Адамзат жаралғалы бертін келе ұлт пен ұлысқа бөлінгені ғылыми тұрғыда дәлелденген үдеріс деуге болады. Жер бетін мекен еткен әрбір ұлт пен ұлыстың жеке құндылықтары өзіне тән болып келеді… Жұмыр жер мен он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық.Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы». (Хужурат сүресі, 13-аят) Сондықтан әрбір ұлт өз болмысы мен тегін ұмытпай, бабаларынан қалған салт-дәстүр болсын, әдет-ғұрып болсын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.
Рас, сақталып келетін салттар бар болғанымен ұмытылып бара жатқан дәстүрлер де ел арасында кездеседі. Кеше сыйлап жүретін әпкеміз әрі қоғам белсендісі Зумрад Ахметованы жолықтырдым. Қашанғыдай аман-саулықтан соң әңгімеміз қоғамдағы жаңалықтар мен ұлттық құндылықтарға ойысты. Ол кісі ауыл-аймақтағы естен шығып бара жатқан мынадай салтты әңгімелеп бергенде біраз ойға берілдім. Ал сол ескі дәстүрдегі айтылатын әннің мәтінін қазақшаға аударып, оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Сонымен апамыз былай дейді:
- Әр маусымның өз еркелігі, қырсықтыға да бар. Егінші мен малшыға жаңбыр керек болса, табиғат-ана жаңбыр бермей, жаз айларында жеміс-жидек піскен кезде қатты жел соғып, егіннің бәрін бүлдіреді. Кейде ерте көктемде де жел соғып, жеміс ағаштарының гүлі ұшып, өнім бермейтіндей қауіп болады. Ертеде өзбек халқы осындай кезде желді тоқтатуға тырысқан. Қазақстандағы Түркістан облысының Сайрам, Қарабұлақ, Көлкент ауылдарында тұратын өзбектер арасында «Шай момо» деп аталатын дәстүр сақталған еді. Қазір ұмытылып барады. Мәселен Қарабұлақта бұл дәстүр (рәсім) былай өткізілген: Жел соғып тұрғанда екі кемпір ескі киім киіп, бетіне қара күйе жағады да, қолдарына айыр алып, оның ұшына түрлі қауырсын, жіп байлап, шүберек киіп, беліне белбеу байлайды. Сосын бірі тақиясын киіп, жолға шыққан. «Шәй мама» әні осы кезде желге қарсы тұрып айтылады. Есейген қыздар матамен бастарын бүркеп, әжелерінің артынан еріп, айтылған әнге қосылып жүрген… Бірнеше ұл болса, қоржыны ілінген есектерге мініп, үйлерден садақа жинап жүретін болған. Есекті сабанмен, жұмсақ сыпырғышпен айдап, арамшөп сабақтарын сүйретіп жүріп, ән салған. Ән біткен соң, адамдарға айыр беріледі де, жұрт «басылсын, басылсын» деп қашып кетеді. Сосын жиналғандарға ұн, күріш, май және әртүрлі заттарды тарататын болған. Ер адамдар ақша береді. Рәсімнен кейін жиналған қайырымдылық есебінен құдайы тамақ берілген. Үлкендер немесе ауыл молдасы әруақтарға Құран бағыштап, Алладан амандық сұрап, шүкіршілік білдіреді. Адам ұшырар желдің тоқтауын айтып, ғибадат жасаған. Ізгі тілегімен құлшылық етеді. Осы рәсімнен кейін Алла қолдаса, соңынан жел басылып қалатын болған-дейді. Мұндағы «Шай момо» сөзінің шығу төркінін ешкім тап басып айта алмайды. Шамасы «шай» сөзі суық жел тұрып, адамның «іщәй-ии,,, щәй» дегенінен де шығуы мүмкін. Қалай болғанда да адамның сенім, үміті алға шығып, осы бір салт орындалатын болған.Ән былай айтылады:
- Шәй, шәй, шәймама,
Шәй мамасы өліпті.
Ұлы жетім қалыпты,
Баса-баса беріңдер,
Басылып қалсын бұл самал.
Үге-үге беріңдер,
Үгіліп қалсын қу самал.
Төге-төге беріңдер,
Төгіліп қалсын бұл самал.
Баса-баса беріңдер,
Басылып қалсын бұл самал.
Шәй, шәй, шәймама,
Шәй маманың анасы
Ағама да барыпты.
Төге-төге беріңдер,
Төгіліп қалсын бұл самал.
Баса-баса беріңдер,
Басылып қалсын бұл самал.
Ал өзбекшесі былай айтылады:
«Шай момо» әні
Чой, чой ,чоймомо,Чой момоси улибди.Уғли етим қолибди.Боса- боса беринглар,Босилиб қолсин бу шамол.Уга-уга беринглар,Угилиб қолсин қув шамол.Тука- тука беринглар,Тукилиб қолсин бу шамол.Боса- боса беринглар, Босилиб қолсин қув шамол.Чой, чой, чоймомо,Чой момонинг онаси, Амакимга борибди.Боса — боса беринглар, Босилиб қолсин қув шамол.Чой, чой, чоймомо,Чайилиб қолсин қув шамол.
Міне, сіз бен біз біле бермейтін осындай салт-дәстүрдің табиғат тылсымына қарсы айтылар адамзат әрекеті де болған. Сіз қандай ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр немесе әдет-ғұрыпты білесіз, қадірлі оқырман?
Н. Аяптегі.