► Талаптың мініп тұлпарын…
Кешегі Мағжан Жұмабаев жыр арнаған «көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» жастар кемел келешектің кепілі екені даусыз. Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын екені бесенеден белгілі. Ал, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңынан бастап жастар мәселесі – мемлекеттің басты назарында. Біз де ауданымыздың талантты да, талапты жастары туралы шама келгенше әңгімелеп, қолдан келгенше қолдау көрсетіп келеміз. Осы үрдіс бойынша бүгін тағы бір өнерлі жас өреніміз жайында әңгіме өрбіткелі отырмыз.
Ол – Ерсін Аман. 2004 жылы Қарасу ауылдық округінде дүниеге келген жас жеткіншек өнерімен көпшіліктің көңілін баурап, түрлі деңгейдегі байқауларда аудан абыройын асқақтатып жүр. Ата-анасы Әлжан Тағаймұратов пен Беренгүл Айтуарова да өнер ауылынан алыс емес.
— Әкем домбырашы, анам №1 емханада медбике болып жұмыс істейді, ол да гитарада ойнайды. Өнер жолын таңдауымның бірден бір себебі де осы. Ата-анам менен қолдауларын аяған емес. Жетістіктерім бірінші солардың арқасы, екіншіден №1 балалар музыка мектебінде білім берген Людмила Николаева мен Изенова Мөлдір апайларымның жемісі деп білемін, — дейді Ерсін.
Е.Әлжанұлының бағындырған белестерін былайша баяндауға болады: 2017 жылы Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс оқушылары арасында өткен «Өнерімді еліме арнаймын» байқауында дәстүрлі ән бойынша 3-орынды иеленген. Осы жылы «Таңғы шұғыла» мега-тележобасы халықаралық шығармашылық фестивалінде 1-орынға қол жеткізсе, «Жырым сенсің, туған жер» облыстық байқауында дәстүрлі ән номинациясы бойынша 2-орынға тұрақтаған. Ал, 2018 жылы «Burabay Summer Fest» І Халықаралық жасөспірімдер таланттарының фестивалінде 3-орынды, 2019 жылы облыс оқушыларының «Болашақ жұлдыздар – 2019» байқауында вокал жанры бойынша 2-орын иегері атанған. Сондай-ақ, Төле би бабамыздың 360 жылдығына орай Түркістанда өткен «Бабалар рухы үн қатты» атты термешілер байқауында топ жарып кіші буын термешілер арасында бас жүлдені қанжығаға байлаған болатын. Бұдан бөлек, республикалық, халықаралық байқаулардың номинанты болған.
— Ерсін бала кезінен өнерге бейім болды. Сондықтан 4-сыныптан бастап оны Ақсукенттегі №1 балалар музыка мектебіне бердік. Ол жақта аккордеон және дәстүрлі ән бойынша 5 жыл білім алып, мерейімізді үстем етіп келеді, — дейді ұлына риза әкесі.
Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дәстүрлі ән мамандығының студенті.
Жас өнерпазымыздың алға қойған мақсаты биік. Өнер жолында өссем, өркендесем деген арманы бар екенін де жасырмады.
Олай болса, отбасының ғана емес, ауданымыздың мақтанышы болған Ерсінге алар асуларың биік болсын, дейміз. Жастарымыз жағымды жаңалықтарымен қуанта берсін.
Әділхан МАРАТҰЛЫ.