ТІЛ—ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Мемлекеттік тіл ел бірлігінің өзегі екені анық.
«Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген. Тіл – ұлттың жаны, мемлекеттің тұғыры, елді біріктіретін басты құндылықтардың бірі. Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде тек қазақ халқының ғана емес, елде тұратын барлық этностардың ортақ қарым-қатынас құралына айналып келеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы: «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап өткен болатын. Бұл – жай ғана ұран емес, қоғамның даму бағытын айқындайтын нақты міндет. Бүгінде бұл үдерістің нақты нәтижесін өңірлерден, соның ішінде Сайрам ауданынан анық көруге болады.
Сайрам ауданы – көпұлтты өңір. Мұнда қазақтармен бірге өзбек, орыс, түрік, корей, неміс және басқа да этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әсіресе соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Бүгінде ауданның базарлары мен сауда орындарында, кәсіпкерлік нысандарында, қызмет көрсету саласында қазақша сөйлеу қалыпты құбылысқа айналған.
Кез келген дүкенге немесе базарға бас сұқсаңыз, сатып алушы мен сатушының қазақ тілінде еркін сөйлесіп тұрғанын көресіз. Бұл жерде ұлтқа қарап тіл таңдау сирек кездеседі. Өйткені қазақ тілі күнделікті тұрмыстың, сауданың, бизнестің, шаруашылықтың тіліне айналып келеді. Тілдің өміршеңдігі де осында. Тіл заңмен емес, ең алдымен қолданыспен дамиды.
«Өнер алды – қызыл тіл» дейді қазақ халқы. Осы нақылдың мәнін бүгінде өзге этнос өкілдері де жақсы түсінеді. Қазақ тілін білу – құрметтің белгісі ғана емес, заман талабы. Қазір мемлекеттік қызметте, білім беру саласында, кәсіпкерлікте, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілін меңгерген азаматтың мүмкіндігі әлдеқайда кең.
Бір кезде қазақ тілін үйрену қажеттілік пе, әлде таңдау ма деген сұрақ жиі қойылатын. Қазір бұл сұрақтың жауабы айқындала түсті. Қазақ тілін білу – қажеттілік. Сонымен бірге ол жастар арасында жаңа үрдіске, сәнге айналып келеді. Әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контенттің көбеюі, түрлі бейнероликтер мен подкасттардың танымал болуы, жастардың қазақша пікір жазуы осының дәлелі.
Мемлекет тарапынан да мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданда қазақ тілін оқыту және дамыту орталығы жұмыс істейді, тегін курстар ұйымдастырылады, құжат айналымының қазақша үлесі артты. Білім беру жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейді. Мұның бәрі мемлекеттік саясаттың нәтижесі, әрине. Қолдаймыз, қуаттаймыз.
Сайрам ауданындағы түрлі этнос өкілдері осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отыр. Өзбек ағайындардың қазақ тілінде еркін сөйлеп, кәсіп жүргізуі, түрік кәсіпкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылуы, орыс, корей, неміс жастарының қазақша білім алып, еңбек етуі – аудандағы татулық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі.
Бүгінде қазақ тілінде ән айтатын өзге этнос өкілдерінің қатары көбейді. Түрік те, өзбек те, орыс та, корей де қазақтың әндерін нақышына келтіріп орындайды. Концерттерде қазақша сөйлеп, халықпен мемлекеттік тілде тілдеседі. Бұл – қазақ тіліне деген шынайы құрметтің белгісі. Өйткені тілге құрмет – елге құрмет.
Қазақ халқы ертеден «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп келген. Қазақстандағы этносаралық келісімнің берік болуының бір сыры да – мемлекеттік тілдің біріктіруші күшке айналуында. Ортақ тіл адамдарды жақындастырады, түсіністікті арттырады, сенімді күшейтеді.
Бүгінгі таңда қазақ тілі тек мемлекеттік мәртебесі бар тіл ғана емес, қоғамның сұранысына ие тілге айналды. Ол ғылымның, білімнің, бизнестің, мәдениеттің және ақпарат кеңістігінің тілі ретінде дамуда. Бұл үрдіс Сайрам ауданында да анық байқалады. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері қазақ тілін күнделікті өмірде пайдаланып, оның қадір-қасиетін терең түсініп келеді.
Тіл – халықтың рухани қазынасы. Сол қазынаны сақтау мен дамыту баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекеттік тілдің мерейі үстем болған сайын елдің де еңсесі биіктей түседі. Қазақ тілінің төрден орын алуы – бір ұлттың ғана жеңісі емес, Қазақстанды мекендеген барлық азаматтың ортақ жетістігі. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – бүгінгі күннің талабы, ертеңгі күннің кепілі. Қазақ тілінің болашағы жарқын, өйткені оны құрметтейтін, қолданатын және дамытатын азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді.

Хусейн ПАЗАЕВ, М. Горький атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры. Сайрам аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *