ЖЕТІСТІГІ МОЛ ЖАС СПОРТШЫ

Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда, спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түпқазығы – қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы өте кең. Бірінші байлық – денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт.

Сайрам ауданындағы осы қағиданы ту еткен жас спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Солардың бірі – Нысанов Ербол Алтайұлы. Спортты жас кезінен серік еткен Ербол ауданымыздағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияның оқушысы. Ербол Нысанов үш жылдан астам уақыт спорттың шығыс жекпе-жек түрімен шұғылданып келеді. Жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Үш жылдан астам уақыттың көлемінде өзі оқитын мектептің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы мен Шымкенттегі арнайы спорт мектебінің жаттықтырушысы Бекзат Жалалдың баптауымен талай мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, жерлестерін қуантып келеді. Мәселен 2021 жылы Қырғызстанда өткен кезекті бәсекеде ол өзгелерден дара шығып, жеңіс тізгінін ешкімге бермеген. Сонау бәсекеде ол топ жарып, күмістен алқа таққан. Ал, 2022 жылы Шымқалада өткен халықаралық турнирде ол чемпиондық тұғырға көтеріліп, өзінің мықтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Аталған халықаралық турнирде көршілес Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан келген жас спортшылармен сынға түскен Ербол ерлеп, ауданның мерейін өсірді. 31 келі салмақта қарсыласын тізе бүктіріп, чемпион атанған. Осынау Сайрам ауданының абыройын тала жарыста асқақтатып жүрген жас спортшымен редакциямыздың тілшілері сұқбаттасқан болатын.

– «Джит Кун До» бұл қандай спорт? Бұл спортқа қалай келдің?

– «Джит Кун До» спортымен айналысамын. Көпшілік мұны Брюс Ли стилі деп біледі. Кішкентай кезімнен спортқа қызығамын. Әсіресе, жекпе-жек түрлеріне деген құлшынысым жоғары болды. Сондықтан осы спортты таңдадым. Стиль белгілі бір жекпе-жекті қатаң ұстанбайды. Техника әлемдегі Муай Тай, Тайцзицуан, Кунг-фу, таэквондо, Джиу-джитсу сияқты жекпе-жек өнерінің әдістерін қамтиды.

– Жекпе-жек спортымен айналысудағы басты мақсат қандай болды? Қорғану үшін бе, әлде осы бір спорт түрі бойынша белгілі бір белестері бағындыру болды ма?

– Қалай десем екен? Екеуі де. Қорғану үшін ғана емес, қорғау үшін де. Өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма қамқор, қорған болу менің парызым. Айтпақшы, артымнан ілескен бауырларым да спорт жолында.
Екінші мақсатым биік белестерді бағындырып туымызды өзге елдерде желбірету. Шетте жүргенде тұғырда ту жамылып тұрғанымда еріксіз көзден жас шығып кететін сәттер жиі болады. Бұл ерекше сезім! Шіркін, бұдан да үлкен жарыстарда осылай туымызды желбіретсем деген үлкен арманым бар. Бұған қоса айтар болсам көбіне жекпе-жек спортымен айналысқандар салмақты, сымдай тартылған, сымбатты, түп-түзу болып келеді. Осыған да қызықтым.

– Қабырғада ілулі тұрған медальдарыңның көптігін байқап отырмыз. Соның ішінде бірнеше жетістіктерің мен жеңістеріңе тоқталсақ…

– Бәріне емес, ерекше есте қалған жеңістеріме тоқталсам. 2022 жылы Ушу сандадан жастар, жасөспірімдер, кадеттер арасындағы республикалық турнирде 32 келі салмақта 1-орын иелендім. Сондай-ақ, Алматы қаласының ашық чемпионатында 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында, 30 келі салмақ дәрежесінде 1-орын иеленіп, «Жылдың үздік күресшісіә номинауиясын алдым. Ал, биылғы жетістіктерден айтар болсам. Шымкент қаласында өткен жарыста 11-12 жастағы жасөспірімдер арасында 1-орын алдым. Алматы қаласында осы «Джет кун до» спортынан өткен 2-ші халықаралық турнирде 33 келі салмақ дәрежесінде 2-орын иеленіп, «Джет кун до» спортынан «Азияның үздік күрескері» атандым.

– Алдағы жоспар қандай?

– Бұдан да биік белестерді бағындырсам деймін. Сондықтан, жаттығуды тоқтатпай дайындалу керек. Себебі спортта биік шыңнан көріну үшін көп еңбектену керек. Еңбексіз бәрі де бос. Ал жеңіске барардағы ең қиын нәрселер – күн сайын таңертең ерте оянып, күніне екі-үш реттен жаттығу жасау, жарақатты жеңе білу, қорқыныш пен қобалжуды игеру, ең бастысы – төзімділік таныту дер едім. Осы жайттардың бірі болмаса, жетістікке жету өте қиын. Спортта бәрінен де биік тұру үшін осы бір қарапайым дүниелерді өз кезегімен орындау қажет. Кім қиындыққа шыдаса, сол чемпион болады. Үлкен спорт шыдам мен төзімді және қайсарлықты талап етеді. 

– Болашақта спорттан үміті бар қатарластарыңа не айтар едің?

– Оларға тек қана алға ұмтылыңдар дегім келеді. Мақсатқа жету жолында ерінбей еңбек етсек ол өз нәтижесін міндетті түрде береді. Қазір елімізде қаншама мықты спортшы ағаларымыз бен әпкелеріміз бар солардың орнын басатын, еліміздің мәртебесін өзге елде қорғайтын азаматтар мен азаматшалар біз. Сондықтан спортқа қадам бассам деп жүрген барлық жас достарыма тек қана сәттілік дегім келеді. Еліміздің ертеңі біздер екенін ұмытпайық.

– Сұқбатыңызға рахмет. Жеңісті күндер жалғаса берсін.

Сұқбаттасқан: Н.Нұрғисаұлы

 

СУРЕТТЕ: Ербол Нысанов өзінің бапкері
Бекзат Жалалмен
бірге.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған