ЖАС АҚЫННЫҢ ЖАРҚЫН ЖЫРЛАРЫ

 

Қазақ әдебиеті ғасырлар бойы халықтың рухани өмірінің айнасы болып келеді. Әдебиет арқылы ұлттың тарихы, мәдениеті, дәстүрі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілді. Бүгінгі таңда да бұл үрдіс жалғасын тауып, қазақ поэзиясының жалыны жастардың жүрегінде жаңғырып, жаңа буын ақындары өсіп келеді. Солардың бірі — Төлебек Амалхан Бекболатұлы.
Замандастарына үлгі боларлық жас ақындарының бірі, өзінің шығармашылығын қоғамдағы өзекті мәселелерге арнаған. Ол 1993 жылдың 11 сәуірінде Сайрам ауданында дүниеге келген. Бала кезінен әдебиетке құмар болып, алғашқы өлеңдерін 14 жасында жаза бастаған.

Отбасылы адам болғандықтан, Амалхан өз өмірлік тәжірибесін шығармашылығына бейімдеп, жастарды тәрбиелеу мақсатында көптеген өлеңдер жазады.
     — Қазақ ақындарының жолын жалғап, өлең арқылы жастарды ізгілікке, жақсылық пен шынайы махаббатқа, отанды сүюге тәрбиелеу басты бағыттарымның бірі, — дейді Амалхан Бекболатұлы.
Амалханның өлеңдерінің басым бөлігі қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды: ата-ананы қадірлеу, бала тәрбиесі, адал жар болу, білімге құштарлық ен туған жер – осындай маңызды тақырыптар оның шығармашылығының негізін құрайды.
Мәселен, «Ауыл» өлеңінде ауылдың жай-күйі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін былай жеткізеді:

Ауыл жаққа барып қайттым бүгін мен!
Ауыл жайын біліп қайттым бүгін мен,
Бәз-баяғы, жері жоқ еш бүлінген.
Айналайын, кіндік қаным тамған жер,
Қуат алдым иісі жұпар гүліңнен.

Бұрынғыдай ауыл іші жайнап тұр,
Оттан түспес қара қазан қайнап тұр.
Кең жайлауда жайылып жан-жануар,
Тоғайында құстар әсем сайрап тұр.

Ауыл солай жері жоқ еш өзгерген,
Десе-дағы жан аздайын көз көрген.
Жаңа буын жетіліпті аз жылда,
«Ауыл, сенен кетпеймін» деп сөз берген.

Біз білетін қарт қатары сирепті,
Тағдыры ауыр азаматтар күйрепті.
Бүгілмейтін белдері бар жандарды,
Өмір өзі аямастан түйрепті.

Жеңгелердің жүзін әжім басыпты,
Жалқаулардың үйінен құт қашыпты.
Қазыналы қарты бар үй жайқалып,
Жайдары күн шұғыласын шашыпты.

Сәйгүлігін баптап жүрген арытпай,
Інілер де ержетіпті алыптай.
Сәлем салып келіндер жүр ибалы,
Жарларына қызмет қып жалықпай.

Құмарланып иіскедім гүліңнен,
Ауылым тұр, еш жері жоқ бүлінген.
Балалықтың балдан тәтті белгісі,
Ауыл жаққа барып қайттым бүгін мен.

Ал, «Ана мейірі» атты өлеңінде ананың балаға деген махаббатын суреттеп, шын мәнінде аналар қандай құрметке де лайық екенін былайша жырлайды:

Әлдилеп, әлпештеген қойынға алып,
Ананың мейірімі мол бойында анық.
Алдымен шыңға шықсақ күш-қуаттың,
Анадан даритынын мойындадық.

Жыласаң байыз тауып, отырмаған,
Қайғыға қарсы жүзді топырлаған.
Ананың мейірленіп өсіргенін,
Ұқпайтын жан көбейді соқыр, надан.

Анаңның арманы асқақ, биік еді,
Қарғам, — деп, қабақ шытпай сүйіп еді,
Тапқанын, таянғанын саған беріп,
Суыққа тоңып, ыстыққа күйіп еді.

Құрметтеген анасын талай дана,
Шығарамыз мұны естен қалай ғана?
Ғазиз басын ардақтап баласының,
Адамдығын бақытқа балайды ана.

Анаңды ардақтауға ұмтылғасын,
Қарыздан білдің ешкім құтылмасын.
Кімде-кім АНАларды құрметтесе,
Білді Алла адамзаттың ұтылмасын.

Амалханның кәсіби жолы да әрқилы. Ол «ELNUR TV» телеарнасында корреспондент, журналист, редактор, және тв-жүргізуші ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы қызметін атқарады. Осы қызметтермен айналыса жүріп, шығармашылықпен айналысуға, замандас іні-қарындастарымен ізгілік тақырыптарында кездесіп сұхбаттасуға әрдайым уақыт табады. Амалханның ұйымдастырушылық қабілеті мен бастамашылдық қасиеті оны ұжым арасында ерекше құрметке ие.

Амалхан Төлебек Бекболатұлының білімі де жан-жақты. Ол 2010-2014 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандығын тәмамдаған. Кейін, 2015-2017 жылдары М.Әуэзов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған.

Жеке қасиеттері ретінде жауапкершілігі мол, ұқыпты, белсенді, және еңбекқор екенін атап өтуге болады. Ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжымға тез бейімделу қасиеті оны әрдайым алға жетелейді.

Амалханның шығармашылығы мен ұйымдастырушылық қабілеттері оған көптеген жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Ол «Атамекен патриоттары» клубының төрағасы, КазҰУ студенттер кеңесінің төрағасы ретінде жұмыс атқарып, ҚазҰУ «Студенттік көктем» байқауының поэзия жанры бойынша 3-ші орын иегері, «Сайрам таланттары» байқауының бас жүлде иегері, және «Қанекей тілім сөйлеші» байқауының 1-ші орын иегері атанды. Облыстық және Сайрам ауданында ұйымдастырылған көптеген байқауларда жоғары орындарға ие болып, марапатталған.

Амалхан Төлебек Бекболатұлының өмірлік мақсаты – шығармашылығы арқылы жастарды тәрбиелеу және қазақ халқының рухани мұрасын жандандыру. Өзінің кітап оқуға, өлең шығаруға және мақала жазуға деген құштарлығы оны үнемі дамуға итермелейді.
Сөз соңында оқырманға Амалханның бірнеше өлеңін ұсынсақ.

Бүгінгі сөз

Көз жасыңды көрсете алмай тықсаң,
Жамандыққа жақ болып қалмай жықсаң.
Күтіп тұр сен келер деп армандарың,
Тау басында тамаша талмай шықсаң.

Өткен күн оралмайды ойлай берсең,
Дұрысы жанға терең бойлай бер, сен.
Көңіліңді күпті еткен сауалдарға,
Қайдан жауап табасың ойнай берсең.

Айтқаның болмайды әркез жылап-күлсең,
Жай ғана ағар жылжып бұлақ білсең.
Өзенге барып қосыл, теңізге құй,
Тездеткін бұл сөзіме құлақ түрсең.

Ар-намысты жас ұрпақ келдік бүгін,
Біз ұстаймыз, ендеше, елдік туын.
Дүрсілдеген жүрегі Отаным деп,
Әрбір қазақ, ел үшін белдік буын.

Айырмасын енді ешкім маңдай, бақтан,
Дәм татсын жас ұрпақтар балқаймақтан.
Енді біз білім шыңын бағындырып,
Ел болайық күллі әлем таңдай қаққан.

***
Артты бұл күн мәселелер қоғамдық,
Адам бар ма жауап берер оған нық?
Тән дертінің алдын алдық, десек те,
Жан дертіміз жазылмай жүр, бодандық.

Сан сұраққа жауап таппай санадан,
Өз шындығын іздеп әлек сан адам.
Ойсыздыққа осыншама түсердей,
Кімдер біздің руханиятты қанаған?

Жалған намыс көкейлерде сайраған,
Жалған атақ дөкейлерді қайраған.
Албырт шақта ақыл тыңдап, ізденбей,
Ел тұтқасы болар екен қай балаң?!

Артты бәле аяушылық жоқтықтан,
Мейірім аз жұрт қарыны тоқтықтан.
Әлімжеттік жасайтындар көбейді,
Молайды жұрт панасызға соқтыққан.

Сырты момын, іші жауыз пенделер,
Тіршілікте тектен-текке сенделер.
Жан байлығын жүрегіне жинамай,
Адам қайтіп мұң дертінен емделер.

Өмір дейтін, тұрады ылғи күрестен,
Жеңілесің шығып кетсе бұл естен.
Жеңді түріп, қарекетің қыла бер,
Қайықтағы құламайды бір ескен.

Әділхан МАРАТҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *