ШАТТАНДЫРҒАН ШАХЗОДА

Алматы қаласында 2005 жылы дүниеге келген және одан кіші жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ өтті.
Осынау дүбірлі додада Сайрам аудандық №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ең мықты деген жасөспірім спортшылары бақ сынады. Осы мектептің мұғалімі Шохрух Абдазимовтың шәкірті Шахзода Ахмадалиева (2006 жылы дүниеге келген) командалық есепте 2- орын алып, күміс алқаны иеленді.

Бұл жаңалық тек осы спорт мектебінің емес, ата-ананың және барша сайрамдықтардың қуанышы деуге болады.Бізге осы шуақты жаңалықты «Сайрам аудандық №1БЖСМ-нің» мұғалімі Бота Самекова жеткізді. Жүлделі орындарға ие болған спортшымыз бен жаттықтырушыны жетістіктерімен құттықтаймыз.
Оқырманға түсінікті болу үшін осы спорт түрінің ережесін айтайық.
Үстел теннисі (Пинг-понг) – белгілі ғимарат ішінде, арнайы ойын үстелінде арнайы ракеткамен ойналатын, шапшаңдыққа бағытталған спорт түрі. Егер қарсылас арнайы допты үстелден тыс жерге асырса немесе сіздің алаңыңызға түсіре алмай допты ракеткамен торға ұрса, сіз арнайы ережелер бойынша ұпай ала аласыз. Ойыншылардың бірі қателескенше шарды тез екі жаққа ұра береді. Қателескен ойыншы ұпай жоғалтады. Мынандай қателер: шар тордан өтпей қалады; ойыншы шарды ракеткамен соға алмай, мүлт кетеді; соққан шары столдың қарсылас жақ бетіне тимей кетеді; шарды столға тимей тұрып соғып жібереді. Міне, осылар жеңіліске әкеледі.
Н.Тұрдымұратов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған