АУДАН ӘКІМІ СПОРТШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

 

 

Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Қоғамның әл-ауқатының басты көрсеткіші — адамның денсаулығы десек, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті болады.

Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде аталып өтеді.

Осыған орай, Спорт күні қарсаңында «Қайрат» стадионында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шарада аудан әкімі Арман Сәбитов спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің аудан спортшыларымыз республикалық және облыстық жарыстарда 11 алтын, 18 күміс пен 26 қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосинов, Иорданияда өткен Азия чемпионатында жүлделі үшінші орынға ие болған Иманғали Қалдыбек сынды спортшыларымызбен мақтанамыз! Ауданымызда дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану жаппай өрістеп, тұрғындарға барынша қолжетімді болу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін!», – деді өз сөзінде аудан әкімі Арман Сәбитов.

Мерекелік кешке спорт ардагері Көпбосын Әлиев қатысып, лебізін жеткізді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Сәбитов Сайрам ауданының спорт саласына еңбегі сіңген азаматтар мен жас спортшыларды марапаттады.

Айта кетейік, қазір ауданда 9 спорт мекемесі жұмыс істейді. Қазір ауданда спорттық инфрақұрылым жаңартылып, жаңа спорт кешендері мен алаңдары салынуда. Бұл бастамалар жүйелі істермен жалғасын таппақ.

 

Н.ТӨРЕМҰРАТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған