Шын талантқа ешқашан тұсау жоқ. 2009 жылы аудандық мәдениет үйінің жанынан осы ұжымның дәстүрлі әншісі Дана Ибрагимованың бастауымен «Ибрагимовтар» жанұялық ансамблі құрылды. Жаңадан құрылған ансамбль «Мәдениетім — мерейім» атты облыстық фестивальде алғаш рет керемет өнер көрсетті. Облыстық, республикалық отбасылық байқауларда жеңімпаз атанып, бірнеше жүлделі орындарға ие болып үлкен сый-құрметке бөлініп жүрген өнерлі отбасы.
Дана Ибрагимованын бойындағы керемет өнері тек ұл-қыздарына ғана емес, соңымен қатар немерелері Жібек пен Санияға да дарыған. Жібек 4-жасынан бастап апасының қасында ән айтып жүріп, облыстық «Айгөлек» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Қазіргі таңға дейін Жібек бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Әпкесінің ізін басқан Сания да, отбасылық ұяда көрген өнермен сусандап жүр. Мәдениет үйінің концерттерінде осы кішкентай екі сахна жұлдыздары әрдәйім өздерінің отбасылық қолтаңбаларымен ерекшеленіп, өнер көрсетеді. Апасы Дана үшін осы екі қыздың өнері өз балаларының өнерінен жоғары көрінеді.
Дана әпкенің үлкен ұлы Нұрсұлтан — мәдениет үйінің дыбыс операторы, келіні Шолпан — әнші әрі қобызшы. Қызы Жұлдыз — әнші әрі аккардеоншы, ұлы Асанхан әнші әрі актер болып қызмет атқаруда. Отбасылық ансамблдің құрамына 2018 жылдан бастап Дана Ибрагимованың туған сіңлісі Разия Бекахметова қосылды. Жетісай өңірінің тумалары, осы елдің бетке ұстар Құрметті азаматтары, кезінде Президент Н.Ә. Назарбаевқа батасын берген Оразқожа мен Сапия Бекахметовтардың ұл- қыздары.
Ансамбльдің жетекшісі Ибрагимова Дана Оразқожақызы – әнші, термеші, актриса, 1971 жылдың 13 маусымында ОҚО Жетісай қаласында өнерлі отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Бекахметов Оразқожа – бұрыңғы қазақ елінің небір сал- серілерінің ізін қуған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өзі де домбыра, сырнайды тамаша ойнайтын ақын- жыршы, термеші. Сыр елінің дүлдүлі атанған. Нартай ақынның шәкірті Дүрбаев Құтбай ақынның шәкірті. Оразқожа ақын өзінің ұл- қыздарында осы өнерге тәрбиеледі. Анасы Сәпия анамыз да өнерге бір табан жақын. Сәпия анамыз тек өнер емес он саусағынан өнер тамған керемет тігінші. Отбасында 3 ұл мен 4 қызды тәрбиелел отырған Оразқожа атамыз бен Сәпия анамыздың ұл- қыздырының барлығы небір ұлттық аспаптарда ойнап, керемет ән орындап, көптеген отбасылық байқаулардың жеңімпаздары атанған. Осы өнерлі отбасының мүшесі Ибрагимова Дана Оразқожақызы. Дана 1978 жылы Жетісай қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1988 жылы сол мектепті үздік бітіріп шыққан. 1990 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетке түсіп, оны 1995 жылы бітіріп шығады. 1990 жылы Ибрагимов Мәріпхан ағамен тұрмыс құрып, өмірге 3 ұл, 1 қыз әкелді. Осы аралықтарда, яғни 1990-1998 жылдарда М.Әуезов атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Отбасылық жағдайға байланысты, 1998 бен 2004 жылдар аралығында өзінің жеке кәсібін ашып, сонымен қатар бала тәрбиесімен айналысқан. 2005 жылы Сайрам аудандық мәдениет үйіне дәстүрлі әнші болып қабылданды. 2011 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне өз мамандығы бойынша окуға түсіп 2016 жылы бітірді. 2005 жылдан бері Сайрам аудандық мәдениет үйінде тек дәстүрлі ән айтумен ғана шектеліп қалмай, қазақ халық театрында актрисалық қабілетімен танылып, отбасылық ансамбльдің үлкен сахналардан көрінулеріне ықпал жасап жүр.
Отбасының еңбектері Республикалық «Super келін» журналына 2015 жылы №4 (06) , 4- бетінде « Адам еңбегімен қадірлі» тақырыбында және және «Южный Казахстан» газетінде 2017 жылдың 11 қазан, № 115, 4 бетінде «Музыка – призвание, спасение, миссия» тақырыбында жарияланған. Жергілікті «Пульс Сайрама газетінің 2017 жылғы 19 мамырдағы «Спасибо музыке моей» және жергілікті «Мәртөбе» газетінде 2021 жылдың 15 қаңтарындағы № 2 ( 6243) «Өнерді өрге сүйреген» жобасы аясында «Ибрагимовтар ән салғанда» тақырыбымен ансамбльдің жұмыстары мен жетістіктері туралы мақалалар жарыққа шықты. Сонымен қатар жергілікті «Elnur tv» телеарнасында мерекелік концерттері жарияланған. Міне, біздің осындай талантты жерлестерімізбен, аудан мақтаныштарымен мерейіміз өседі.
Нұртілек Тұрдымұратов.