Шіркін, Шәмші! Қабырғалы қазақ барда аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқов жасай береді. Феномендік қасиеті бар тұлғаның жанында кезінде көп жүрген рухани жақтан үндес досы, атақты ақын Мұхтар Шаханов:
« Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан-таңға ән салдырған,
Өзің әнмен қарсы алдырған Шәмші едің,-
Зорсығанның көбісі құры сүлде,
Ешкім көзі тірісінде
Ән көгінен дәл өзіндей таба алған жоқ нар сенім,
Қандай ғажап кереметің бар сенің…» деп басталатын «Қалдаяқов өзені» атты өлеңінде барынша тамсана, композитордың сан қырын ашып, жырлаған еді.
Осынау айтулы күн Шәмшінің туған күніне орай Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, денешынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, ҚР Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, «Сағындым Шәмші әндерін!» атты іс-шара ұйымдастырды.. Сайрам ауданының орталығы Ақсуда орналасқан «Манкент» шипажайындағы демалыс кешеніндегі салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол:
— Халқымыздың ән өнерінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған Шәмші Қалдаяқов күллі Қазақстан халқының ортақ мақтанышы. Жарты ғасырдан астам еліміздің кең байтақ даласы мен шырқау көгінде қалықтаған қайталанбас Шәмші әуендері ХХІ ғасырды да ерекше сазымен асқақтатуда. Сондықтан да, оны қазақ халқы аса құрметпен « Қазақ вальсінің королі» — деп орынды мақтан етеді. Біз сайрамдықтар сіздерге мәдени демалыс сыйлау үшін осындағы басшылармен келісіп, алдарыңызға келіп отырмыз,-деді.
Әйгілі сазгерге арналып, демалушыларға рухани-мәдени демалыс сыйлаған іс-шарада аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары зор ынта-ықыласпен өнер көрсетті. Кешкі шипажайдың қалың ағаш толы арнайы демалыс алаңында Шәмшінің әндері шарықтады және театрландырылған сахналық қойылым көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әскер Құлданов кеш сценарийін тамаша жазыпты. Көңілді әрі ойға жетелейтін осынау кеште Сайрам ауданының атағын шарықтатқан Қазақ халық театры, «Ақсу» халықтық фольклорлық ансамблі, «Ғұнча» халық ансамблі, эстрада әншілері, және «Самұрық» би тобы өнер көрсетті. Жалпы, ауданымыздан 50-ге жуық өнерпаздар қатысты. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген шипажайдағы 300-ден астам демалуышлар концерттік бағдарламаны тамашалап, сайрамдық өнерпаздардың талантын жоғары бағалады. Шипажайдағы демалушылар арасынан Ақтөбе облысынан келген Есет Оразбаев ағамыз ауданымыздың мәдениет қызметкерлерінің өнеріне риза болып, мынадай әңгімені ортаға салды.
«Шәмшінің әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікпен әуестігі жоқ еді. Сондықтан бұл қасиет бала бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек.Шәмші Қалдаяқов пиониноны да, домбыраны да жосылта тартқан.Үшіншіден, қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар.Лирикалық әндеріне қарай Шәмшіні „Қазақ вальсінің королі„ деп атап кеткен.Шәмші Қалдаяқов әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», — деген екен. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Байқау талай таланттардың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді. Ш. Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т. Ахметов) деген деректі телефильм түсірілген. Атақты сазгердің әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың аса дарынды ақындары сөз жазып берген.»
..Біз концерт бітіп, тамыздың тамылжыған түні момақан күйге түскенде , қайтып бара жатып, демалушылардың «Арыс жағасында» әнін айтып жатқанын естідік.
Нұртілек Нұрғисаұлы.