САЙРАМДЫҚ САДАҚШЫЛАР ЖАРАП ТҰР

Көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылығымыздың бірі – садақ ату өнері.

Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Бабадан қалған осынау өнер Сайрам ауданында кең етек алып келеді. Сайрам ауданында садақ ату спортының дамуына Махамбет Сәтбаев ағамыздың үлес орасан.

Осы орайда, М.Сәтбаевтің ұйытқы болумен Сайрам ауданы, Ынтымақ ауылында «Республика күні» мерекесіне орай дәстүрлі садақ спортынан облыстық турнир болып өтті. Аталмыш турнирге Астанадан «Бес қару» федерациясы, Тараздан «Сүгір мерген клубы», «Шымкент садақ» федерациясы және «Сайрам садақ» федерациясының мергендері бақ сынады.
– Сайрам ауданы, Ынтымақ ауылында өткен бұл турнирді еліміздің барлық облыстарының мергендері әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде тамашалап отырды. Ынтымағы жарасқан ауылымыздың көркімен, садақ ату залымыз көпшіліктің көңілінен шықты. Бүгінгі жеңістер Сайрам ауданының білім бөлімінің басшысы Гульнара Тынымбаеваның шет елдерде өткен жарыстарға қатысуға, тәжірибе жинап келуіме мол мүмкіндік бергенінің нәтижесі деп білемін. , – дейді М.Сәтбаев.

Таңғы 10:00-де басталып, кешкі 18:00-де аяқталған турнирде М.Сәтбаевтің шәкірттері аудан намысты қолдан бермеді. 10-жасқа дейінгі жас мергендер арасынан Дінмұхаммед Тұрарбек 3-орын алса, 2-ші орын Данил есімді шәкіртіне бұйырды. Ал ,15 жасқа дейінгі мергендер арасынан №24 М.Махажанов мектебінің мергендері өзгелерден оза шауып, 1-ші, 2-ші, 3-ші орындар және бас жүлдені иеленді.

Ал, ересектер арасында «ПУТА НЫСАНАСЫ» бойынша 2-орын М.Сәтбевақа бұйырды.
Сайрам ауданындағы ұлттық, дәстүрлі садақ спортымыз осылай қашанда қарқынды дами берсін дегіміз келеді.
Айта кетейік, садақ ату өнерінің пайда болу мерзімін көптеген тарихшы-ғалым б.з.б. ІV-ІІІ ғасырлар үлесіне жатқызып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, көшпелі Ғұн ұлысы алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге келтірген. Қытай жазбаларында ғұндар көсемі тәңірқұты Мөденің үш мың мерген садақшылары болғаны жайлы дерек айтылады. Жазушы һәм зерттеуші Қойшығара Салғараұлы өз еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қол­да­нып, жауының үрейін ұшырғаны жайлы жазады.

Сондай-ақ Орта ғасырда жазылған моң­ғол дереккөздерінде ертеде көшпен­ді­лер садақшылардың мергендігі мен еп­тілігін саралау үшін малдың керген те­рі­­сін нысана ретінде пайдаланған де­лі­ніп­ті. Яғни нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің садақ ату шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтаған.

1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындырған соң «Бұғылы-Ша­шақ» дейтін жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есей мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,5 метр деп есептесек, Есей мерген 502,5 метр, яғни жарты шақырым жерден атқан оғын дәл тигізген. Енді мынаған назар аударыңыз, түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз, дала көшпелілерінің басқа жұрттан қан­ша­лықты жоғары деңгейде жауынгер бол­­ға­нын аңғарасыз. Яғни садақ байырғы көш­пелілер мұрасы екені сөзсіз.

Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданған. Қарапайым садақты то­былғы, үйеңкі, т.б. ағашты доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайтын болған. Күр­де­лі, яки құрама садақтың сыртқы беті сіңірмен немесе тарамыспен қапталып, ішкі жағы мүйізбен астарланған, кейде ор­тасы мен екі шетіне сүйек бастырма қа­ғылған.

Күрделі немесе құрама садақты ежелгі ерте дәуірде сақтар мен ғұндар қол­дан­ған дейді зерттеушілер (Қалиолла Ахмет­жан). Қазақ садағы көшпенді сақ-ғұн­дар са­­да­ғының жетілдірілген жалғасы болып са­на­лады.

Қазақ ауыз әдебиетінде садақтарды жа­салған материалдарына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» «бұл­ғары садақ», «адырна», «көн садақ» деп бөлсе, қайыңның сарғайған қабы­ғы­мен қап­талған садақты түсіне байланыс­ты «са­рыжа» немесе «сарсадақ» деп те атай бер­ген.

Әділхан Төлегенов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған