МӘСЕЛЕНІ ХАЛЫҚ ШЕШЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауындаелімізде атом электр стансасының құрылысына қатысты референдум 6 қазанда өткізілетінін айтты. Бұл — еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын маңызды бастаманың бірі.

Қазір дамыған және дамушы елдерде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс жасап тұр.Бұл ең алдымен энергетикалық тәуелділіктен құтқарады және жаңа жұмыс орындарының санын арттырады. Ел игілігі жолындағы батыл қадам бізде де іске асуы керек деп есептеймін.

Сөйте тұра, атом электр стансасының құрылысына атүсті қарауға әсте болмайды. Аталған мәселеде бірнеше шараларға баса мән беру керек. Атап айтсам, атом энергиясын өндіру үшін кадрларды даярлауға мықтап назар аударуымыз тиіс. Жоғары оқу орындарына осы сала бойынша мамандықтарға көңінен енгізгеніміз жөн. Мектепте де осы жұмысты алдын ала пысықтаса, яғни арнайы сабақтар өткізсе артық болмайды.Сонымен қатар қоршаған ортаның қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Осы қауіптен қорқатын адамдар көп болып тұр. Бұл орынды да. Сондықтан білікті мамандарды тарта отырып, бәрін ашық әрі талапқа сай жасаса кім-кімде де сұрақ туындамайды деп ойлаймын.

«Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасының заңының жобасына аса айрықша көңіл бөлінсе деймін.Өйткені электрді өндіру бар да, оның қалдықтарын іске жарату, бастысы — қоршаған ортаға зиянын тигізбеу мәселесі өзекті. Адамның денсаулығынан артық ештеңе жоқ.

Атом электр стансаның құрылысы осы талаптарды ескере отырып, жүзеге асырылса, ешқандай қарсылығым жоқ. Өйткені біз, ардагерлер кеңесі, әуелі халықтың амандығы, сосын ғана сол арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жоғары болғанын қалаймыз. Осы бастаманы қолдап отырғандағы ойымыз да сол.

Бір анығы, энергетика мәселесі референдум арқылы шешілетіні дұрыс болды. Өйткені Президент энергетикалық қауіпсіздік әрі-беріден соң мемлекеттік қауіпсіздікке байланысты екенін айтты. Сондықтан мұндай ауқымды мәселені халықтың шешкені — құптарлық жағдай.
Ғ. Сердалиев.
Сайрам ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған