Тарихқа тұнып тұр ғой Сайрам жері,
Бақытқа өмір кешкен қалың елі.
Ғасырлар қойнауынан сыр шертеді,
Төбелер, кесенелер әулиелі…
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне де, киелі Сайрам алғашында Исфиджаб болды. Исфиджаб туралы алғашқы деректер VIІ ғасырда Сюань-Цяннің сапарнамасында «Ақ өзендегі қала» деп аталған. Исфиджаб деп аталуының сыры кейінірек Махмұд Қашқаридің XI ғасырдағы деректері арқылы да айқындалған. Көне түрік тілінде Сайрам сөзі «тастақ» деген ұғымды берсе, соғды тілінде «Ақ су» деген мағынаны берген. Қаланың Орынкент, Аққала деген атаулары да болған, бірақ тарихи жазбаларда бұл атаулар сирек қолданылып, аңыздарда басқа да деректер бар. Нұх Пайғамбардың кемесі дүниені топан су басқан кезде Қазығұрт тауының басында қалған. Сол кезде бірінші болып, Сайрам өңірі топан судан құтылып,кемеде қалған тірі жан-жануарларды құтқарып қана қоймай, өз өңіріне әкеліп адамзаттың екінші өмірін бастауға септігін тигізген.
Исфиджаб VIII ғасырда орталық ретінде қалыптасып, өркендеп, дамуына Жібек жолы бойында тұрған қалалардың сауда мен кәсіпкерлікке ықпалы зор болды. Қалада әкімшілік жүйенің құрылуы, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға мүмкіндік берді. Жергілікті сақ тайпаларының саяси кеңістігі, кәсіптері, мәдениеті, әдет-ғұрыптары, тілі мен діні ортақ болып, ішкі-сыртқы мәселелерді бірігіп шешкен. Тарихшылар Сайрам жерінің ұланғайыр кеңістігін мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағын, яғни экономикалық орталығы болды деген болжамдар айтуда.
IX ғасырда Исфиджаб көп шоғырланған кенттерімен, үлкенді-кішілі қыстақтарымен ірі шаһарға айналып,құрылыстары саздан тұрғызылған, базарлары түрлі жемістер мен пайдалы заттарға толы болды. Сол кезеңнің тарихшысы «Михман намений Бұқара» туындысының авторы Нузбихан Исфағани: «Қаланың негізгі бөлігін өте биік қабырға қоршап тұр. Қабырғаның биіктігі соншама , тіпті әрекет жасаған адамның қолы да жете алмас еді» деп жазды. Исфиджаб Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын, Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей қалаларын Жетісудің Тараз, Құлан, Мерке, Суяб қалаларын қамтыды.
XX ғасырдағы жазба деректерге сүйенсек, қаланы қақ жарып өтетін даңғыл жолдардың бірін-бірі қиып өтетіндігі қосу белгісі тәріздес схемаға негізделгені айтылған. Осылайша қаланың ең басты төрт есігі төрт жаққа қарай ашық болып, әр қақпаның өз атауы болған. Атап айтсақ, оңтүстік қақпа-Базар дарбаза, солтүстік қақпа — Белқақпа немесе Белдарбаза, шығыс қақпа-Қарамұрт дарбаза, батыс қақпа — Шымкент дарбаза деп аталған.
Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған қасиетті Сайрам жеріндегі Әз Жәнібек, Керей хан, Абылай хан ат басын тіреген Ханқорған XVI -XVII ғасырларда қазақ елінің ішкі-сыртқы саясатын орнықтырып, мәміле жасау үшін үш жүздің биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бас қосқан. Бүкіл қазақ елін бір мақсатқа, бір орталыққа жұмылдырған дала Парламенті саналатын Мәртөбеде мамыр айында өтетін жиын өз заманында ерекше құбылыс болды. Қазақтың әлемде жоқ билер институтының негізі қаланған бұл төбеде ел ішіндегі бүкіл маңызды мәселелер шешіліп отырды.
Сансыз баптарымен, әулие-әмбиелерімен, көне ескерткіш мұраларымен кең әлемге танымал болған киелі Сайрам қаласының тарихы біздің дәуірімізге дейін VII ғасырдан келе жатыр. Өткен күннің белгісіндей болған көне ескерткіштер, көз тартар күмбірлеген күмбездер, мешіт-медреселер сан ғасырларды артқа тастап бізге жетті. Сайрам қаласы талай талқыға түскен тар замандарда сырын бүккен топырақ үйіндісіне кеткен жұмбақ та көне қаланың бірі. Тау етегіндегі жазиралы алқапты бауырына басып, беткейден ылдиға қарай аққан Ақсу, Арыс, Балдыберек, Бадам, Қарасу, Қайнарбұлақ, Машат, Сайрамсу секілді өзендер ауданымыздың табиғатына өзінше рең беріп тұрғандай. Сайрам туралы алғашқы деректер Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде «Сайрам –Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Бұл қала үш мың жылдай бұрын жергілікті тайпалар жаппай отырықшылыққа көшкен кезде Ұлы Жібек жолы бойына салынып, Тұран мемлекетін сақтап, Қарахан қағандығына кіргендігі көрсетілген. Қала орта ғасырларда дәуірлеп, екі өркениет Батыс пен Шығысты жалғастырып алтын көпірге айналды. Сол кезеңде әлемдегі ең бай базарлардың қатарына еніп қана қоймай, өзге қалалар сияқты оқымыстылар мекеніне айналды. XX ғасырда Сайрам әлемге танытқан оқымысты, ғұлама ғалымдардың ішінде Қожа Ахмет Яссауиден басқа «Құран» бойынша білгір теоретик Қазы Байзауи, 37 кітап жазған Лутфулла Сареми, үлкен ұстаз Камалиддин Исфиджаби, ғұлама ғалым Құтбиддин, Ахмет Исфиджаби және 80-ге жуық ірі тұлғалардың болғандығын көрсетілген. Сондай-ақ, Құранды тұңғыш рет 972 жылы түрік тіліне аударған Исфиджабидің де өзіміздің жерлесіміз екендігін ерекше мақтаныш тұтамыз.
Басқыншылар мен жатжұрттық билеушілердің сүйікті идеологиясы қазақтарды адамзаттың өркениетті тарихынан аластату болды. Алатаудан Аралға, Жиделі байсыннан Арқаға дейінгі аймақты мекен еткен тайпалар сол кездегі жағдайға бейім ғұмыр кешті. Малшылар шөл мен шөлейт жерлерде тұрып, жайылым жер іздеп көшіп жүрді, ал тау баурайы мен Сырдария өзенінің жағалауын мекендеген арғы ата-бабаларымыз егін егіп, кәсіппен айналысып, қала салып, өндірісті ұлғайтқан. Халық тығыз қоныстанып, қалалар сәулеті мен экономикалық жағынан Орта Азия қалаларынан кем болмаған.
XXV-XXVI ғасырларда Қазақ хандығы құрылып, халық болып бірігуі Сайрамды қайтадан ұлы оқиғалардың ортасына қойғандай. Қасым хан мен ел билеушілері де Оңтүстік шекараны нығайтып, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамда маңызды стратегиялық орын деп қарап, осы аймақтағы қорғаныс шараларын күшейтті. Қазақ жұртының Қоқан басқыншыларына қарсы күресте Шапыраштыдан шыққан ағайынды Саурық батыр мен Сұраншы батыр Сайрам үшін болған ұрыстарда ерлікпен қаза тапты. Сұраншы батырдың сүйегі қазір Сайрам жерінде жатыр.
Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің республиканы аудандастыру қаулысы негіз болып, 1928 жылы Сайрам ауданы болып құрылды. Аудан алғашқыда Манкент-Сайрам деп аталып, аудан орталығы – Манкент болған еді,1928 жылдың жаз айында орталық Сайрам ауылына көшірілген.1930 жылы аудан ресми түрде Сайрам деп аталып,1934 жылы аудан орталығы Ақсукентке ауысты.
1933 жылы ауданда ресми түрде колхоздастыру науқаны табысты аяқталып, егістік жерлерді игеруге барынша мол мүмкіндіктер алып, аудан өнеркәсібінің негізін қалап,ірі аймақтық орталыққа айналды.Кеңес өкіметін құруда ортақ істің қызығы мен шыжығын халқымен тең бөліскен,аласапыран замандарда қара бастарының қамын ойламай,ел-жұртқа бас болып,оларды ұйымдастырып,өндіріс құрған,жасампаз еңбекке жол ашқан,жаңа дәуірдің жаршысы болған аталарымыз бен апаларымыздың есімдерін ардақ тұтамыз.
1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына ауданымыздан жиырма мыңнан астам азаматтарымыз майданға аттанып,неміс басқыншыларына қарсы шайқасқа қатысты. Сайрамдық төрт сарбазымыз – Таштемір Рүстемов, Ботабай Садықов, Зиямат Хұсанов, Владимир Вишневецкий отансүйгіштік, батырлық пен қайарлықтың ерен үлгісін танытып,Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, Қарабай Қалтаев «Даңқ» орденінің иегері.8115 жерлесіміз өз халқының жауынгерлік асқақ рухын паш етіп,кескілескен ұрыстарда ерлікпен қаза тапты.
Ғалымдар тарапынан Орталық Азияның ескі тарихына,жоғарыда атап өткен Исфиджабтың өркендеу дәуірі мен ғылымға белгісіз сырларының көп екендігіне қызығушылық артты.Сайрам елінің тектілігі мен елдік қасиетін паш етуде, сондай-ақ, рухани мәртебесін көтеруде аудандық кітапхана да үздік бастамаларды қолдап,руханияттың алдыңғы қатарда болуына өз үлестерін қосуда.
Сайрамда бар сансыз баб
Ханқорған қалашығы
Ханқорғанның тарихы сонау Ұлы Жібек жолы дәуірінен басталған.Сайрам ауданы,бұрынғы Мәдени елді мекені іргесіндегі Арыс өзенінің сол жағалауындағы Ханқорған төбесі – қазақ халқының біртұтастығын сақтау жолында бар өмірін сарп еткен Абылай ханның Оңтүстік өңірдегі ордасы болған.Жерінің табиғаты әсем,топырағы құнарлы,Арыс, Машат, Ақсу өзендерінің арасындағы орналасқандығы стратегиялық жағынан қолайлы.Арыс өзенін бойлап батысқа қарай бағыт алған Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқандығына көз жеткізуге болады.Жібек жолын бойлаған төбелердің басына қараңғыда немесе ауа-райының бұлтты, тұманды кезінде от жағып қойылатын болған,ол жол көрсетуші қызметін атқарған. Археолог-ғалым А.Н.Подушкин өз еңбегінде Ханқорған Арыс мәдениетінен кейінгі кезеңде Қарахандар мемлекеті дәуірінде (942-1213 жылдары) тұрғызылған дейді. VIII-XXII ғасырларда пайда болған қоршау қабырғасы үсті-үстіне қабат-қабат салынып,биіктігі 8-12метр, көлемі 2-2,5 гектарды алып жатыр. Ханқорғанда металл ерітетін ошақтың табылуы онда отпен ататын қару жасалған деген болжам туғызады. Көне қалашықтың орнындағы қазба жұмыстары Қазақ хандығының 550жылдығы қарсаңында басталған болатын.Бұған дейін дәл осы қалашық орнында Маданкент деген қала болған «Бұл қала бірнеше кезеңді өткерген. Ең алғашында V-VI ғасырларда Батыс Түрік қағанатының құрамында болды.Одан кейін жүз жылдай қаңырап бос тұрып, IX ғасырда Саманидтер мен Қараханидтердің тұсында қайта гүлденді.Монғолдардан кейін қайта бас қосып,Әмір Темір билігі тұсында тағы өркендеді.Ал,қаланың соңғы кезеңі Абылай ханның билік құрған уақытында тұспа-тұс келеді. Яғни XVIII ғасырда Абылай ханның ордасы дәл осы қалашық орнында құрылған»,- дейді ҚР Археология институтының бас директоры Б.Байтанаев.
Жуас баб кесенесі
Құрлық қаласы осыдан мың жылдай бұрын болған. Араб ғалымдарының кейбірі Исфиджаб маңында 39 немесе 41 қала болған деп пайымдайды.Әл-Истахри қалалар шоғырының ішінен Құрлықты бірінші атайды.XXII-XXIII ғасырда Құрлықты Шымкенттің көне аты десе,кейбірі фосфор зауытының маңында болған деседі. Ізім-қайым жоғалған қаланың тамтығы 1990жылы Алматы-Термез даңғылы жол құрылысын Сайрам ауданының сол кездегі «Қайнарбұлақ» округіне қарасты ауылдың үстінен өткізгенде табылған. Араб зерттеушілерінен басқа ғылыми кітаптар мен оқулықтарда жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың, академик Карл Байпақовтың еңбектерінде бұл қала «Қарлұқ» деп аталады.Қарлұқ қағанаты 766 жылы құрылып,оған шығыста Жоңғар Алатауынан, батыста Сырдарияға дейін,солтүстікте Балқаш көлінен, оңтүстікте Ыстықкөлге дейінгі жерлер қараған.Бұрынғы Жетісу жерін мекендеген түрік тайпалары осы Қарлұқ қағандығына кірген. Қарлұқ мемлекетінің бір шеті екінші шетінің арасы отыз күндік жол болған. 775-785 жылдары Қарлұқ қағандығы ислам дінін қабылдап,мешіттер мен медреселер салынды.Ғалымдар мен әдебиетшілердің көбісі шығармаларын араб тілінде жазды.940жылы жағма және шығыл тайпаларының біріккен одағы қарлұқтардың астанасы Баласағұннан бастап,қарлұқ қағандығының барлық жерлерін жаулап алды.1990 жылы Құрлықты зерттеген археолог Александр Грищенконың пайымдауынша қала жер асты арқылы мол сумен қамтамасыз етіліп отырған.Қаладан екі шақырым теріскей жағында Жуас баб әулие кесенесі тұр.Тарихи жазбаларда Жуас баб біздің жыл санауымызбен 766 жылы Әзірет Сұлтанның ұрпағы Ысқақ баб, Әбдіжәлел баб,Әбдірахым бабтармен келіп, Исфиджабқа Ислам дінін таратқан.Сол кезеңде қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірінде Фараб уәлаяты, Кеңжи уәлаяты, Исфиджаб уалаяты болған. Ғұлама Жуас баб бабамыз Исфиджаб уәлаятының бас Қазиы қызметін атқарған.
Кәлен баб әулие
Қарамұрт ауылының солтүстік-батысында,ағайынды Полатовтар көшесінің бойындағы ауыл қорымында орналасқан.Ескі қытай жазба деректерінде мынадай мағлұматтар кездеседі: әскер ұстап,қол бастағандарды хэлан (қыран, сайыпқыран) деп атаған.Шындығында, Кәлен баб үлкен қол бастаған даңқты қолбасшы екендігі жайлы жазылған.Қара түстілерді хэ ло бян-хэ ло шуо – «қара шор» деп атады.Шор атауы он оқ (бес дулат және бес нуфиби) тайпасы билеушісінің лауазым иесі.
Ербекші ата кесенесі
Әр өлкенің пір тұтар әзіз ұлдары болады.Ғасырлар өте ол кісілердің есімі халық жүрегінен орнын тауып,кез-келген кедергілерден аттап өтіп, көңілінде сақталып, қалады.Адамдар Алланың осындай сүйікті пендесі төңірегіне жіпсіз байланып,оны пір тұтып,әруақтарына сыйынып жүреді. Осындай қасиетті де киелі жайдың бірі Қарабұлақтан алты шақырым әріде ,Арыс өзенінің бойындағы биік төбедегі Ербекші ата кесенесі.Ол кісіні Бекжан ата немесе Бекші ата деп те атайды.Кесене түбінде ағып жатқан қасиетті Әулие бұлақ жайылып ағып, әуізге айналған.
Сиқым баба
Батыс Еуропа-Батыс Қытай күре жолының Машат асуының биіктігінде орналасқан. Дулат руының төрт атасының бірі. Қазақ шежіресі бойынша, Сиқым негізінен он атаға бөлінеді:Борас (Қарақойлы),Тоғатай, Шуылдақ (Байсейіт),Буас, Құлсейіт (Қусирақ),Ақылбек, Құттыбай,Есбол (Аққойлы), Есенгелді (Аққойлы мен Қарақойлы).Түрікмендер ішінде Аққойлы, Қарақойлылар бар. Олар XXIV-XXV ғасырда Әзірбайжан мен Арменияда билікке таласты. М.Тынышбаев оларды Дулаттан шыққан деп шамалайды.
Жаныс баба кесенесі
Жаныс баба кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында. Дулат тайпасынан шыққан. Кесене 2004 жылы тұрғызылды. «Жаныс бабаның ақжал арыстандары болған» деген ел аузындағы аңызға сәйкес, кесененің кіре берісіне қоладан құйылған айбатты қос арыстан бейнесі орнатылған. Кесененің табанынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 27метр, шаңырақтағы күмбезінің шеңбері – 9 метр. Кесене Жаныс баба тәу еткен Тәңіртаудың шыңдары тәріздес безендірілген. Қас бетінде «Жаныс баба» деген жазу мен таңбасы бар.Кесененің ішкі жағы сегіз қырлы (сегіз қанатты) болып салынған. Бұл Жаныс бабаның сегіз баласының болғанын меңзейді және әр қанатта сол аталардың шежіресі жазылған.
Жәлел ата
Жәлел атаны сайрамдық Ибрагим шейхтың туысы деген сөз бар.Бұл туралы жазба деректер қазірше табылмаған.Көпшілік қадір тұтқан Жәлел ата тақуа,өте діндар, ғылымға ден қойған екен. Манкент өңіріне Құран кәрім мен хадис негіздерін уағыздап, ол жерлерге мешіт, медресе ашуда көп еңбек сіңірген. Одан басқа жаугершілік замандарда сырттан басып кірген дұшпандарға қарсы жергілікті халықты бастап барып, аянбай шайқасқан. Соның бір дәлелі, Үшқорған төңірегіндегі соғыста Жәлел ата басқарған жігіттер жаудың үлкен күшіне қарсы тұрып, жауды аяусыз талқандаған. Осындай жеңістерден кейін Жәлел ата манкенттіктерді қорғанның сыртына шығарып, бау-бақша, егін егуге кеңес береді.Жәлел атаның көптеген оқымысты ұрпақтары мен шәкірттерінің аты-жөні халық жадында сақталған.
Мақаланы дайындаған Нұртілек ТҰРДЫМҰРАТОВ.