайрамдағы 4-ші Балалар үйіне қайырымдылық іс- шара өткіздік. Көңілі жүдеу балаларымызға киім- кешек таратып, тәттілер ұсындық.
Шымкенттегі Қарттар үйіне барып, қариялар үшін концерт беріп қайттық.
Тобымыздың құрылғанына 5 жыл толуына байланысты облыстық филармонида «Сәлем саған, туған ел! » атты концерт бердік.
«Көркем» әжелер тобы Сайрам ауданының орталығы Ақсудағы мәдениет үйінде 10 жылдық есеп беру концертін халыққа ұсынды.
Облыстағы, аудандағы іс- шаралардан қалмай қызмет етудеміз.
Түркістанда «Өнерлі өлке» атты додада ауданның құрамында барып салт- дәстүрді насихаттап , «Аунату» қойылымын көрермендерге ұсындық. Иә… Жетекші айтса, жұрт біледі. Біз аналарымызға тек жетістік тілейміз.
«Көркем» әжелер тобының құрамы:
Үсенбекова Роза Әлімбекқызы-жетекші.
Байдібек Күлайш
Тұманбаева, Қалдыкүл
Бұрбекова, Тансық
Ысқақова, Анипа
Оңғарбаева Ұлжан сынды өнерпаз әжелер талантты мүшелері.
* * *
Сайрам ауданы, Ақбұлақ елді мекенінде «Ару ана» өнерпаздар тобы құрылған. Олар да қазақы дәстүр мен халық әндерін жұртқа насихаттайды. Бұл топтың қүрамында 6 әже бар. Жетекшісі — Жунисбекова Орынбасар.
Өнерімен елді сүйсінтіп жүрген әжелер облыстық, аудандық іс- шаралардан қалмай, жастар алдында ұлттық құндылықтары паш етіп жүрген әжелер Шымқаладағы Этноауыл, облыстық музейде «Тұсау кесу» рәсімін көрсеткен. Бұл күнде Сайрам ауданының «Қоғамдық келісім» МКҚмен бірге жұмыс істейді. Республикалық іс-шараларға да қатысады.
Мектептерде оқушыларға ата- бабамыздан қалған құндылықтың маңыздылығын, отбасылық тәрбие мен әлеуметтік желінің зияндылығын және табиғи өнімнің пайдасы туралы айту олардың үнемі міндет сияқты айқын.
Әжелердің құрамында әр түрлі маман иесі бар, бірақ бәрінің илегені бір терінің пұшпағы.Яғни, қазақы болмысты сақтау, өскелең ұрпақты өнерге баулу.
Осындай ардақты әделеріміздің өнерін бағалап, оларға құрмет көрсетуді ұмытпайық.
Нұртілек Нұрғисаұлы.