ӨНЕРДЕГІ СЫРБАЗ ЖІГІТ

… Ізімен еріп көненің,
Өнермен бірге өнемін.
Жырымды арнап халқыма,
Сөзімді маржан теремін.
Отбасым — менің байлығым,
Өмірде сол ғой сенерім.
Өмір дейтұғын сабақтан,
Әркім де алар керегін.
Сөз қалдырған данадай,
Көп болсын елге берерім.
Қолдаушым болып тұрсаңдар,
Қорғандай сөзді төгемін.
Болысқанға көп едім,
Болмағанға шөл едім,
Өнерде кеме-қайықтың
Ескегін есіп келемін.
Бұл дарынымен дараланып, талантымен танылған Сайрам ауданының азаматы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, денешынықтыру бөлімінің қызметкері Мейірханның өзін көпшілік ортаға танытатын өлеңінен үзінді. Иә, әлі 40-қа толмаған, бірақ жасын жырларымен жарқырап көрініп жүрген кім десеңіз, осы жігітті айтуға болады. Ол – жыршы, ол термеші, дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындаушы. Кейде мәртебелі меймандар келетін жиында алдымен концерттің «бісмілләсін» төкпе жырмен бастап, іс-шара беташарын бастайды. Тойлардағы арынды сөзімен ағып тұратын асабалығы бір бөлек. Беташар демекші, оның келінннің бетін ашып, ғибратты жырларымен талайдан алғыс алған кездері көп. Бастысы, суырыпсалма өнерімен Оңтүстік өңірінде айтыстың ажарын ашып, тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын дара өнері бар. Ол жасынан өнерге құмар болды, төңірегіндегі текті жандарды жағалады. Ананың ақылын, әкенің тәрбиесін бойына сіңірді. Арғы бабаларынан қалған, өміріне соны азық қылып алған дарындылықты меңгерді. Жаратқанның пендесіне берген нығметі деңіз мұны.
Мейірхан Тұрсынбаев Халмағамбетұлы 1986 жылы қараша айының 25-інші жұлдызы күні Ташкент қаласы, Бөке ауданында өмірге келген. 1993 жылы Сайрам ауданының Сайрам ауылына қоныс аударып, сол жердегі N 91-ші жалпы орта мектебін аяқтаған. Мектеп табалдырығынан бастап, жас ақындар айтысына, термешілер мен дәстүрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 2004 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, сол оқу орнын 2008 жылы тәмәмдап, 2009 жылы Сайрам аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасты. Күні бүгінге дейін осы жерде қызмет етіп келеді. 2009 жылдан бері бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық ақындар айтысында Сайрам ауданының намысын қорғап, жоғары орындарға ие болып жүр. Шығармашылық жолында Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына арналған Халықаралық ақындар айтысына қатысқан. Сол сәтте жасындай жарқыраған. 2006 жылы Оңтүсті Қазақстан облыстық (сол кездегі атауы бойынша) «Жас ақындар» айтысына қатысқан. Оның сөздік қоры мол екенін байқаған белгілі айтыскер, халықаралық дәрежедегі танымал ақын Бөрібай Оразымбет «Болатын бала. Жиі ізденіп, қазақтың қабырғалы сөздерінен тағылым алса, жұлдызы жанатын осы – Мейірхан болады» деп бағалаған еді. Мейірхан 2007 жылы облыстық термешілер байқауына қатысып, өзгеше өнерімен арнайы жүлдеге ие болған. 2020 – 2023 жылдар аралығында облыстық ақындар айтысына қатысып, тек 1, 2- орындарға ие болса, отбасылық байқаулардан Бас жүлде мен 1- орындарды жеңіп алып, жүрген абыройлы азамат. Ауданның атқамінерлері де оның талантына құрметпен қарайды.

Бірде Мейірхан маған арнайы мына естелікті айту үшін жұмысқа келгені бар. Қарасам, жігіттің бойын шабыт кернеп, шарықтағалы тұрғандай көрініп тұрды. « Аға, білесіз, Біржан мен Сара айтысы — қазақтағы айтыс өнерінің озық үлгісі. Айтыстың 1871жылы қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өткені тарихтан белгілі. Бұл айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялапты. Сол айтыста атақты Біржан Сараны әдейі дөрекілеу сөздермен айтысқа шақырады ғой. Анадан, әжеден көрген тағылым бойынша ақын Сара біраз әдеп сақтайды. Еркектің алдынан жүгіріп шықпайтын қазақ қызының мінезіне салады. Қыз ұялғанынан көріспеген соң, Біржанның айтқаны:

– Мен Біржан қызға бармас аяғымнан,

Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан.

Бері кел, ұрғашылық қылма, жаным,

Дәндеме наймандағы саяғыңнан.

Найманның болады екен қызы надан,

Үлгісіз қандай халық түрі жаман.

Ағаға іні келер біздің елде,

Көп боп па сұрасуға есен-аман.

Баласы Қожақұлдың Біржан салмын,

Сен түгіл, сенен артық құмар маған.

Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас,

Жібек жал арғымақпен тұмарланған,

Алмайтын еркек тілін жының бар ма,

Адам деп сөз айтамын, Сара, саған! –дейді ғой, Сонда Сараның берген жауабы былай екен:

– Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың,

Сөз білсең, бұл да сенің жамандығың,

Қиссасыл әнбиеден естімеп пе ең?

Белгілі мәлім болды надандығың.

Адамды топырақтан жаратты хақ,

Надандығың білінсін, бұл сөзге бақ.

Хауаға бұрын барған Адам ата,

Жоқ па еді, есіткенің мұны да ақымақ.

Данышпан, білгіш қой деп ойлаушы едім,

Арғын да жүр екен ғой жоқты мақтап.

Найманда екі жүзді наркескенмін,

Желкенді қимақ үшін қойған саптап.

Тозаңың анда-санда бір бұрық етер,

Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.

Күн көргелі келдің бе, мұнда арғын,

Жинауға сынық малта найманды ақтап,

Артыңның ашыларын білмейсің бе,

Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап.

Жерге кіріп кетерсің жынды антұрған,

Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.

Делбелігі емес пе Біржан салдың,

Кісісін жеңетұғын жаңа тапты-ақ.

Талпынған жас баланың білегіндей,

Қолымды ұстатпаймын сен итке аппақ.

… Бұл жерде Сара қыздың да шабыты келіп, төге салған ғой. Алайда «аспандағы аққуға үнін қосқан» Біржан ақынның Сара қыздың нәзік жерін тауып, оны айтыстан жеңіп кеткені белгілі.» дегені бар. Сол сәтте өткеннен өнеге алып, қазақы дәстүр мен баға жетпес қазыналы айтыс өнеріне шындап кіріскенін сезіп, Мейірханға риза болғанмын.

Мейірханның жұбайы Айкерім Байхожаева Алшабекқызы 1987 жылдың 9 қаңтарында Өзбекстан Республикасы Шыназ ауданында дүниеге келген. Алдымен Шымкент әлеуметтік – педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша дипломға ие болып, 2009 – 2013 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы ОКМУді музыкалық білім бойынша аяқтаған. Ол да Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Ақсу әуендері» вокалды аспапты халықтық ансамблінің белді әншісі. Қызметін ғұмырлық серігімен бірге абыроймен атқарып келеді. Жаны нәзік жас ана бүгінде отбасының ұйытқысы, көптің алдында беделі өскен отағасының аяулы жары. 3 баланың анасы, білім мен өнер саласын қатар алып жүрген өнер иесі өз балаларымен қатар талай талапты шәкірттер тәрбиелеуде. Ал, Мейірхан Халмағамбетұлының бойындағы екі адамның бірінде кездесе бермейтін ақындық өнерін ұлы Бекарысқа дарытып жүр. Балапан кезде баулыса алмайтын белесі болмас. Отанасы Айгерім еліктей екі қызы Айғаным мен Айеркеге ән айтқызумен қатар, музыкалық аспапты үйретіп, бойларына атадан келе жатқан өнерді сіңіріп жүр. Сонымен қатар білім алу жолында да балалары оқу озаттары. Түрлі байқау, олимпиадаларды жүлде алған. Осы орайда аудандық Қ. Жандарбеков атындағы мәдениет үйінің әдіскері, үнемі өнерпаздарға қолдау көрсетіп жүретін Гаухар Тукенова: «Мейірханның бастамасымен бұл отбасы облыстық бірнеше отбасылық сайыстарға қатысып, Бас жүлде мен 1- орындарды қанжығаларына байлаған жағдайлары бар.» дейді. Алдымен әріптестерден оң баға алып жатудың өзі мықтылық қой. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген осы. Әрине, М. Тұрсынбаевтың сабырлы мінезі мен сырбаз кейпі мұндай сөздерге үйренген сынды. Оның мақсаты сол, аудан абыройын асырып, өнердегі өлшеусіз дарынын жұртқа сарп ету. Біз оған сенеміз. Қырығында қамал алып жатса, тағы сүйіншілеп жатамыз. Оған киелі өнерде құндылық бағасын жоғалтпай, өрге қарай өрлей беруіне тілектеспіз.
Н.Аяптегі.

One thought on “ӨНЕРДЕГІ СЫРБАЗ ЖІГІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған