Түркістан облысы, Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетіне оқудан тәжірибеге келген өрімдей қыздың талабына сүйсіндік. Өз ауданымыздың тумасы екен. Ізденіммпаз, білуге құштарлығы байқалып тұрды. Аудан әкімдігіндегі жиындарға, аудан орталығындағы іс-шараларға барды. Олардан өз ойын құрап, газетке мақалалар да берді. Әңгімелесе келе сайтымызға мақала беруді сұрандық. Патриоттық тақырыпты меңзеген едік, бірден Мемлекеттік рәміздер туралы жазуды құп көрді. Осылай төменде әдемі әсерден туған материал дайын болды. Дайындаған:Ноғайбай Жанерке Абайқызы. Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУдің журналистика факультетінің 2-курс студенті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деген жалынды ұранның халыққа күш-жігер беріп, ұлттық рухты асқақтатқанын жеткізді.
Президенттің пайымдауынша, ғасырлар тереңінен жеткен осы ұлы дәстүр ұрпақ сабақтастығы арқылы бүгінгі күнге жетті. Көк байрақ – еліміздің егемендігі мен бірлігінің символы болса,елтаңбамыз – дербестігіміздің айқын көрінісі, ал Әнұранымыз – азаттық пен елдіктің асқақ үні. Мемлекеттігіміздің осы үш негізгі белгісі күллі халқымызға ерекше жігер беріп, әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатады. Себебі, бұл рәміздер – өткен бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманының жемісі. Осыған орай, Ту, Елтаңба және Әнұранға қатысты қызықты деректер топтамасын ұсынбақпын.
КӨК ТУ
Көк байрағымыз терең мағынаға ие қасиетті нышан.Оның мазмұны халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Осыған байланысты еліміздің мемлекеттік рәміздеріне қатысты көпшілік біле бермейтін қызықты мәліметтер бар.Мемлекеттік Тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Тудағы көк түс түркі халықтары үшін ерекше мағынаға ие, ол шексіз аспанды, тыныштықты, татулық пен бірлікті білдіреді. Ал қыран құстың бейнесі тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке ұмтылысын көрсетеді. Көптеген елдердің рәміздерінде кездесетін бүркіт ежелден еркіндік пен биліктің белгісі ретінде қолданылған. Сонымен қатар ол қырағылық пен батылдықтың нышаны.
Мемлекеттік Туға арналған байқауға 1200-ге жуық шығармашылық өкіл қатысып, 245 түрлі жоба ұсынылған. 600-ден астам адам өз пікірін білдірген. Туға қатысты арнайы ереже бойынша ол үнемі оң жаққа қарай желбіреуі қажет. Сондай-ақ барлық мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Туы міндетті түрде орналастырылады.Қазақстанның туы Батыс Еуропаның ең жоғарғы «Монблан» биігіне (4 810 метр) көтеріліп орнатылды. Азиядағы Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және де бүкіл әлемнің ең биік Эверест шыңында (8 800 м) Мемлекеттік Туы желбіреп, мемлекеттік Әнұран шырқалды.Бұл мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе.
Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің сапары кезінде Мемлекеттік Ту Жерді 150-ден астам рет айналып шықты.
ЕЛ ЕЛТАҢБАСЫ
Мемлекеттік Елтаңба – ел тәуелсіздігін айқындайтын маңызды нышандардың бірі. Онда шаңырақ, уықтар, қос пырақ және жұлдыз бейнеленген. Бұл белгілер бірлік, тұтастық және ел қуатын білдіреді. Елтаңба азаматтың жеке басын куәландыратын ресми құжаттарда міндетті түрде көрсетіледі. Бұл адамның өз мемлекетімен байланысын білдіретін ерекше белгі.
Қазақстанның Елтаңбасына арналған байқауға 293-тен астам жоба ұсынылып, жеңімпаздарға 20 мың рубль көлемінде сыйақы белгіленген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қызығы Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов бір-бірін көрмесе де, олардың жұмыстары бір-біріне өте ұқсас болып шыққан. Елтаңбадағы 72 уық «Бір ел, бір халық, бір мақсат» идеясын бейнелейді.
ҚАЗАҚСТАН ӘНҰРАНЫ
Әр мемлекеттің Әнұраны халық тарихын, өткені мен бүгінін байланыстырып, болашаққа бағыт береді. Сондықтан оны мемлекеттің рухани үні деуге болады. Алаш қайраткерлері қазақ жасақтарының рухын көтеру үшін алғашқы әнұран үлгісін жазған деген пікір бар. Оның авторлары ретінде Жүсіпбек Аймауытов пен Міржақып Дулатов аталады.
Алғашқы Мемлекеттік Әнұран 1992 жылы көптеген жобалардың ішінен таңдалған. Оның мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Қазіргі Әнұран 2006 жылы 7 қаңтарда ресми түрде қабылданды. Негізіне Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні алынып, мәтініне толықтыру енгізілді. Жаңа Әнұран алғаш рет 2006 жылы Президентті ұлықтау рәсімінде орындалды. Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп апайдың айтуынша, ән мәтінінің алғашқы екі шумағы 1956 жылы Қарағандыда жазылған. Бұл ән елге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген мақтаныш сезімін бейнеледі. Сонымен қатар, Қазақстан заңнамасында мемлекеттік рәміздерге қатысты арнайы баптар қарастырылған.