ЖАС ГИМНАСТКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Көркем гимнастика — нәзіктік пен шеберлікті, күш пен үйлесімділікті талап ететін ерекше спорт түрі. Бұл спортта әрбір қозғалыс, әрбір қимыл әсемдік пен дәлдіктің көрінісі болып табылады. Көркем гимнастика әлемінде жетістікке жету үшін талмай еңбек ету, төзімділік және үлкен құлшыныс қажет. Осындай қасиеттердің барлығы жас гимнаст Аиша Алтайдың бойында бар.

Сайрам ауданының тумасы Аиша Алтай ауданымыздыңғана емес облысымыздың мақтанышы, көркем гимнастиканың жаңа жұлдызы ретінде танылуда. С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының 4 «б» сыныбында оқып жүрген Аиша көркем гимнастикада өз есімін асқақтатып келеді. Мектеп мұғалімдері де жас талантты қыздың болашағынан зор үміт күтетіндерін айтады.
— Аиша 4 жасынан бастап, көпшілік қыз баладай қуыршақтармен емес, гимнастикамен әуестенді. Біз де оның қызығушылығын құптап, Шымкент қалалық № 9 көркем гимнастика спорт мектебіне бердік. Әлия Жүсіпова әпкесін үлгі тұтады, — дейді анасы Ляззат Нсанова.

Ол алғаш рет гимнастика мектебіне қадам басқанда, мұндай үлкен жетістіктерге қол жеткізетінін ешкім ойламаған шығар. Алайда оның еңбекқорлығы мен шеберлігі жеңістерге жетелеуде. Аиша өзінің алғашқы жеңістерін «Adilbekova school» көркем гимнастика мектебінде жаттығу жасай жүріп, аз уақыт ішінде-ақ дәлелдеді.

2023 жылы Астана қаласында өткен көркем гимнастикадан ашық чемпионатта Аиша 3-орынға ие болды. Бұл оның үлкен жарыстардағы алғашқы табысты қадамы болатын. Дәл сол жылы Ташкент қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері Джамила Рахматованың жүлделеріне арналған «Грация Baby Cup» көркем гимнастикадан ашық клубтық турнирде де Аиша үшінші орыннан көрінді.

2024 жылы да Аиша жетістіктерін жалғастырып, Алматыда өткен көркем гимнастикадан ашық чемпионатта 2015 жылы туған гимнасткалар арасында 3-орынға ие болды. Ол үшін бұл жарыстар тек жеңіс пен медаль ғана емес, шеберлікті шыңдап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін кезеңдер.

Жас гимнасттың ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2023 және 2024 жылдары Тараз қаласында өткен көркем гимнастикадан Жамбыл облыстық ашық чемпионатта қатарынан екі рет 1-орынға ие болуы. Бұл жетістіктер Аишаның тек жоғары деңгейде өнер көрсете алатындығын дәлелдеді. Бұдан бөлек Аишаның облыстық, қалалық жарыстарда жүлделі орындары жетерлік.

Аишаның табыстарына оның жаттықтырушысы Рахметова Азиза Салаватовнаның қосқан үлесі зор. Азиза Салаватовна шәкіртінің әрбір жетістігіне қуанып, оның жаңа биіктерге көтерілуіне бар күш-жігерін салады.

Аиша Алтай өзінің еңбекқорлығы мен талантының арқасында алдағы уақытта да Қазақстанның атын асқақтата беретіні сөзсіз. Оның арманы – әлем чемпионатында ел намысын қорғап, үлкен сахналарда Қазақстан туын желбірету.

 

Н.Тұрдымұратов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *