Кезінде «Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі.» депті Михаэль Тальхаймер. Театр (греше. theatron – ойын-сауық орны; ойын-сауық) – сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын-жай. Дейді уикипедия.
Өмірді түсінгің келсе, театрға бар, адамгершілік пен пенделікті ұғынғың келсе театр тамашала. Рас, заттардың, құбылыстардың мәнін сөз, музыка, қимыл, би және мимика арқылы бейнелеуге негізделген өнер түрі театрға жатады. Біз өмір сүріп жатқан осы ғасыр адамдары мұны толық түсінеді. Барлық уақытта театр ұжымдық өнер болды; Қазіргі театрда актерлер мен режиссерден басқа (дирижер, балетмейстер), суретші, композитор, хореограф, костюмерлер, визажисттер, сахна қызметкерлері және спектакль жасауға жарықтандырғыштар қатысады. Біз де ауданымыздағы мәдениеттің мәйегі, өнердің өресі саналған театрымызбен мақтанамыз. Ағалар салған сара жол жалғаса береді.
Сайрам аудандық қазақ театры 2003 жылы сол кездегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сейдуалы Темірбаевтың жетекшілігімен драма үйірмесінен бастау алған. 2004 жылы алдымен «Жандарбектің өнері», сосын «Менің атым-Қожа» қойылымдары сахналанды. Одан бергі жылдарда театр әртістері жазушы Ерсін Қойбағарұлының «Бала мен қайыршы», Абдурахим Пратовтың «Ерлік пен махаббат», Байділдә Айдарбековтың «Адасқандар», сондай-ақ, «Жеңіс», «Ана жүрегі», «Тырналар» қойылымдарымен көпшілікті тәнті етті. Театрға жетекшілік ететін елімізге белгілі режиссер, Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, мемлекеттік бірнеше марапаттың иесі Әскер Құлданов. Оның талантты шәкірті – Тілеген Ормаш. Және басқа да талантты қыз-жігіттер бар. Олар шығарманы сахналастырғанда көрерменді қуанта да алады, мұңайтып та қояды. Бүгінгі таңға дейін театр 40 тан астам қойылымды көрерменге ұсынды. Театр ұжымы 2012 жылы, 2015 және 2017 жылдары халықтық атағын қорғады. Бүгінде театр Жетісай, Түркістан, Меркі, Ленгір қалаларына, Жамбыл мен Алматы облыстарына барып, көрерменді рухани азықпен сусындандырып, көптің алғысын иеленіп келеді. Алаудан орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйі мен 2-Ақсукенттегі Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубында аудан көрермендері осынау сырбаз, сұлу өнердің қойылымдарына куә болады. Кез-келген театрдың миссиясы – пікір алысып, өнер жайлы ой толғайтын орта қалыптастыру. Ендеше, біздің жерлес өнерпаздарымыз да халық көңілінен шығатыны шүбәсіз. Сенім бар жерде күш-қуат қатар жүреді.
Нұртілек Нұрғисаұлы.