Ең болмаса өлең тыңдайықшы…

✅Кейде таңдаудың оңайға түспейтіні белгілі. Бәрі маңызды, бәрі қат-қабат. Ойланасың. Бірақ бұйырған деген дүние бар. Сайрамға барып қайттым сөйтіп. Жай емес, әдеби әрі мәдени кешке. Жап-жаңа баспасөз хатшысымен танысып келдім Әлия Әуесбекова деген.

✅«Түркістан таланттары» жобасы былтыр облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың идеясынан туындаған. Бастау алғалы облыс орталығында, содан соң аудан, қалаларда өңір қаламгерлерінің кеші өткізіліп, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленіп жүр.

✅Бүгін тәрбиелік маңызы бар іс-шарамыз Сайрам ауданында жалғасты. Кеш кейіпкерлерінің екеуі де мықты азамат. Ауданның тумасы, қарымды қаламгер Нұрғиса Төремұратовпен және белгілі жас ақын Мұқағали Кенжетайұлымен кездесу өтті.

✅Алдымен келушілерге «Өлең – сөздің патшасы» тақырыбында жасақталған кітап көрмесі таныстырылды. Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым модераторлық етіп, кейіпкерлер шығармашылығын елге танытуға атсалысты.

✅Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Zhanat Shardarbekova және аудандық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов кешті ашып берді. Кеш кейіпкерлеріне Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың атынан алғыс хат табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

✅Кеш кейіпкерлері сахна төрінде жиналған көрерменге өлең оқып, келушілермен сырласты. Қаламгерлер жайлы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары ақындардың өлеңін оқып, әдебиетке асқан қызығушылық танытты. Әдеби-мәдени кеште ақындар сөзіне жазылған әндер шырқалды.

✅Айта кетейік, аталған жобаны өңірдегі қаламгерлердің өнерін қалың оқырманға таныстыру мақсатында Түркістан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалы және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесе ұйымдастырған.

Тұрсынай Шаметова. Түркістан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған