ОТАНШЫЛДЫҚ  РУХТЫ  КӨТЕРЕТІН  МЕРЕКЕ

 

Ұланғайыр қазақ елінінің бір пұшпағы болған Сайрам жұрты да  қадірлі һәм ұлттық мерекелердің бірі – Республика күнін барлық сән-салтанатымен тойлады. Атаулы күнге  байланысты Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт пен денешынықтыру бөлімі  мерей өсіретін мерекеге арнайы салтанатты іс-шараны  тамаша ұйымдастырды.

Әр мемлекет үшін оның егемендігі үлкен маңызға ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Республика күні» мерекесінің мәртебесін қайтаруды ұсынды. Міне, содан бері тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан — Республика күні болып қайта жарияланды. Биыл екінші жыл аталып өтілген бұл мерекенің тарихи маңызы зор. Өйткені дәл осы күні еліміздің егемен ел болып, бөлініп шығуы үшін нақты әрі батыл қадам жасалған болатын. Сондықтан әрбіріміз үшін бұл мерекенің құны қымбат болуы тиіс. Тарих не дейді, еске түсірейік. Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды 3 тарихи оқиға деп Егемендік туралы Декларация, Тәуелсіздік туралы заң, Қазақстанның тұңғыш Ата Заңының қабылданғанын атап өтуге болады.1990 жыл 25 қазанда  он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-ші сессиясы «Мемлекеттік Егемендік туралы» Декларацияны қабылдады. Қабылданған Декларация тәуелсіз Қазақстанның болашақ іргетасы болды. Бұл Декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Бұл  акт арқылы әлем картасында жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасы пайда болды.

Республика күніне арналған жиын аудан орталығы Ақсу ауылындағы аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы Мәдениет үйінде басталды. Аудан басшылары бастаған құрметті қонақтарды тақырыптық көрме алаңында  «Ақсу» фольклорлы халықтық ансамблі сазды әуенмен күтіп алды. Мұнан соң салтанатты жиынның шымылдығы түріліп, ҚР Мемлекеттік Әнұранын аудан өнерпаздарының хор ұжымы орындады. Әрине, мерекелік жиынның ақжолтай тілекпен, ақеділ лебізбен көркейе түсері анық. Аудан әкімі Арман Сәбитов жиналған көпшілікке мерекелік құттықтауын айтып, ел ісі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділерді Алғыс хатпен марапаттады. Үш азаматқа мемлекеттік награда табыстады. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы  Шамхат Халмұрадов та ізгі лебізін арнап, депутаттар корпусы атынан құттықтауын жеткізді. Сый –сыяпатын тапсырды. Мерекелік концертте  халық әні «Беу-айдай» орындалды. «Қазақ елі», «Отаным»,  «Ынтымақ мекен» әндерін де аудан өнерпаздары тамаша шырқады. Салтанатты кештің көрігін Сайрам өзбек драма театры мен республикалық, халықаралық конкурстарда  жеңімпаз атанып жүрген  «Ақкербез»,«Самғанұр»,«Самұрық» би топтары, аудандық спорт клубтарының оқушылары қыздырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал аудандық этно-мәдени орталықтары төрағаларының құттықтауы жаңаша қырынан көрінді. Қысқасы, отаншылдық рухты көтеретін мерекелік концерт аудан тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлады. Жұрт ауданымыздағы мәдениет майталмандары мен өнер жүйріктеріне риза болды.

Рас, біздің мерейіміз үстем. Алтай мен Атыраудың, Еділ мен Ертістің, Арқа мен Алатаудың арасындағы кең байтақ алтын бесік атақонысымыз бар. Шекарасы шегендеулі, асқақ Елордасы бар зайырлы мемлекетпіз. Әлем танитын, жаһандық саясаттың саңлағы атанған Президентіміз бар. Жұртымыз аман, еліміз тыныш. Ел іші даудан, сырты жаудан аман.  Ендігі міндет – ел ішіндегі ымыралы ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтап, Жаңа әрі әділетті Қазақстанды құру жолындағы Президентіміздің бастамаларына қолдау білдіру. Ендеше, еліміздің басты мерекесі құтты болсын!. Елдің ымыралы ынтымағы мен берекесі ажырамасын! Көк туымыз қашан да желбіреп,  Егемен еліміздің мәртебесі өсе берсін!

Нұртілек Тұрдымұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *